Маңғыстаудағы итбалықтардың өлімінің себебі анықталды
Былтыр қазан-қараша айларында Каспийде итбалықтар қырылған еді. Қазіргі күнде олардың саны екі мыңға жуықтады. Әзірге олардың нақты неден қырылғаны белгісіз.
Алматыдағымикробиология және вирусология ғылыми орталығы зертханасы Маңғыстауда қырылған итбалықтарға жасаған сынаманың алғашқы нәтижесін шығарған. Бұл туралы Азаттық Радиосы жазды.
Зертхана меңгерушісі Айдын Қыдырмановтың айтуынша, Ғылыми орталық жүргізген молекулярлық-генетикалық талдау нәтижесінде итбалықтардың миы мен өкпе тіндерінен жаңа вирустық жұқпалы ауру табылған.
"Иммундық жетіспеушіліктен нейровирустық инфекция анықталды. Бұл – нейроинфекция туғызатын вирустың жаңа түрі. Ғылымда әлі толық сипатталмаған, анықталмаған вирус. Теңіз сүт қоректілнрге тән вирустық инфекция" дейді Қыдырманов.
Орталық итбалықтардың неден өлгенін анықтау үшін өз бастамасымен өз қаржысына Маңғыстауға келіп, өлексе сынамаларын қарашаның басында алып кеткен. Қыдырманов зерттеу нәтижелері кезінде өлекселердің көбі аналық әрі буаз болғанын айтады. Ол итбалықтар уланған деген нұсқаны жоққа шығарды. Оның сөзінше, итбалықтардың өлгеніне кемінде үш аптадай болып, өлексесі бұзылып кеткендіктен көп ағзасының тіндері зерттеуге жарамсыз болған.
Ал итбалықтар өлекселерінен сынама алған тағы бір гидробиология және экология институтының қызметкері Жазира Сыдықова зерттеу қорытындысы ақпан айының басында шығады дейді.
Айта кетейік, Балық шаруашылығы комитеті итбалықтардың қырылуына табиғи құбылыстар, соның ішінде су астындағы жер сілкіністерінің әсерінен табиғи газдардың шығуы себеп болуы мүмкін деп болжаған болатын. Олардың өлімінің себептері туралы түпкілікті қорытындыларды зерттеулер аяқталғаннан кейін алу жоспарланған, ғылыми ұйымдардың пікірінше, бұл үш-төрт айға созылады.
Астанадағы Ұлттық ветеринариялық референт орталығында жұқпалы аурулардың бар-жоқтығына зерттеу жүргізіп жатқан Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің қызметкерлері пастереллез, азу, сальмонеллез, листериоз, құс тұмауы сияқты бірқатар жұқпалы ауруларды жоққа шығарды.
Бұл ретте, Гидробиология және экология институтының маманы Әсел Баймұқанова теңіз жануарларының қырылуының ықтимал себебі теңіз ортасының ластануы болуы мүмкін деп есептейді.
Ресми деректерге сәйкес, Каспий теңізінде итбалықтардың жаппай қырылу жағдайлары 2000 жылдың басынан бері тіркелген. Атап айтқанда, 24 жыл бұрын 10 мыңға жуық өлген түлен анықталып, олардың өлімінің себебі созылмалы токсикоз деп аталды.