Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:27, 18 Шілде 2023

МӘМС-тің ащысы мен тұшысы – халық неге наразы?

None
None

Өткен жылы өз емханамды аштым. Бұған дейін екі емдеу орнымыз бар, халыққа 7 жылдан бері қызмет етіп келе жатырмыз.

Емхана ашу, жалпы медициналық орталық ашу – үлкен инвестиция. Емханалық қызметті көрсетуге не түрткі болғанын айта кетейін.

Біздің емдеу орындарымыз аймақтағы ең жақсы оңалту орталықтарының бірі болса да, науқастарды жіберу үшін халық тіркелімі бар емханаларға, оның ішінде мемлекеттік емханаларға тәуелді болдық. Оңалтуды қажет науқастарымыз бізге жолдама алу үшін сандалып, одан бөлек жолдаманы алу үшін үлкен дау-дамаймен әрең дегенде қол жеткізетін, бізде бос орын болса да, науқастардың келуі баяу сол себептен. Бұл науқастардың МӘМС жүйесі бойынша таңдау құқығын, мүмкіндіктерін шектейтін. Сол үшін біздің қызметті қажет ететін  науқастарға арналған емхана ашуға шешім қабылдап, осы дүниеге қаражатты салдық.

Содан кейін мен кадр мәселесіне тап болдым. Көбінесе емделушілер терапевтер мен жалпы тәжірибелі дәрігерлерге сенбейтін секілді. Яғни тек тар бейінді мамандарды іздеп келеді. Ал оларды табу оңай емес. Мысалы, тар бейінді мамандардың бірі – гастроэнтеролог маманы, немесе гепатолог қажет делік. Қызылорда облысында ондай мамандар аз, тапшы. Мәселен, мен дәрігер тауып, оған жақсы жалақы алуға мүмкіндік берсем, ол бас тартады. Яғни «Мен сізге толық жүктемеде бара алмаймын, өйткені мен қаланың бірнеше емханасында жұмыс істеймін» дейді. Бір жерде 0,25 жүктеме, бір жерде жарты жүктемеде. Ал кешке жеке қабылдау да өткізеді. Дәрігерлер үшін осы тиімді болып көрінеді. Өйткені оларды бұл жағдайға әкеліп қойған дәрігердің жалақысының төмендігі және тар бейінді мамандардың тапшылығы.

Осының салдарынан емханаға қажет белгілі бір маманның жоқтығы ем ашушыларды 10-12 күн күтуіне, ақырында әр жерден емхана немесе ақылы түрде ем іздеп кетуіне алып келеді. Осыған әлбетте  халық наразы болады. Сондықтан біз барлық дәрігерлерді бір жерде тоғыстырып «бір терезе қағидасы» бойынша қызмет көрсетуді көздейміз. Неге науқастар мемлекеттік емдеу орындарында сандалып жүріп емделуге шаршайды десеңіз, неліктен мемлекеттік емхана тиесілі құрал жабдықтармен, тиісті мамандармен қамтылуына қауқарсыз десеңіз, оның бір себебі: жеке емдеу орындары көп, көптеген мықты мамандар өз жеке кабинеттерін ашқан немесе тек белгілі бір бағытта қызмет етеді. Бірақ ол емдеу орнында бекітілген халық саны жоқ. Сондықтан науқастарды емхана дәрігерлері арқылы тартуға мәжбүр. Мемлекеттік емхананың жолдама беруге  жауапты өкілі емханаларға барып келісу керек. Онсыз науқастарды тарту мүмкін емес.

Мамандар емханаларды аралап, науқастарды жіберуіңізге бізге болады. Бұл қызметтердің құнын әлеуметтік сақтандыру қоры өтейді. Осылай екі жаққа да тиімді тәсілді пайдалансақ дейміз. Алайда дәрігерлер немесе жауапты мамандар әр науқастың емделу құнының бес пайызын қалтасына салуын талап етеді. Мен жеке басым ондайға қарсымын. Өйткені науқастың өз құқығы кімге қаралып, қандай емдеу орындарын таңдап емделсе де, оның МӘМС жүйесіндегі қаражаты науқастың артынан еріп жүру керек. Алайда бізде жүйе олай емес болып тұр.

МӘМС жүйесі әрине халыққа керек, алайда жүйені өзгертуді қажет етеді. МӘМС қаражатты жыл басында барлығына бөліп тастамай, нақты әр науқастың дәрігерге қаралу фактісі бойынша, емделу диагнозы бойынша кеткен шығындарды өтеу бойынша науқастың өзі таңдаған емдеу орнына төленіп отыру қажет. Бұл орайда науқастар «Даму мед» қосымшасы арқылы өзінің емін, кеткен қаражатын көріп отырса, қосалқы емдеу шараларын  жалған жазу (приписка) болмас еді. Қаражат медицина саласында аз емес, тарифтер жалпы төмен деп шулағанымызбен, тарифтердің барлығы төмен емес. Мысалы, консультативтік-диагностикалық қызметтер жақсы төленеді. Ал аса қажетті жедел жәрдем, кәсіби тексеру, скрининг, тіркелген жан басына шаққандағы тарифтердің төмендігі, емхана әрбір тағайындалған емделуші үшін 1700 теңгеден 2200 теңгеге дейін ғана алады. Қалай болғанда да емхана неғұрлым көп адамға қызмет көрсетсе, соғұрлым тиімді.

Менің емханам қазір 20 мыңға есептелгенімен, 6 мың тіркелген халық бар. Сапалы қызмет көрсету арқылы ем алушыларды бізден қызмет алуға шақыру жолға қойылған. Егер МӘМС жойылса, ең алдымен халықтың қорғалмаған бөлігі жеке емханаға ақшасы жоқ адамдар зардап шегеді. Өзіңіз бағалаңыз, медициналық сақтандыру қорына аударылатын жарнаның ең жоғары мөлшері жылына 187 000 теңгені құрайды. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар небәрі 42 000 төлейді. Бұл көп емес. Жай ғана екі рет маманмен кеңесу және жеке клиникада МРТ аппаратына төленетін құнмен пара-пар. Медициналық сақтандыру жүйесінің артықшылығы неде екенін түсіну үшін адамдарға түсіндіру, қосымша ақпарат беру қажет. ӘМСҚ жұмысын тиімді ету үшін, қордың функцияларын мемлекеттік басқаруға беру, оны қаржы министрлігі немесе денсаулық сақтау министрлігіне қарасты комитет ету керек. Сонда рұқсат беру тізбегі қысқарып, бюрократия, штат, қаржы ресурстарының жұмсалуы мемлекеттің бақылауында болады. Қазір қорды мемлекеттік мекеме ретінде ешкім тексермейді.

МӘМС қызметкерлерінің жұмысының нәтижелі болмағанына қарамастан, халықтың бұл жүйеге наразалығы бола тұра тоқсан сайынғы бонустарды алады. Қордың әкімшілік шығындары көбейіп, ал емханалар зардап шегуде, олар халыққа көрсетілген қызметтерді қаржыландырудан сызықтық шкала бойынша қысқартылады. Мысалы, біз 6000 халыққа қызмет етіп келсек те, осы күнге дейін, жыл басынан бері бізге тек бастапқы емхана болып ашылғандағы келісімшартта көрсетілген 1500 халықтың ғана қаражатын төлеп отыр, қалғаны неге төленбей тұр, қызмет жасалды ғой дегенге, МӘМС-тың жауабы: «жыл басында, сізге қазіргі таңда тіркеліп тұрған науқастардың қаражаты басқа емханаларға таратылып қойылған, қайтару процесі қиын, ұзақ, кейде мүмкін де емес» дейді. Сонда әр науқастың төлемдері өзімен еріп жүреді деген МӘМС-тің қағидасы қайда деген сұрақ туындайды.

Тегтер: