Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:00, 14 Желтоқсан 2021

Мамин Қарағандыға неге «ұрын» келді?

None
None

        Қарағанды өңіріне премьер-министрі  Асқар Мамин келді. Үкімет басшысы Қарағанды аймағында ашылған жаңа өнеркәсіп орындары мен маңызды ғимараттардың лентасын қиюға  және мемлекеттік марапатқа лайық жандарға медаль табыс етуге келіпті.

Алайда жоғары лауазымды тұлғаның Қарағандыға келетінін журналистерден бұрын, қараша халық ұзынқұлақ  арқылы естіп алыпты. Аймақтық журналистер бір күн бұрын облыстық баспасөз қызметінен Асқар  Маминнің қайда келетінін, мақсатын, жай-жапсарын сұраған еді. Алайда бұл жөнінде ресми ақпарат берілмеді. Жұрт лауазымды тұлғаның жұмыс сапарын тек мемлекеттік телеарналардан ғана біле алды.

        Ал облыс әкімінің баспасөз қызметі ақпаратты премьер-министрдің сайтынан алуға кеңес беруден әріге аспады. Үкімет басшысының қасына журналистерді көп жинамауға пандемияның салдары тиді деп отыр. Қараша халық Қарағанды көшелерінде көлік жүргізушілері үшін жолдар жабылып, Асқар Маминге жол берілгеніне куә болды. Үкімет басшысының жанына өз баспасөзінен басқа, аймақтық тілшілерді жуыта қоймады. Әрине, үкімет басшысы солай ұйғарса, облыстық әкімдіктегілердің жұмған ауыздарын ашпайтыны анық. Дегенмен кейбір қарағандылық журналистер биліктің бұлайша «ала қойды бөле қырыққандай», ақпаратты құпия сақтауының  заңсыз екенін айтып, шағым білдіріп жатты.        «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы 20-шы заңды ешкім алып тастаған жоқ қой, осы заңға орай, журналистің құқығы бар. Журналист ақпаратты іздеуге, оны алуға және таратуға құқылы. Журналист барлық мемлекеттік органдарға барып, барлық лауазымды тұлғалардың қабылдауында бола алады. Президент Тоқаевтың өкілі болып отырған  облыстық әкімшіліктің өзі журналистер үшін есікті жауып қойса, басқа мемлекеттік органдардан нені күтуге болады?» –  деп, қарағандылық журналист Айнұр Балакешова әлеуметтік желіде шағымын жариялады.        Дегенмен қазіргі уақытта пандемия кез келген мәселе үшін басты сылтау болып тұрғаны анық. Бұл жолы да сол сылтау айтылды.

Тегтер: