Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:05, 04 Тамыз 2023

Мақтаншақ Мусин! «Цифрлық Қазақстанды» сиқырлы сөз құтқармайды

None
None

Өткенде еліміздің цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі Бағдат Мусин «Қазақстан ғаламтор жылдамдығы бойынша Токионы басып озды» деп айды аспанға бірақ шығарды.

Білдей бір саланы басқарып отырған министрдің бұл сөзіне біріміз күлдік, енді біріміз жапондардан ұят болды-ау деп дедік. Әйтеуір, аң-таң болып министр Мусиннің мақтаншақтығына таңғалдық. 

Бір бұл емес, осы саланы басқаруға келгелі Бағдат Мусин есіп сөйлеп, көсіп жұмыс істеп жатқандай кейіп танытудан шаршамайды. Мусиннің қазіргі арман-мақсаты – Қазақстанды цифрландыру. Бірақ елдің цифрлық жүйесі жиі-жиі сын садағына ілінеді. Мысалы, біздің елде әлеуметтік қызметтерге арналған өтінім беретін сайттар техникалық ақауларға байланысты үнемі істен шығады. Автонесиеге арналған платформалар бір минутқа жетпей тоқтап қалады. Тұрғын үй кезегіне тұруға қатысты платформалар да нақ осылай жұмыс істейді. Медицинаға қатысты цифрлы жүйе де тап солай. Сондай-ақ Egov.kz порталы да жиі істен шығады. Зейнетақы қорын есептейтін ENPF-OTBASY.KZ жүйесінен де ақау шығып, жұрт шулап жатады. Елдегі  ғаламтордың сапасыздығы, тіпті көптеген аймақтарда ғаламтор желісінің жоқтығы, жұртшылықтың біреумен тілдесу үшін төбешіктерге шығып, қора-қопсының төбесін сағалап жүретіні тағы бар. Әйтсе де цифрлық даму министрі Мусин мырза мұндай олқылықтарды көрмейді. Мусиннің өзіне елдегі ғаламтордың жылдамдығы қатты ұнайды, тіпті қызды-қыздымен Токиодан да оздық деп бөсіп жіберді. Шындығында солай ма?!

Біз министрдің өтірігін ашқымыз келмеген. Мүмкін, расымен де Токионы басып озған шығармыз деп үміттендік. Жылт еткен үміттің соңына еріп,  өз жетістігіміз жайлы біздің де мақтанғымыз келді. Сөйтіп, іздеп отырып Tokyo International University оқу орнында оқыған Зарина Ғабитовамен тілдесудің сәті түсті.  Заринаның айтуынша, Астанада интернет жылдамдығы секундына 15 мегабайт деңгейін көрсетсе, бізден «артта қалған» Токиода ғаламтор жылдамдығы секундына 200 мегабайт. Айырмашылық он… он үш бүтін оннан үш есе… Жер мен көктей деген өлшемнің өзі анадай мақтаннан кейін аз көрінеді. Жапония қазір ғаламтор желісін пайдалануда 6 G форматына көше бастаған. 

«Өз басым, біз Токионы басып оздық дегенге сене алмаймын. Жапония қазір телекоммуникация жүйесінің алтыншы сатысына өту арқылы, «жаңа қоғамның» құрылуына сеп болатынына сенімді. 6G ақпарат тарату жылдамдығы 5G-ге қарағанда кем дегенде 20 есеге жылдам болады. Жаңа жүйені зерттеу үшін Жапония билігі 2,03 миллиард доллар бөлген. Біз 4 G-ді меңгере алмай отырып, 5G жайлы әңгіме айтамыз. Шындап келгенде Қазақстанда көптеген елдімекендерде ғаламтор жоқ. Біздің министрлердің қандай көзілдірік киіп алғанын білмеймін», – дейді З. Ғабитова.

Иә, бізді «Цифрлық  Қазақстан» жайлы сиқырлы сөз құтқармайды. Бос күпінген мақтанмен көш соңында жүргеніміз жүрген. Себебі қазір тек Жапония ғана емес, АҚШ, Канада, Қытай тіпті іргеміздегі Ресей де 6G жүйесінің тиімділігін зерттеп әлек.

Ресей демекші,  осыдан екі жыл бұрын Бағдат Мусин Ресеймен бірлесіп цифрлық үкімет платформасын құрайық деп те біраз күпінді. Аталмыш министрлік ресейлік «Сбердің» IT-платформасын 500 млн долларға бағалап, осы қаражатты сырттан қарызға алмақшы да болды. Артынша қоғамда «Ресейге тәуелді болып, цифрлық тәуелсіздігімізден айырылып қалмаймыз ба» деген даулы сұрақтар да туындай бастады. Мусин соған қарамастан, «Сберге» өтудің тиімділігін мысал етіп, әзірге технологияны зерттеп жатқандарын  айтудан жалықпайды. 

Ойлап қарасақ, елде цифрландыру жүйесін жетілдіреміз, ғаламторды сапалы етеміз деп біршама қаражат жұмсаппыз. «Ақпараттық Қазақстан 2020» және «Цифрлық Қазақстан» бағдарламаларының аясында шамамен 324 млрд теңге қаражат бөлінген.Бұдан бөлек министрлік 2023 жылы 5G желісі үш қаланы қамтиды деген. Осыған байланысты деректерді білу үшін біз цифрлық даму министрлігіне арнайы сұрау да салдық. Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2025 жылы мұндай қалалардың саны 14-ке дейін өседі. Олардың болжамынша, технологиялық бейтараптықты қолдану және 5G және 4G-ге көшу есебінен елдімекендер 2G/3G-ден кезең-кезеңімен бас тартады. 2021-2025 жылдары 5G-мен қамту үшін барлығы 442 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр. Бұл ретте барлық қаржыландыру бюджеттен тыс, яғни операторлардың есебінен жүзеге асырылады. Оның ішінде 2023 және 2024 жылдарға 110,5 млрд теңгеден, 2025 жылға 221 млрд теңге жұмсау жоспарланған.

Алайда қыруар қаражат жұмсалғанымен, елдегі интернеттің жылдамдығы, керісінше, шабандап барады. Бұған қатысты өткенде мәжіліс депутаттары да интернет сапасы нашар және ұялы байланыс орнатылмаған ауылдардағы мәселелерді шешу үшін үкіметте арнайы комиссия құруды да ұсынды. Биылғы жыл басынан бері интернет сапасының нашарлығына қатысты 5 мыңнан астам шағым түскен. Қазақстандағы халық саны 200 мыңнан асатын 1 432 ауыл кеңжолақты мобильді интернетке қосылмаған. Бұл – ресми есепке алынған дерек. Ал есепке алынбағаны қаншама? Шынайы жағдайға тоқталсақ, ғаламторды атымен көрмеген елдімекендер саны бұдан әлденеше есе көп болуы мүмкін.  

ІТ саласының маманы, Дана Өмірзақ былай дейді:

— Негізінде, цифрлық даму министрлігі 2020 жылы халықтың 98,7 пайызын интернет желісіне кеңжолақты жүйемен қамтамасыз етеміз деп уәде берген. Өкінішке қарай, бұл уәде құрғақ сөз болып шықты.  Басқаны қойып, аталмыш министрлік пандемия кезіндегі олқылықтарды да күні бүгінге дейін шешуге асықпаған. Мәселен,  елімізде ғаламтор сапасы сын көтермейтін ауыл мектептері әлі де жетерлік. Ресми деректерге жүгінсек,  бүгінде 7 550 мектептің 58-інде мүлдем интернет қосылмаған. 192 мектепте интернет жылдамдығының төмендігі сонша, қарапайым сайтты іске қосып, интерактивті сервисті жүктеу мүмкін емес. Сонда бұл қыруар  қаражат    бөлінген  «Цифрлық Қазақстан» жобасының  сәтсіздігі емей немене?»

Есептесек, 2018 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан бюджеті көп жобаның бірі – «Цифрлық Қазақстан». Бұл бағдарламаға тек 2018-2019 жылдары қазақстандық салық төлеушілер қалтасынан 41,4 миллиард теңге, 2022 жылға ел бюджетінен 109 миллиард теңге, «квазимемлекеттік сектор қаражатынан» 169 миллиард теңге жұмсалған. Мұндай қомақты бюджеті бар бағдарлама цифрлық жүйемізді жетілдіріп, ғаламторымызды жүйткітіп, елдің үйде отырып-ақ қалаған әлеуметтік қызметті электронды түрде тез әрі жылдам алуына мүмкіндік ашуы тиіс-тін. Бұған қатысты дамыған елдер байланыс операторларын електен өткізіп, түрлі ғаламтор қызметін таңдап қолданып жүрсе, біз жоғарыда айтқанымыздай, ғаламторға шығу үшін төбешік таңдап, биік төбелерге секіріп-түсіп есіміз шығады. Платформалардан мән кеткен, интернетіміз өлеусіреп жұмыс істейді.  

Ол аздай, елдегі байланыс операторлары тамыз айынан бастап тарифті қымбаттатуға бекінді. Олар мұны инфрақұрылым шығындарының артуы, ғаламдық логистикалық тізбектің бұзылуы, инфляция және басқа да себептермен түсіндіреді. Бірақ қарапайым халық байланыс тарифтерінің қымбаттауына министр Мусиннің 11 шілдеде президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуінде  айтқан сөзі ықпал етті деседі. Ол кезде Бағдат Мусин  интернеттің әлсіз болу себебі тарифтерге баға белгілеуде екенін айтқан болатын. Оның сөзінше, басқа елдермен салыстырғанда Қазақстанда тарифтер тым арзан және біздің пайдаланушылардың интернетте көп отыруынан да елдегі интернет сапасыз.  

Расымен де Мусиннің осы сөзінен кейін  байланыс операторлары бірінен кейін бірі тариф бағасын көтеріп тастады, ал интернет сапасы сол бұрынғы сын көтермейтін күйінше қалды. Соңғы күндері тіпті нашарлап кеткенін айтып, шағынып жүргендер көбейіп кетті. 5G қосылды деген аймақтарда интернеттің мүлде ұстамайтынын айтушылар да аз емес. Әлеуметтік желіде күнде жазылады. Елдің Мусинді келекелеуі де дәл осындай жазбалар көбейіп тұрған шақтағы бөспелігіне деген шарасыз күйініш деуге болады.

Қазір қазақстандықтар министр Бағдат Мусиннің отставкаға кетуін талап етіп, петиция жариялап жатыр. Петицияға 6 мыңнан аса адам қол қойған. Қол қоюшылар саны уақыт өткен сайын көбейіп жатыр.  Бірақ бұған дейін елде бірде-бір әкім не министр петицияның пәрменімен орынтағымен қоштасқан жоқ. Соған қарағанда, Мусин әлі де елдегі интернет желісінің жүйткіп тұрғанын мақтанышпен айта беретін шығар. Интернеттің нашарлығынан ба екен, әйтеуір соншама жұрт шулап қол қойған петициялар Ақордаға жетпей-ақ қойды.

Интернет бойынша әзірге Токионы басып оздық. Иә, жапондар қазақтар сияқты биікке секіре алмайды, тауға шыға алмайды. Жапондар қазақтар сияқты сай-саланы зерттеп, тастың өзінен интернет шығара алмайды. Абайдың «Тастан түлкі табылар аңдығанға...» деген өлеңін «аңшы» қазақтарға қаратып айтқан деп түсінетін Мусин, ізденімпаз елін жапондардан да жоғары бағалап, бір қуантып қойғысы келген шығар.

Тегтер: