Мақтаншақтық пен мақтан тұтудың ара-жігін ажыратып алу қажет
Ғылыми анықтама бойынша кемшіліктер кешені – адамның психологиялық және эмоционалдық сезімдерінің бұзылуымен сипатталатын ауру, ол өзінің кемшілігін сезінеді және айналасындағы адамдардың өзінен артықшылығына қисынсыз сенеді. Қазіргі уақытта бұл ауру кең таралған, оның рудименттерін әр адамда кездестіруге болады.
Бұл таза психоаналитикалық анықтама, енді осы мәселенің себептерін анықтасақ, адам өзінің қалыптасуы барысында толық кешенді тәрбие, материалдық және әлеуметтік игіліктерді толық алмаған жағдайда болады, үшінші тараптың қасақана әсерін де естен шығармау қажет.
Қазақ халқының тарихында ұлы даладан шығып, дүниежүзіне аты жайылған тұлғалар көп. Әл-Фараби, Сұлтан Бейбарыс сынды тарихи тұлғалар әлемдік мәдениет пен өркениеттің дамуына тікелей өз үлесін тигізді. Шығыстанушы ғалым Әбсаттар Дербісәлі зерттеулеріне сәйкес, тек Фараб қаласынан 34 «Фараби» шығып, ислам ренессансының орнауына өлшеусіз ғылыми еңбек сіңірді. Тіпті Осман империясын құрған оғыз түркілері бүгінгі таңдағы Түркия Республикасы, Анадолы түріктері өздерінің тарихи отаны ретінде нақ осы қазақ даласын «Атажұрты» санайды. Оған қоса, Еуропаның ортасында Мажарстан, яғни Венгрия жеріндегі қыпшақ тегі бар адамдар өздерінің тарихи отаны дала екенін біледі.
Сондықтан қазақ үшін бауырынан шығып, жер жаһанға жар салып, әлемдік тарихтың барысына әсер еткен тұлғалар да, жағдайлар да жетерлік. Бұл біздің тарихи жадымыз үшін жаңа нәрсе емес.
Жалпы, түркі елдері үшін үлкен еңбек сіңіріп, Самарқан сынды шаһардың негізін қалаған Жалаңтөс баһадүрдің қазақ тарихында алар орны ерекше. Бұл сынды тарихи тұлғалар түркі жұртына ортақ, қалдырған мұрасы ортақ. Заманауи ақпараттық арналардағы шет елдерде жұмыс жасап, жетістікке жеткен отандастарымыз туралы жаңалықтарды байқаймыз, қуанамыз. Шет елдерде танылып, елдің атын шығарып жатқан Димаш Құдайберген мен Геннадий Головкин сынды тұлғалар бар.
Біздегі мәселе – мақтаншақтық пен мақтан тұтудың ара-жігін ажыратып алу қажет. Әйтсе де, «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген ата сөз бар. Саналы әрі білімді отандастарымыз еліміздің болашағына жұмыс жасауы тиіс.
Елдос Өсербаев, мәдениеттанушы