Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:36, 14 Желтоқсан 2023

Маңғыстауда мектеп жетіспейді

мектеп
Фото: из открытых источников

Маңғыстау облысында жаңа мектептердің құрылысы басталып кетті. Кешендердің салыну себебі – облыстағы демографиялық өсімнің артуы. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан білім ордалары 2025 жылдың соңында аяқталуы тиіс. Өңірде бой көтеретін 24 ағарту ошағында 45800 мыңнан астам оқушы екі ауысымда оқитын болады.

Бастапқыда «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2023-2025 жылдарға облыста 22000 орындық 21 мектеп салу жоспарланған. Облыс орталығы Ақтауда – 8, Жаңаөзенде – 3, Бейнеу ауданында – 2, Маңғыстау ауданында – 2, Мұнайлы ауданында – 6 мектеп ашылады. Кейіннен, халық қажеттілігіне сай облыста 24 мектеп ашылуы керек деп бекітілді. Бұл бөліністер облыстағы табиғи туудың жоғары көрсеткіші мен ішкі көші-қонның өсуіне байланысты реттеліп отыр.

Осыған дейін, соңғы үш жылда Маңғыстау өңірінде 5760 орындық 79 балабақша мен жеті мектеп пайдалануға берілді. Бұл мектептер пәндік кабинеттер, оның ішінде информатика, технология және т.б. кабинеттермен толықтырылған. Қазіргі уақытта өңірде 4800 орындық төрт мектептің құрылысы жүргізілуде және «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы бойынша 625 орындық 3 мектепке 3 қосымша құрылыс жұмыстары жасалуда. Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Динара Жұмашеваның айтуынша, алдағы уақытта жайлы мектептер салынып бітсе, саладағы мәселелер толықтай шешіледі.

«Өңірде оқушы орындарының тапшылығы — 11 096 орын. Өткен жылы 9156 болған. Білім инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 4800 орындық 4 мектептің құрылысы жүргізілді. 2024 жылы пайдалануға беріледі. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 22 мың орындық 24 мектеп салынады. 15 мектепті келесі жылы ашу жоспарланып отыр. Бүгінде 15 мектептің конкурсы өтіп, құрылыс жұмыстары басталды. 2025 жылы қалған 9 мектеп ашылмақ», –деді Динара Жұмашева.

Үш ауысымнан – екі ауысымға

Үш ауысымды білім беру жағдайы өңірдің өзекті мәселелерінің біріне айналды. Мектептердегі орын жетіспеушілігі Маңғыстауда бұрыннан бар мәселе. Білім ошақтары жыл сайын салынып жатса да, облыста 17 мектеп әлі де үш ауысымда жұмысын атқарып келеді. «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынатын мектептер пайдалануға берілгеннен кейін облыста 15 үш ауысымды, 2 апат жағдайындағы мектепте және 34 мектепте орын тапшылығы түбегейлі жойылады.

Дегенмен жоғарыда айтқанымыздай, облыста бала туу көрсеткіші жоғары. Түбекте жылына 19-20 мың нәресте дүниеге келеді. Сондықтан жаңа мектептерге сұраныс азаймайды. Бұл сөзімізді облыстық білім басқармасының басшысы Динара Жұмашева растады.

«Жыл сайын жаңа оқу орындарының саны артып келеді, бірақ үш ауысымды мектептер мәселесі өзектілігін әлі жоғалтқан жоқ. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Маңғыстауда үш ауысымды оқытатын 17 мектеп болса, апатты жағдайда 2 мектеп бар. Статистикаға сәйкес, орта білім беру ұйымдарында соңғы бес жылда оқушылар саны 46 мыңға артқан, өткен жылмен салыстырғанда оқушылар саны 8,5 мыңға көбейді», – деді басшы.

Расымен де, Маңғыстау өңірі демографиялық көрсеткіш бойынша елімізде көш басында тұр. Мектептерде бала санының көп болуы аймақта қалыпты жағдайға айналған. Мәселен, облыс орталығы Ақтау қаласында жыл сайын үш ауысымды мектептер мәселесі көтеріледі. Осыған байланысты жаңадан салынған шағын аудан тұрғындары бірнеше рет талап қойып, әкімшілікке өз өтініштерін айтқан.

«Жайлы мектеп» жобасы іске асырыла бастағалы шағын аудан тұрғындары да бір қуанып қалды. Себебі жоба аясында 2025 жылға дейін қалада 8 мектеп салу жоспарланып отыр. Бұл білім беру нысандары Ақтаудың әртүрлі шағын аудандарында бой көтереді. «Жайлы мектеп» жобасының Маңғыстау облысындағы жетекшісі Ерлан Қабдиновтың айтуынша, келесі жылы 6 білім ошағын аяқтау көзделсе, 2025 жылы тағы 2 мектеп пайдалануға беріледі.

«Биыл 16, 17, 19, 20, 33-шағын аудандар мен Өмірзақ ауылы, Рауан тұрғын массивінде мектеп құрылысы басталады. Ал 37, 38 шағын аудандарында білім беру нысандары 2025 жылы ел игілігіне беріледі. Аталған білім беру ұйымдарында оқушылар бір ауысымда 10 600 орында оқиды. Сонымен қатар бірегей оператор Samruk Kazyna- Construction АҚ тарапынан мектеп нысандарының құрылысын салатын мердігерлерді анықтау үшін арнайы конкурс ұйымдастырылып, оның 3-еуі бойынша жеңімпаздар анықталды», – деді Ерлан Қабдинов.

Кадр тапшылығы

Қазірдің өзінде елімізде білім саласында 3000-нан астам педагогқа сұраныс бар. Білім беру процесінің дұрыс жүргізілуі мен алға басуы педагогтың кәсіптік шеберлігіне байланысты. Сондықтан оқытушы-педагогтарды даярлау тәсілдерін қазіргі заманға сай бейімдеп, қажеттілікке сәйкес уақытылы жоспармен осы бағытқа гранттар бөлу керек. Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, егер саладағы кадрлық мәселелерді ертерек қолға алмаса, ұстаздардың жетіспеушілігі жыл сайын арта беруі мүмкін.

Маңғыстау облысы үшін үш жылда 24 мектеп салу – өте ауқымды жоспар. 2026-27 жылдары ашылатын мектептер жобалары да талқыланып жатыр. Мектептер салынса, міндетті түрде кадр тапшылығы болуы мүмкін. Бірақ білім басқармасындағылар ұстаздық жолды таңдаған студенттер саны жыл сайын артып келе жатқанына байланысты мәселе оңай шешімін табатынына сенімді. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаева кадр тапшылығы ешқандай мәселе туғызбайтынын айтады.

«Қазіргі уақытта кадр тапшылығы жоқ. Мektep.edu.kz электронды журналының алаңында сауалнама жүргізіп едік. Көпшілігі педагогикалық мамандықты таңдады. Себебі бізде мұғалім мәртебесі туралы заң қабылданғанын, олардың құқығы заңмен қорғалатынын және жыл сайын жалақылары өсетінін өздеріңіз де білесіздер», – деді орынбасар.

Жайлы мектептің миссиясы

«Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасы – үш ауысымды және апатты мектептердің тапшылығын шешу үшін қабылданған мемлекеттік ауқымды жоспар. Маңғыстауда салынып жатқан мектептер бұрынғы дәстүрлі мектептерден ерекше болады.

Мектептер заманауи жиһаздармен, құрал-жабдықтармен жабдықталынады. Әрбір аудитория үшін техникалық оқу құралдарының жинағы: микрофон гарнитурасымен және веб-камерамен, интерактивті панельмен, MFP-пен толықтырылған интернетке қолжетімді дербес компьютерлер қойылады. Мектеп алаңында жасыл алаңдар, көлеңкелі шатырлы және шағын архитектуралық пішіндері бар тыныш демалыс алаңдары, көше коворкинг, тартымды жабыны бар көп функционалды аймақ, оның ішінде бастауыш мектеп блогының жанында орналасқан ашық ойындарға арналған алаңды орналастыру жоспарлануда. Мұнда әр оқушыға жеке шкафтар мен жылжымалы трансформациялық үстелдер орнату да ойда бар. Әр қабатта су ішетін фонтандар да жайғастырылуы қажет.

«Жайлы мектеп» жобасы аясында салынған білім ордаларының өзіндік тағы бір ерекшелігі болмақ. Мектептерде бастауыш сыныптар үшін жеке блоктар, бөлек алаңдары бар асханасы бар бастауыш және орта мектептер үшін спорт залдары орналастырылады. Яғни мектепалды даярлық сыныптары мен 1-4 сыныптарына бөлек блок, 5-11 сыныптар үшін бөлек блок беріледі. Мектеп оқушыларының саны спорт залдары мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес есептеледі. Оқу-ағарту министрлігінің айтуынша, бұл оқушыларды буллингтен қорғайды.

«Қазір бізде балалар арасындағы буллинг мәселесі өте өзекті болып отыр. «Жайлы мектептердің» қалыпты мектептерден бір айырмашылығы – бастауыш сыныптар мен ересек сыныптардың кіріп-шығатын есігі жеке болады. Яғни әртүрлі блокта орналасады. Олар бір-бірімен мектеп ішінде кездесе алмайды. Бастауыш сынып оқушыларының өз спорт залы, өз дәретханасы, өз асханасы болады», – деді министрлік.

Жоба аясында салынатын мектептердің сырты мен аумағын бейнекамералар арқылы бақыланатынын жеткізді. Мектептердің ішінен бөлек сыртын айнала бейнекамералар орнатылады. Мектептің сыртқы аумағына түгелдей камера орнатылады.

    Шыңғыс Атай