Марафон тарихы: Афинадан Алматыға дейін

20 сәуір, жексенбі күні оңтүстік астанада Алматы жартылай марафоны (Almaty Half Marathon) өтті. Алматы марафоны 2013 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Әр жылы қыркүйекте – толық, ал сәуірде – жартылай марафон өтіп жүр. Ресми ақпаратқа сенсек, биылғы жарысқа 40 елден келген 10 мыңнан аса спортшы қатысыпты.
Жартылай марафонға қатысқан азаматтар бірнеше қашықтық бойынша сынға түсті – 21,1 км, 10 км, 10 км скандинавиялық жүріс және экиден эстафетасы. Ұйымдастырушылар «Орта Азиядағы ең ірі марафон жарысы» деп әспеттегенімен, жаяулар бәйгесі жалпы жұрттың назарын аударып, бұқаралық сипат алды деп айта алмаймыз. Жексенбі таңда бірнеше көше жабылып, тұрғындардың жүріп-тұруы біраз қиындағаны болмаса, еш дабырасыз өтіп кетті.
Ең өкініштісі, жарыс барысында екі адам – 84 жастағы Аққоян Рсалиев пен 21 жастағы Нұрбол Ахмади қайтыс болды. БАҚ-та тараған ақпаратқа сүйенсек, көз жұмған екі азамат та жартылай марафонға (21,1 км) қатысқан. Егде жастағы тұрғын жарыстың алғашқы шақырымында, әл-Фараби даңғылы бойында өзін жайсыз сезініп, құлаған. Жедел жәрдем жылдам жеткенімен, оны құтқарып қала алмаған. Дәрігерлер алдын ала өкпе артериясының тромбоэмболиясы деген диагноз қойып отыр.
Ал Нұрбол Ахмади жарыстың 16-шақырымында есінен танып құлаған. Жедел жәрдем жеткен кезде тіршілік белгісі болмапты. Дәрігерлер оның өліміне де өкпе артериясының тромбоэмболиясы себеп болды деген болжам айтып отыр. Өлімнің нақты себебі сот-медициналық сараптама нәтижелерінен кейін белгілі болады. Ұйымдастырушы тарап жарысқа қатысушылар денсаулығында кінәрат жоқ екенін растап, қолхат бергенін айтып отыр.
«Жарысқа тіркелу кезінде барлық қатысушылар физикалық тұрғыда дайын екенін растап, өз денсаулығына толық жауапты екенін көрсететін қолхатқа қол қояды. Бұл – халықаралық тәжірибеде қабылданған ереже. Жыл бойы біз қатысушылар үшін тегін жаттығулар мен дәрістер ұйымдастырамыз. Жарыс күні барлық тамақтану нысандарында медицина қызметкерлері кезекшілік етеді. Жолдар алдын ала полиция және жедел жәрдем қызметтерімен бірге пысықталады», – дейді «Бірінші болу батылдық» корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева.
Алматы марафонында мұндай оқыс оқиға алғаш рет тіркеліп отырған жоқ. Мысалы, 2018 жылы 18 жастағы студент Максим Королев жарыс кезінде жүрек ұстамасынан қайтыс болған. Ал 2022 жылы 47 жастағы Рүстем Садықов 10 км қашықтықты жүгіріп өткеннен кейін көз жұмды. Реанимациялық шаралар 30 минутқа созылып, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Оған да жүрек ұстамасы диагнозы қойылған.

Биылғы екі адамның өлімінен кейін блогер Ғалым Байтук әлеуметтік желіде жазба жариялап, Алматыдағы жарыс кезінде бұған дейін де адам шығыны болғанын айтып, қаланың ауа сапасы марафон өткізуге жарамсыз екенін мәлімдеді. Сондай-ақ 84 жастағы тұрғынның 21 шақырымға жүгіруге қалай рұқсат алғанына таңғалып жатқандар көп. Ұйымдастырушылар әр қатысушы жарыс алдында медициналық тексерістен өткенін растайтын анықтама ұсынатынын айтады. Бірақ біздің елде ақысын төлесең, кез келген анықтаманы қолдан жасап беретін медициналық мекемелер аз емес. Демек бұдан кейін жүйріктердің денсаулық жағдайын жіті тексеру керек деп есептейміз.
Марафон деген не?
Кейінгі кезде жұрт трендтен түспеуге тырысатын болды. Көп адам желіде жылт еткен жаңалықты қағып алып, қайталағысы келіп тұрады. Жаппай марафон жүгіру де сол трендтің бірі. Иә, жаяу жүгіру денсаулыққа пайдасы болмаса, зияны жоқ салауатты әрекет. Бірақ жүгіргеннің жөні осы екен деп, денсаулыққа қарамай өзіңді қинаудың мәні жоқ. Марафонның өз ережесі, тәртібі болады. Дайындықтан өткен, белгіленген қашықтықты жүгіріп өтуге жарамды адамдар ғана жарыс жолына шыққаны абзал.
Марафонды жүгіріп не жүріп өтуге болады. Әдетте жарысқа қатысушылар арасында ешқашан ұзақ қашықтыққа жүгіріп көрмеген, дайындығы жоқ адамдар кездеседі. Олар көп адам қатысқан жаяу бәйгенің атмосферасын сезіну үшін немесе трендтен қалмау мақсатында жүгіреді. Әрине, қатысу жарнасын төлеп, қайырымдылық жасағысы келетін тұрғындар да бар екенін жоққа шығармаймыз. Бірақ кез келген адам мұндай алысқа жүгіру үшін арнайы дайындық керек екенін естен шығармау қажет. Әйтпесе, денсаулыққа қауіп төнуі мүмкін.

Марафон – ұзақ қашықтыққа жүгіру жарысы. Әдетте спортшылар мәреден сөреге дейін 42,195 километр жолды басып өтеді. Марафонның пайда болуы мен оның қашықтығы антика дәуіріндегі Грекия тарихымен тығыз байланысты. Аңыз бойынша, марафон атауы Грекияның Марафон қаласынан шыққан. Б.з.д. 490 жылы парсылар мен гректер соғысып, Марафон қаласы маңында грек сарбаздары жеңіске жетеді. Осы қуанышты Афина қаласына жеткізу міндеті Фидиппид (кей жазбаларда Филиппид) есімді жауынгерге жүктеліпті. Ол Марафоннан Афинаға дейін 42 шақырым жүгіріп барып, халықтан сүйінші сұраған. Бірақ сол жерде демі үзіліп, бақилық болыпты-мыс. Осы оқиға кейінірек қазіргі марафон жарысының қалыптасуына себеп болған.
Ең алғашқы марафон 1896 жылы, Афинадағы Олимпиада кезінде өткен. Жарыс әу баста 40 км болды. Алғашқы бәйгеде грекиялық спортшы Спиридон Луис 40 шақырымды 2 сағат 58 минут 50 секундта жүгіріп өтіп, чемпион атанған. 1908 жылғы Лондон Олимпиадасында марафон қашықтығы 42,195 км болды. 1924 жылы осы қашықтық халықаралық марафондар үшін стандарт болып бекітілді.
1970 жылдарға дейін марафон тек ерлердің жарысы саналған. Марафон ережесінде спортшының жынысына қатысты ешқандай шектеу болған жоқ, бірақ көпшілік бұл бәсеке ерлерге ғана арналған деп түсінетін. Әйелдер қауымның физикалық дайындығы мұнша ұзаққа жүгіруге жететініне ешкім сенбеді. Бұл түсінікті 1967 жылы 19 сәуірде өткен Бостон марафонында Катрин Швитцер есімді 20 жастағы американдық студент бұзды. Ол марафонға қатысар алдында жынысы жайлы нақты ақпарат бермеген. Жарыс барысында ұйымдастырушылар оны байқап қалып, бәйгеден шығарып тастауға тырысқан. Бірақ Швитцер айтқанынан қайтпай, мәреге жетіпті. Жеті жылдан кейін ол Нью-Йорк марафонында топ жарған.

Қазір әлемнің 83 елінде ресми тіркелген 800-ден астам марафон бар. Оның арасында Берлин, Бостон, Чикаго, Лондон, Нью-Йорк және Токио марафондары өте танымал. Бұл жарыстарда жеңіске жеткен спортшыға қомақты сыйақы беріледі. Сондай-ақ теңіз деңгейінен 5184 метр биікте өтетін Эверест марафоны, Уэльстегі адам мен ат марафоны, Солтүстік полюсте өтетін ең суық марафон, Йорданияда өтетін ең ыстық марафон, Тайландта өтетін кешкі марафон, Оңтүстік Африкада өтетін экстремалды марафон сияқты ерекше жаяу жарыстар бар.
Әлемдегі ең танымал марафондар:
Бостон марафоны (АҚШ) – әлемдегі ең көне марафон. 1897 жылдан бері өткізіліп келеді.
Нью-Йорк марафоны (АҚШ) – әлемдегі ең үлкен марафон. 1970 жылдан бері өткізіліп келеді, оған жыл сайын 50 мыңнан аса адам қатысады. Жарыс Нью-Йорк қаласының барлық бес ауданы аумағында өтеді.
Лондон марафоны (Ұлыбритания) – әлемдегі ең маңызды марафондардың бірі. 1981 жылдан бері өткізіліп келеді. Жарыстан бірнеше миллион фунт стерлинг көлемінде қайырымдылыққа арналған қаржы жиналады.
Берлин марафоны (Германия) – 1974 жылы басталған, онда әлемдік рекордтар жиі жаңарып тұрады. Себебі Берлиннің тегіс жолдары мен жайлы ауа райы марафоншылар үшін өте қолайлы жағдай туғызады.
Токио марафоны (Жапония) – Азиядағы ең маңызды марафондардың бірі. 2007 жылдан бері өткізіліп келеді.
Чикаго марафоны (АҚШ) – әлемдегі ірі марафондардың бірі. 1977 жылдан бері өткізіліп келеді.
Марафонның мәні неде?
Марафон – кез келген адам қатыса алатын әлемдегі жалғыз спорт түрі. Жоғарыда біз атаған ірі марафондарға кез келген адам жасына, жынысына, кәсіпқой спортшы болған-болмағанына қарамай қатыса алады. Әрине, белгілі шарттар бар. Ең алдымен денсаулығың жарысқа жарайтынын дәлелдеуің қажет. Екіншіден, бәйгеге тіркелу үшін белгіленген мөлшерде жарна төлейсің. Жарыстың дәрежесі жоғары болған сайын, қатысу құны өсе береді. Мысалы, Эвересте өтетін әйгілі марафонға қатысу үшін 2450 фунт стерлинг төлеуге тура келеді. Сондай-ақ Бостон, Берлин сияқты беделді марафондардың қатысу құны шамамен 250-300 доллар болады.

Қазақстанда өтетін жарыстардың бағасы бұлардан біршама төмен. Мысалға өзіміз сөз етіп отырған 20 сәуірдегі Almaty Half Marathon-ын алайық. 21,1 км қашықтыққа жүгіру үшін – 15 мың, 10 шақырымға – 15 мың, скандинавиялық жүріс 10 км – 14 мың, экиден эстафетасы (командада 4 адам) – 160 мың теңге төлейсіз. Ал қыркүйекте өтетін толық марафонның қатысу құны сәл жоғары. 42,195 км – 18 мың, 21,1 км – 16 мың, 10 км – 16 мың, скандинавиялық жүріс 10 км – 14 мың, экиден эстафетасы – 240 мың теңге.
Әлемнің кей елінде марафон спорттық жарыс деңгейінен шығып кеткен. Ол бұқаралық спортты дәріптеп, азаматтарды салауатты өмір салтына шақырады. Марафон – физикалық сынақ қана емес, рухани жетістікке жетудің жолы ретінде үлкен маңызға ие деуге негіз бар. Жүгіруден рухани жан дүниесіне азық тауып, марафонды өмірінің мәніне айналдырған замандастарымыз аз емес.
Сондай-ақ марафон қазір әлем экономикасының маңызды бөлігіне айналған туризм саласын дамытуға оң әсер етіп отыр. Саяхатшылар айтулы марафондарға қатысып, өзі барған қаланың тыныс-тіршілігімен танысқысы келеді. Сол үшін ұйымдастырушылар жарыстың сөресі мен мәресін қаланың ең әдемі, орталық алаңдарына орналастырады. Мысалы, Париж марафоны Елисей алаңында басталса, Лондон марафоны Букингем сарайында аяқталады. Мұның бәрі марафонға қатысқан және жарысты телеэкраннан көрген шетелдік туристерді қызықтыру үшін жасалатыны анық.
Мұндай халықаралық спорттық іс-шаралар дұрыс ұйымдастырылса, инвестиция тарту мен туризмнің дамуына үлес қосады. АҚШ-тағы ірі Бостон, Нью-Йорк марафондарының арқасында мемлекет қазынасына жыл сайын 200 млн доллар түсетін көрінеді. Әлемде 12 мыңнан аса қалада марафон өтеді деген ақпарат бар. Демек жаяу бәйгенің адамзат қоғамы үшін құндылығы артып келеді.
Қазақстанда да марафон жарысының танымалдылығы артып келеді. Біздің елде де «трендтен қалмай» марафонға қатысатын адамдар көбейген. Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды, Талдықорған сияқты қалаларда марафон өтіп жүр. Бірақ олар әлемдік деңгейге жеткен жоқ. Туризмді дамытуға, инвестиция тартуға пайдасын тигізді дей алмаймыз. Қазақстанда туризм ақсап тұрғаны жасырын емес.
20 сәуірдегі Алматы жартылай марафонына Өзбекстан, Ресей, Ұлыбритания, АҚШ, Үндістан, Қытай қатарлы 40-тан аса мемлекеттен қатысушы келгені хабарланды. Алматы марафоны 2013 жылдан бері өтіп келеді. Ұйымдастырушылар жыл сайын ондаған елден, мыңдаған қатысушы келгенін хабарлайды. Бірақ біршама қаржы жұмсалған жарыстардың ел спорты мен туризміне пайдалы болғаны әлі дәлелденген жоқ. Әр марафоннан ел есінде жылы естеліктерден гөрі жол жабылғанына наразы шағымдар ғана қалады...
Қуаныш Қаппас