11:43, 24 Шілде 2024
Маңғыстаудағы мұнай компаниясының басшылары ұсталды
Маңғыстау облысының прокуратурасы уәкілетті органдармен бірлесіп мұнай-газ саласының жекелеген кәсіпорындарының қызметінде тексеру жүргізіп жатыр.
«Ойл Транспорт Корпорейшн» ЖШС лауазымды тұлғалары бюджет қаражаты есебінен 700 млн теңгеден астам сомаға мердігер компанияның шығыстарын негізсіз өтегені анықталды. Бұдан басқа, мердігерлерге нақты көрсетілмеген көлік қызметтері үшін 2,2 млрд теңге аударылған. Аталған бұзушылықтар бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі бойынша (аса ірі мөлшерде жымқыру) сотқа дейінгі тергеу басталды», - делінген Маңғыстау облысы прокуратурасының хабарламасында.
Сондай-ақ, «ҚазМұнайГаз «ҰК» АҚ еншілес ұйымының 11 млн теңгесін жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
«Ойл Транспорт Корпорейшн» ЖШС-нің бұрынғы басшысы, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексерулер бойынша «Ойл Транспорт Корпорейшн» ЖШС-нің өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы, мердігерлік ұйымдардың 2 өкілі ұсталды.
Прокурорлық тексеру басталғаннан бері барлығы 19 сотқа дейінгі тергеу басталды, олар Маңғыстау облысының экономикалық тергеу департаментінің өндірісінде.