Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:10

Маңғыстау тұрғыны Қазақстан азаматтығын ала алмай жүр

Жаңылсын
Фото: скриншот

Маңғыстау облысында құжатсыз өмір сүріп келген 23 жастағы тұрғынның жағдайы көпшілікті таңғалдырды. Өңір тұрғыны мектеп пен колледжді аяқтап, тұрмыс құрып, ана атанса да, осы уақытқа дейін жеке куәлігі мен Қазақстан азаматтығы болмаған.

 Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

 Жаңылсын Сүгірәлиева бірнеше жылдан бері азаматтық ала алмай, түрлі кедергілерге тап болып келеді. Әйелдің айтуынша, оның туу туралы куәлігі 2000 жылдардың басында отбасы Түрікменстаннан Қазақстанға қоныс аударған кезде жоғалған. Кейін бұл құжатты қалпына келтіру мақсатында азаматтық хал актілерін тіркеу органдарына және Түрікменстанға бірнеше рет сұрау салынған. Алайда көрші елден келген жауапта Жаңылсынның ол жақта тіркеуде тұрмағаны көрсетілген.

Құжаттарының болмауына қарамастан, Жаңылсын мектеп бітіріп, колледжге түскен. Дегенмен оқуын аяқтаған соң дипломын ала алмаған, себебі жеке басын куәландыратын құжаты болмаған. Кейін ұл баланы дүниеге әкелгенде жағдай тіпті қиындай түскен — баласына да туу туралы куәлік берілмеген.

2024 жылы Жаңылсын сот арқылы өзінің туу туралы куәлігін қалпына келтіре алған. Алайда бұл азаматтық алу мәселесін автоматты түрде шешпеген. Ресми мәртебесінің болмауы оның өмірін айтарлықтай шектеп отыр: ол заңды түрде жұмысқа орналаса алмайды, толыққанды медициналық көмек пен әлеуметтік төлемдерге қол жеткізе алмай отыр.

Соңғы үмітпен жас ана қоғам белсенділері мен билік өкілдеріне жүгінген.

Маңғыстау облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Нұрасыловтың айтуынша, Жаңылсынға әрі қарайғы іс-қимыл тәртібі мен қажетті құжаттар тізімі түсіндірілген. Алдымен оған азаматтығы жоқ тұлға мәртебесін рәсімдеу қажет. Осыдан кейін ол Қазақстан Республикасының азаматтығын алу үшін қайта өтініш бере алады.

Тегтер: