Макронның сөзіне ашуланған Украина мен Болгария Францияға қарсылық нотасын жолдады
Украина мен Болгария Франция президенті Эммануэль Макронның "заңсыз мигранттар" туралы сөзіне байланысты Францияға қарсылық нотасын жолдады.
1 қараша күні Valeurs Actuelles журналына берген сұхбатында Макрон Украина мен Болгариядан келетін "заңсыз мигранттардан" гөрі Гвинея немесе Код-д'Ивуардан заңды мигранттар келгені дұрыс деп айтқан. Макронның бұл сөзін Украина мен Болгарияның ресми орындары сынады.
Болгария 4 қарашада Софиядағы Франция елшісін шақыратынын айтты. Ал Украина Франция елшісін 1 қарашада шақырып, мәселені түсіндіруді талап еткен. Украинаның сыртқы істер министрігінің хабарлауынша, елші Макронның сөзі контекстен алынып, бұрмаланды деп айтқан.
"Елші Францияның ол жаққа саяхаттап баратын Украина азаматтарына еш қарсылығы жоқ екенін айтты" делінген СІМ мәлімдемесінде.
"Ешкімнің болгар және украин халқының ар-намысына тиюіне құқығы жоқ" деді Болгария премьер-министрінің орынбасары Красимир Каракачанов.
Valeurs Actuelles журналына берген сұхбатында Эммануэль Макрон заңсыз мигранттардан гөрі "көші-қонның квота негізінде" жүзеге асырылғаны дұрыс деп айтқан.
"Мен Болгария немесе Украинаның заңсыз миграция арналарынан гөрі Гвинея немесе Код-д'Ивуардан адамдардың заңды келіп, жұмыс істегенін дұрыс көрем" деді Макрон.
Болгария "Макрон пакеті" деп аталатын Еуропа комиссиясының заңсыз жүк тасымалдауға қатысты реформасына қарсы шықты. Софияның пікірінше, бұл реформа орталық және шығыс Еуропадан келетін жүк көліктері арасында бәсекені жояды.