«ОПГ» қысым көрсетіп отыр». Маңғыстаудағы теміржолшылар мәлімдеме жасады
«Қазақстан темір жолы» компаниясының Бейнеудегі жұмысшылары еңбек жағдайының нашарлығына және сапасыз арнайы киімге шағымданған соң, өздеріне қылмыстық топ өкілдері тарапынан қысым жасалып жатқанын мәлімдеді.
Бұл туралы «Басе» telegram арнасы хабарлады.
Жиналысқа авторитеттерді әкелді
Бейнеу жол дистанциясының жұмысшылары түсірген видеоүндеуде олар өздерінің еңбек құқығы бұзылғанын айтып бірнеше рет арызданғанын, алайда жауап ретінде қорқыту мен қысым көргенін айтады.
«Біз арнайы киім мен еңбекақы мәселесін көтергеннен кейін, басшылық жиналысқа бізге қысым көрсету үшін бөтен адамдарды – өзін “қылмыстық авторитет” деп көрсететіндерді ертіп әкелді. Солар кейін жеке сөйлесіп, “үндемесеңдер жақсы болады” деп қорқытты», — дейді теміржолшылар видеода.
Жұмысшылардың айтуынша, профсоюз төрағасы мен дистанция бастығы осы адамдарды арнайы алып келген. Олар мұны «жоғарыдан ұйымдастырылған қысым» деп бағалап отыр.
Жұмысшылардың талабы
Теміржолшылар Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесінің директоры Ерназар Ызтұрғановтың және оған қатысы бар барлық басшылардың отставкасын талап етуде.
«Бұл жай түсініспеушілік емес. Біз қарапайым еңбек жағдайы мен қауіпсіздік үшін күресіп отырмыз. Ал олар бізді қорқытып, үнсіз қалдыруға тырысып жатыр», — дейді жұмысшылар.
Олар бұған дейін де өңірдегі жұмысшылар наразылықтарын қылмыстық құрылымдар күшімен басу тәжірибесі болғанын айтады.
Маңғыстау аймағында «смотрящий» ретінде белгілі Әлібек Нарбеков (лақап аты — Әліба) есімді адамның аты аталады. Ол бұған дейін ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу, рейдерлік және бұзақылық баптарымен сотталған. Оның ықпалы артқалы бері кез келген ереуіл «тылсым себеппен» тез басылып қалады.
ҚТЖ не дейді
«Қазақстан темір жолы» АҚ бұл жағдайды «ішкі тұрмыстық жанжал» деп атап, оқиғаға тексеру тобы жіберілетінін мәлімдеді. Компанияның ресми жауабында:
«Бар мәліметтерге сәйкес, жағдай ішкі сипатта, жекелеген қызметкерлер мен басшылық арасындағы түсініспеушілікке байланысты туған. Компания басшылығы жағдайды бақылауда ұстап отыр, қызметтік тексеру нәтижесінде ұйымдастырушылық шешімдер қабылданады», — делінген хабарламада.
Алайда жұмысшылар мұндай түсіндірумен келіспейді. Олар бұл «тұрмыстық жанжал емес, жұмысшылардың аузын жабу әрекеті» деп отыр.