Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:09, 28 Қыркүйек 2023

Маңғыстау туризмі әлеуетті, бірақ түйткіл көп

туризм
Фото: ашық дерек

Қазақстанда туризм дамыған жоқ, бірақ туризм әлеуетіміз өте жоғары. Оны өзіміз емес, саяхаттап келген шетелдіктер де тамсанып, таңданып айтады

Қазақстанда туризм дамыған жоқ, бірақ туризм әлеуетіміз өте жоғары. Оны өзіміз емес, саяхаттап келген шетелдіктер де тамсанып, таңданып айтады. Қазақстанда қарлы тау, орманды алқап, шөл дала, жасыл белдеу, асау өзен, мөлдір көл де бар. Табиғаттың мұндай көл-көсір байлығы кез келген мемлекетте кездесе бермейді екен.

Бірақ біз осы табиғи жаратылыстың бағасын біліп жатқан жоқпыз. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан бағдарламалар да көңіл көншітпейді. Әсіресе жарытылысы бөлек Маңғыстау даласындағы туристік аймақтарға қатысты биік мінберлерден қанша айтылса да, жасалған жұмыс аз. Неге?

Жуырда Маңғыстау облысына іссапармен барған үкімет басшысы осы түйткілдің түйінін тарқатып қайтты ма? Әлихан Смайылов өңірдің туристік әлеуетін жақсартуға қатысты қандай бағдарламалар айтты? Премьер-министр Ә.Смайылов Ақтау қаласында Қазақстанның және әлемнің бірнеше елінен келген 300-ден астам туристік бизнес өкілінің қатысуымен өткен туризмді дамыту жөніндегі халықаралық форумға қатысып, сөз сөйледі. Формуға Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің министрлері, халықаралық қонақүй өкілдері, қазақстандық және шетелдік туроператорлар мен әуе компания желілерінің басшылары келіп қатысты. Сондай-ақ шетелдік инвесторлар мен халықаралық сарапшылар, дипломатиялық корпус және мемлекеттік органдардың өкілдері келіп, сөз сөйлеп, туризм туралы ойға түйгендерін жеткізді.

Ә.Смайылов өз сөзінде Қазақстанның туризмді дамытуға, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді насихаттауға мән беріп, көңіл бөліп отырғанын атап өтті. «Біз «зәкірлік» жобалар іске асырылатын маңызды 10 туристік аймақты нақтылап анықтадық. Олардың бірі – Каспий теңізінің жағалауы екенін айта кетейін. Бұл – ерекше фаунасы, көркем жағажайлары мен ежелгі көрікті жерлері бар ерекше мекен. Біз кез келген қонақ үшін барынша қолайлы жағдай жасауға ниеттіміз. Мемлекеттің де, жеке сектордың да күш-жігері осыған бағытталған», – деді. Үкімет басшысының айтуынша, туристік турларды ұйымдастыру және инвесторлар қоршаған ортаға зиян келтірмейтін жаңа нысандар мен жобалар жасауға белсенді түрде тартылып жатқан көрінеді.

Қазақстанда ондай тәжірибе бар. Мысалы, Іле-Алатау паркі мен Шарын және Алтын-Емел сияқты ұлттық қорықтарда визит-орталықтары мен эко-қонақүйлер жұмыс жасап тұр. Мамандар экологиялық тұрақтылық негіздерін басшылыққа ала отырып, туристердің санынан гөрі олардың саяхаттарының сапасын арттыруға көшу үшін жұмыс жасауда. Мамандардың айтуынша, осы тәжірибені Маңғыстау туризміне де пайдалану керек. Қазақстан халықаралық туристік нарықта бәсекеге түсе алатын бірегей турларды ұсына алады. Айталық, Ұлы Жібек жолы мен Каспий теңізі бойынша кешенді саяхаттар ұйымдастырып, Байқоңыр мен Бурабай, Алматыдағы «4 маусым» туры сияқты туристік нысандарға бару туристердің арасында қатты қызығушылық тудырады екен.

Қазақстан туристік әлеуеті мықты елдердің қатарында екенін айттық. Ал туризмнің қаны – виза. Бүгінгі күні Қазақстанға азаматтары визасыз емін-еркін кіре алатын мемлекеттердің саны 80-ге дейін артқанын айта кетейік. Халықаралық әуе жолдарының да географиясы кеңейіп келеді. Үкімет басшысы визалық және көші-қон режимін одан әрі жетілдіру жөнінде шаралар қабылдап, виза алу рәсімдері мен әуежайларда бақылаудан өтуді жеңілдету қажет екеніне тоқталған. Одан бөлек, соңғы үш жылда туристік аймақтарға 4 млрд доллар көлемінде инвестиция тартылып, 400-ден астам туристік нысан салынған. Оның арасында Hilton, Marriott, Wyndham, Accor сияқты 20-дан астам танымал халықаралық қонақ үй желілері бар.

Форумда үкімет басшысы отандық туризмнің халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру туралы айтып, Қазақстанның шетелдегі имиджін көтеру бойынша ведомствоаралық үйлестіру жұмыстарын күшейту маңызды қадам екенін атап өтті. «Елдің туристік брендін әзірлеп, халықаралық ақпарат кеңістігіндегі танымал ету жұмыстарын күшейту керек» дегенді қадап айтты. Туризмге мемлекет қаржы салмаса, бұл сала дамымайды. Қазақстан үкіметі туризм жобаларына жеңілдікпен несие беру мерзімдерін ұзартуды пысықтау мен туризм нысандарына инфрақұрылым жүргізу бойынша мемлекеттік қолдау шараларын күшейтуді құзырлы мекемелерден талап етті.

Маңғыстауға іссапармен барған Әлихан Смайылов туризмді дамыту үшін жол бойындағы сервистік нысандарды пайдаланудың түйінін шешіп, агротуризмді дамыту шараларын әзірлеу керек екенін де ескерткен. Мұны қалай түсінуге болады? Мысалы, ауыл тұрғындары мен шаруалар, бағбандар өз шаруашылықтарында туристерді қабылдау арқылы қосымша табыс табуға болады ғой. Әңгіме – осы. Ол үшін бұрынғы заңнамаға тиісті өзгерістер қажет. Сонымен бірге туризм және спорт индустриясын қолдау корпоративтік қоры деген ұйым бар. Сол қорға спорт саласының ғана емес, туризм саласының да жобаларын қаржыландыру құқығын беріп шешу керек дегенді айтты туризм өкілдері. Туристік саланың даму әлеуеті зор, қосымша жұмыспен қамтып, азаматтардың табысын арттыруға болады. Форумда айтылған мәселелер, көтерілген тақырыптар Маңғыстау туризмін дамыту үшін өте өзекті. Форум соңында үкімет басшысы қонақтарды келер жылы Астанада өтетін дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға шақырды. Бұл да туризмді насихаттауға жасалып жатқан шаралардың бірі. Форум соңындағы қорытынды кезінде қазақстандық және шетелдік туристік компаниялар өзара ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойып тарқасты.

Кемел ЖАН

Тегтер: