Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:09

Маңғыстауда Президент Жолдауын іске асыру жолдары талқыланды

1

11 қыркүйекте Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған бастамаларды талқылауға арналған облыс активінің кеңейтілген отырысы өтті.

Жолдауда ел экономикасын дамытудың жеті негізгі бағыты айқындалды. Атап айтқанда, инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін жандандыру, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру, көлік-логистика саласын жетілдіру, адами капиталды күшейту, цифрлық даму қарқынын арттыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту, сондай-ақ Каспий теңізін құтқару мәселелері қамтылған.

Аймақ басшысы осы басымдықтар аясында өңірде атқарылып жатқан және алдағы жұмыстарға назар аударды.

Маңғыстау облысында инвестиция тарту, бизнес-ортаны және инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша белсенді шаралар жүргізілуде. Нәтижесінде алдағы уақытта ірі қытайлық компаниялармен жасалған келісімдер аясында көлік және логистика, машина жасау, цифрландыру және балық шаруашылығы салаларында инвестициялық жобалар іске асырылмақ.

Әкім Жолдауда атап өтілген көлік-логистика саласын дамытуға қатысты жобаларға да тоқталды. Бүгінде Мемлекет басшысының қолдауымен Ақтау портында контейнерлік хабтың бірінші кезеңі іске қосылды. Ал 2028 жылға қарай қуаты 11 млн тонна болатын «Саржа» теңіз терминалы пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек Ақтау халықаралық әуежайында құны 1 млрд АҚШ долларын құрайтын логистикалық және авиациялық хабтың құрылысы басталады.

Сонымен қатар өңір басшысы туризм саласының Жолдаудағы басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Осыған орай, 2025-2029 жылдары жалпы құны 193 млрд теңгені құрайтын 19 жоба жүзеге асырылады. Бұл қосымша жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Бозжыра, Шерқала, Айрақты, Кендірлі және Жылы жағажай туристік аймақтарында экологиялық және жағажай туризмін дамытуға басымдық берілуде.

Облыс әкімі Жолдауда белгіленген міндеттерді тиімді орындау үшін мәслихат, атқарушы билік және азаматтық қоғам арасындағы үйлесімді жұмыстың маңыздылығын атап өтті.

– Мемлекет басшысы Жолдауда ел дамуының жаңа басымдықтарын айқындап берді. Маңғыстау облысы көлік-логистика саласында мемлекеттің экономикасы үшін ерекше маңызға ие. Мемлекет басшысы өз Жолдауында осы саланың маңыздылығын атап, дамыту бойынша бірқатар тапсырма берді. Сонымен қатар Бейнеу мен Сексеуіл арасындағы автожол құрылысын аяқтау тапсырылды. Аталған бағыт арқылы жүк тасымалын оңтайландыруға және Алматы – Бейнеу – Сексеуіл көлік желісін дамытуға мүмкіндік туады. Жобаның басты мақсаты – еліміздің оңтүстік және батыс өңірлері арасындағы байланысты нығайту, экономикалық интеграцияны қолдау. Өңір әлеуетін тиімді пайдалану – біздің басты міндетіміз. Қазір мақсатымыз – халықпен бірге осы бастамаларды жүзеге асырып, аймақтың тұрақты дамуына қол жеткізу, – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Тегтер: