Маңғыстауда мектеп оқушыларының жаппай улануына қатысты іс сотқа жетті
Маңғыстау облысы Бесшоқы ауылындағы асханада мектеп оқушыларының тамақтан жаппай улануына қатысты қылмыстық іс облыстық сотқа жіберілді.
«Қазір іс енді судьяларға түсті», - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі. Сот отырысының күні әлі жарияланған жоқ.
Іс Қылмыстық кодекстің 304-бабының 1-бөлігі - абайсызда адамдардың жаппай ауруға шалдығуына, жұқтыруына, улануына әкеп соққан санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормаларды бұзу бойынша қаралып жатыр. Мұнайлы аудандық полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізді.
Естеріңізге сала кетейік, оқиға No8 мектепте болып, бірінші ауысымдағы 1-4 сынып оқушылары мектеп асханасында жаппай уланған болатын. 466 оқушы зардап шекті, олардың 98-і ауруханаға жатқызылды, оның ішінде екеуі жансақтау бөлімінде. Барлық балалар кейін ауруханадан шығарылды.
Маңғыстау облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен Ұлттық сараптама орталығы зертханасының мамандары мектеп асханасында балалардың жаппай улануына тексеру жүргізіп, өрескел санитарлық бұзушылықтар анықталған. Азық-түлік өнімдерінде патогендік бактериялар табылды, жағындылардың 20 пайызы ішек бактерияларының болуын көрсетті. Асхананың 6 қызметкерінен стафилококк ауруы анықталса, бір қызметкерден дизентерия ауруының қоздырғышы анықталды. Төрт жұмысшы жалған медициналық тексеруден өткен.