Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:03, 11 Қаңтар 2023

Мәңгілік мүгедек қоғам

None
None

Жым-жырт түнді бетке алып жарық айға мұңын шаққан Ләйланің жанында әлдебір бейне қараңдайды.

Қыз көңілі алабұртып, жапан түзде өзінен басқа неғылған жан жүргенін сұрады. Бейтаныс үрейлі үн «Мен адамдар әулетінің рухымын» деді алыс бір жақтан. Бірақ мәңгілік бала бейнесінде қалған Ләйла қыз беймезгіл рух түгілі адамзат қасиетіне сенуден қалған. Сондықтан да әлемді қараңғылық басқанда толықсып шығатын жарық айға жан сарайындағы құпияны сыр қылып ақтаруға асығатын.

Бүгін де Қарауылды қараңғылық басқанда Ләйла іште жиналған шерін жарық айға жеткізуге асыққан. «О, жарық Ай, мүсіркеме сен мені. Мен күнәсіз қыз боламын. Сезімім бүтін, ақылым дұрыс. Бірақ мынау тіршілік дүниесінен безінген жұдырықтай жүрегім кек пен қасіретке толы. Мен өзіме адам сияқтымын, басқаларға адам емес адам пейілін тәубаға түсіретін мүгедекпін. Қарауылдың адамдары мені көрген сайын: «Мұны Алла Тағала адамдар тәубасына келсін, қол-аяғының саулығына, он екі мүшесінің дін амандығына шүкір етсін деп жаратқан» деді Ләйла қыз. Жұрттың өзі туралы бұлай ойлайтынын білгісі ол жарық айдан жауап күткен. Әйтсе де жарық айдан жауап болмады. «Мен саған ғана, сенің өзіңе ғана сенемін. Тым болмағанда үмітімді сен ақтарсың. Сонда, бұл жұрт нені айтады? Мен кіммін, осы? Мәңгілік пе? Шынымен-ақ мәңгілік өспей қалған бала кейіп пе?» деген Ләйланің зарын күндегі сырласы үнсіз ғана тыңдаған күйі дөңгелеп алыстап барады. Барған сайын алыстап, сырғып бара жатқан жарық айға қашпауын өтінген. Алайда ай да мүгедек қыз бен жырым-жырым болып айырылған жер бетін мүсіркеген кейпі ұзап кетті. «Жасқандың ба, сен де менен жиіркенемісің, сен де менен қорқамысың жарық Ай?!»  деген Ләйла-қыз одан сайын дауыстап, қол бұлғап айғайлай түсті. Тек оның даусын қалың ұйқыда жатқан Қарауылда өзінен басқа ешкім естіген жоқ. 

«Мәңгілік бала бейне» пьесасының негізінде сахналанған «Қызжылаған» спектаклі талай жылдан бері көрерменнің көзайымына айналған. Бас кейіпкер Ләйла қыз да Семей полигонының құрбаны еді. Мәңгілік бала бейнесінде қалған бойжеткен Құмар есімді досына ғашық болады. Ол дене бітімі толық жетілген, аяқ-қолы бүтін, келбеті келіскен жігіт. Бала күннен басталған достықты бейкүнә қыз іңкәр сезіммен шатастырды. Ләйла қыздың Құмарға деген махаббаты өмірге деген құштарлығын оятатын. Кейде өзінің мәңгілік бала бейнесінен қымсынған бойжеткен «Қаттылық бер жаныма. Сақта… Сақта мені. Ессіз ғашықтықтан, жүйрік сезімнен сақта. Махаббатымды да үзіп алып, мүгедек етіп жарала. Кейпім де мазақ, махаббатым да мазақ. Аямаңдар мені!» деп жарық айға мұңын шағатыны бар.

Бірақ Ләйла қыздың бала қиялы мен асқақ арманын Қарауылдың қалың ұйқыдағы халқы түсіне алмады. Көрші-қолаң, туыс-туған жабылып Ләйлані өзі секілді мүгедек адамға тұрмысқа беруді жөн көретін. Ол – Семей ядролық полигонының зардабынан екі аяғын баса алмайтын Шөкіш. Сондағысы екі жарымжан жанды бір-біріне қосып «бақытты етіп», міндеттерінен құтылу. Қарауылдықтардың адам жанына емес, тәніне ғана баға беруі бойжеткеннің сағын сындыра алмады. Алайда адал махаббаты аяқсыз қалды. Өйткені бойы өскенімен, ойы өспеген адамдар ақша үшін адамшылықты ұмытуға даяр еді.

Арбаға таңылса да арманы асқақ, мүгедек болса да мақсаты биік, мәңгілік бала бейнесінде қалғанымен адамзаттың асыл қасиетін бойына жиған періштедей пәк Ләйла қыздың кемістігі мансапқұмарлықтың қасында «мүгедек» деп айтуға келмейтін. Себебі, шектеуге түссе де шексіздікке ұмтылған Ләйла емес, шын мәнінде сана-сезімдері жалғандыққа құралған қоғамның өзі мүгедек. Жарық айға мұңын шаққан бойжеткеннің жан дүниесін мансапқа жету үшін жанталасқан, ақша үшін абыройын да саудаға салуға даяр пенделер түсінсін бе?! Әттең, қоғамның дерті Ләйла емес, қоғамның ащы трагедиясы – бойы өскенімен, ойы өспеген бүгінгі қоғам, қолы билікке жетсе де құлқыны тоймаған тобыр.

 Көрнекті жазушы-драматург Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» шығармасы негізінде қойылған «Қыз жылаған» спектаклінің «Қанаттылар» инклюзивті театрының әртістері тамаша ойнап шықты. Бұл қойылым 30 жыл бойы театр сахнасында аншлагпен өтіп келеді. Бірақ бұдан бұрынғы қойылымдарда ойнаған талантты әртістердің өзі Ләйланың аянышты тағдырын Малика Мұхтарова секілді тамаша сомдай алған жоқ. Өйткені бұл жолы әртіс пен кейіпкердің жан дүниесіндегі дерт ортақ, тағдыры бір. Адамгершіліктен ада қалған адамзат санасындағы таршылдықты көрсету үшін кәсіби әртістей образға кірудің де қажеті жоқ. Өзінің болмыс-бітімімен көрерменнің жүрегінен жол тауып, мүгедек қоғамға салады.

Тегтер: