16:11, 21 Ақпан 2019
Мақтаулы бассейннің құрылысы биыл басталады
2017 жылдан бері айтылып келе жатқан алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында ашылатын Олимпиадалық жабық жүзу бассейнінің құрылысы биыл басталады.
Бұл туралы Алматы облысының әкімінің есеп беру жиынында айтылды. Әсіресе соңғы жылдары облыс орталағын көркейту үшін түрлі ғимараттар мен инфраструктуралық құрылыстарды қарқынды жүргізіп келе жатқан Алматы облысы спортқа да ерекше мән беріп жүр. Облыс орталығының өзінде бірнеше спорт сарайы, үлкенді-кішілі стадиондар, балалар алаңдары, балалар мен жасөспірімдер спорт-интернаттары мен мектептері, теннис корты жұмыс істеп тұр. Әрине, бұқаралық спортты дамыту үшін бұл толық жеткілікті деуге келмейді. Себебі, бұқаралық спорттың дамуы үшін спорттың барлық түрінен үлкен-үлкен орталықтар болуға тиіс. Осыны ескере келе, 2017 жылы Талдықорған қаласының орталығынан Олимпиадалық жүзу бассейнін салу туралы жоба жасалған.Жобаға сәйкес, жабық жүзу бассейні қаланың «Жастар» саябағы мен «Жастар» спорт сарайы орналасқан оңтүстік-батыс тұрғын үй алабында тұрғызылады. Олимпиадалық стандарттардың бәріне сай келетін бассейн алаңы 27 мың шаршы метр болады. Сәулеттік кескіні балықтың сұлбасына негізделіп жасалады. Жоба туралы облыс әкімі амандық Баталов: – Біз спортты дамытуға бар күшімізді жұмсаймыз. Міне, республикада баламасы жоқ бассейн салмақпыз. Жоба жүзеге асқаннан кейін су спорты түрлерінен әлем чемпионатын өткіземіз әлі. Қалалықтар жұмыстан бос уақыттарында бассейнге барып, жүзумен айналысатын болады. Барлығымыздың 50 метрлік қашықтықты бағындырғымыз келетіні рас қой?! Мұнда ең мықты жаттықтырушыларды жұмысқа шақырамыз. Болашақ чемпиондарға қажетті барлық жағдайды жасаймыз. Барлығы дұрыс болса, Талдықорғанның су спорты түрлерінің орталығына айналғанын да көретін күн келеді, – деген болатын.Жоба олимпиадалық жабық жүзу бассейні аталғанмен, бұл жерде тек спортшылар емес, қарапайым адамдар да уақытын өткізіп, денсаулығын түзеуге мүмкіндік алады. Спорт даму үшін бұқара халық жаппай айналысып, жабыла айналысу керек. Оның сыртында, бұл спорттық нысанда су спортына қатысты үйірмелер, мектептер ашылады. Демек, бұл республика бойынша теңдессіз, баламасы жоқ деп отырған су спорты орталығында тек Талдықорған қаласының тұрғындары ғана емес, алыс-жақын өзге де облыстан келіп, арнайы спортпен айналысам дегендерге мүмкіндік туады.Ғимарат жердің бетінен төмендете салынады. Амфитеатр формасында тұрғызылмақ. Бұл ерекшелік – көрермендердің жүзушінің барлық қимыл-қозғалысын анық көрулері үшін ыңғайлы. Бес, жеті және он метрлік суға секіру тұғырлары жоспарланған. Сонымен бірге, бассейнді үйлесімді жүзуге де пайдалануға болады. Бассейн ғимараты жертөлені қоса алғанда, үш қабатты болады. Әмбебап бассейн жүзу бойынша оқу-жаттығу жиындарын жүргізуге, аквааэробикаға, суға секіру мен су добын ойнауға болады. Көрермендерге арналған орындар саны – 2 мың.Жалпы, бұл спорт сарайының тағы бір атқарар ролі – қаланың келбетіне ықпалы ескерілген. Қаланың ең бір көрнекі орнының бірі болады деп күтілуде. Өйткені, тура жанында саябақ пен спорт сарайы тұр, одан ары жалғасып жататын байссейннің жалпы аумағы да абаттандырылады.Фото: aikyn.kz