Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:22, 19 Маусым 2020

Маршалдың оққағары

           1985 жыл. Ұлы Отансоғысындағы Ұлы Жеңістің 40 жылдығын тойлауға қызу дайындық басталды.

Ол кездеСемей қаласында   ішкі істер органдарында қызмет еткен 100адамнан асатын соғыс ардагерінің көзі тірі еді. 1 ақпан күні таңертең өзкабинетіне облыстық ішкі істер басқармасының бастығы, полковник ӘбдіқайымНұрқайұлы Исабаев (ол кезде полковникболатын, генерал-майор атағы 1986 жылдың қараша айында берілді) шақыртты.Кабинетіне кірсем, саяси бөлімнің бастығы, милиция подполковнигі ТоқтарқожаҚұрмашұлы Болысбаев та отыр екен. Жеңіс күні болатын салтанатты жиналысқабаяндама дайындауды маған тапсырды. Екі жарым ай уақыт берді. Барлық қосалқы (кезекшілік, іссапар, тексеріс, спортжарыстары) қызметтердің бәрінен дерлік босатты. «Баяндама ерекше болсын, – дедіӘбдіқайым Нұрқайұлы, – құр сөз болмасын. Соғыс ардагерлерінің бәрімен жүзбе-жүзкездес. Жүріп-тұратындарын көлікпен алдыр, денсаулығына байланысты үйден шығаалмайтындардың отбасына бар. Естеліктерін мұқият жазып ал. Әңгімелерін бұзбай тыңда, сөздерін бөлме. Ірікте,талда, топтастыр, қорыт. Тартымды болсын. Бірде-бір ардагер тыс қалмасын. Баяндаманыңбірінші нұсқасы 15 сәуірде дайын болсын. Баяндамаға берілетін уақыт 45 минут.Ал, іске сәт!»

    Жұмысқа кірісіп кеттім. Құдай-ау, неткенқайыспайтын ұрпақ еді, сол кезеңнің ардагерлері. Қаза берсең, шыға беретінтүпсіз кен орны сияқты. Ерлік дастанын күнде оқып жатқандай болдым. Бір ардагерүш бірдей «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталыпты, екінші бір ардагерде үшбірдей «За отвагу» медалі бар екен, енді бірі қайыққа мініп Днепрден өткенде, 15 жауынгерден жалғыз өзі тірі қалғанынжылап отырып айтады, енді бірі Сталинград шайқасы кезінде Волгадан су емес, қанаққанын селкілдеп, еңіреп отырып айтты. Ардагерге қосылып отырып жылаған  күндерім де болды. Ардагерлердің айтқандарыныңбәрін аты-жөнін айтып, амалын тауып баяндамаға кіргіздім.

   Сонымен, тапсырма орындалды. Баяндама дайынболды. Жеңіс күні келіп жетті. Салтанатты жиналыс басталды. Баяндаманыңортасына таман келгенде, Әбдіқайым Нұрқайұлы залға бір қарап алып: «Ардақты ардагерлер!Бүгін біздің ортамызда Сталинград майданында жаумен шайқасып жүріп, майданныңжағдайымен танысуға ұшып келген маршал Жуковтың оққағары болған, отставкадағыподполковник, ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері ҚасымҚұрманғалиев отыр», – дегенде, залдағылар гу ете қалды. Салтанатты жиналыстыңпрезидиумында отырған Қасым ата тұғырдан таймаған бүркіттей болып, селт еткенде жоқ. Иә, Қасым атаның бұл қырынан талайлар хабарсыз еді.

    Қасым ата кабинетке кіріп келгенде тізіліптұрған орындықтардың ешқайсысының сай келмейтінін бірден ұқтым. Тау тұлға. Тікарқа. Текті сүйек. Сол кезде сұлу қартайған Қасым ата 78 жастағы қайратты қарияболатын. Жүгіріп барып партия комитетінің мәжіліс залынан былғарымен қапталғанүлкен орындық әкелгенде, күлімсіреп «Е-е, балам, мынауың жөн болды», – депәңгімесін бастап кетті. «Соғыс жылдары мен «Смерште» қызмет еттім», – дегенде,алдымда 40 жыл  аты таныс, түрін көрудіармандап жүрген батыр барлаушыға кездейсоқ жолыққандай болдым. Сөйтіп отырғандаҚасым атаның кеудесіндегі «За оборону Сталинграда» медаліне көзім түсіп кетіп: «Сталинградтаболдыңыз ба?» – дегенімді білмей қалдым. «Соғысқа барардың  алдында осы Семейде 10 жылдай ОГПУ-да (Біріккен мемлекеттік саяси басқарма)қызмет етіп, облыстық милиция басқармасында бөлім бастығына дейін көтерілдім. Соғысбасталғанда бірнеше рет арыз жазып, майданға сұрансам да, 1942 жылға дейінәскер қатарына алмады. Себебі менде бронь бар болатын. Қайта-қайта арыз жазыпжүріп, әскер қатарына шақырылып, 1942 жылдың мамыр айында Мәскеу соғысокругінің НКВД (ішкі істер халық комиссариаты) ерекше бөлімінің (особый отдел) қарамағына келдім. Біраптадан кейін сол күндері жасақталып жатқан 47-ші гвардиялық миномет полкінің,248-ші гвардиялық дербес миномет дивизионының НКВД ерекше бөлімінің оперативтікөкілі болып тағайындалдым. Сол кездегі совет армиясындағы барлық минометтікқондырғылар, оның ішінде, әрине, М-16 «Катюша» да бар, көздің қарашығындайқорғалды. Тіпті адам өмірінен де қымбат деуге келер еді. Ол қондырғылар ешбіржағдайда жау қолына түспеуі керек. Ондай қауіп шындап төнгенде қондырғыныңтүгін қалдырмай, жойып жіберу керек. Жау оның бір тетігін де көрмеуі қажет. Олөте құпия қару болды. Оған қызыққан жау тынымсыз астыртын әрекеттерге барыпжатты. Менің басты міндетімнің бірі – осындай арам пиғылдың алдын алып, өзжағымыздан болсын, жау тарапынан болсын жауызды қолға түсіру немесе жойыпжіберу.

    Бір айдан соң, 1942 жылғы мамыр айыныңортасында бізді эшелонмен Сталинградқа әкелді. Қала үшін шайқастың қызып, жанберісіп, жан алысып жатқан кезі еді.  Олуақытта бәрі құпия болды, қазір айтуға болады. Жауға қарсы тойтарыс беріп, қалайболса да, Сталинградты қорғап қалу үшін стратегиялық «Уран» атты шабуылоперациясы құпия жағдайда дайындалып жатты. Сол шабуылдың егжей-тегжейінпысықтау үшін Сталинград майданына бас қолбасшының бірінші орынбасары, ол кездеармия генералы Г.К.Жуков ұшақпен жиі келіп-кетіп жатты. Қас қарая, түнде, таңғажақын дегендей. Бір күні мені жедел түрде штабқа шақырып алды да, өте жауаптытапсырма берді. Таң қылаң бере Г.К.Жуков ұшып келетін болыпты. Аэродромда олкісіні ұшақтан көлікке дейінгі арақашықтықты жүріп өткенше күзету мағантапсырылды. «Өзі бірінші болып амандаспаса, қасына жақындама. Бір көзіңЖуковта, екінші көзің жан-жағыңды бақылауда болсын» деп қатаң ескертті. Ұшаққонды. Г.К.Жуков баспалдақтан барынша жинақы, жеңіл қимылмен жерге секіріп түсті,арамыз 20 метрдей болар-ау, шамасы. Маған басын изеп амандасты. Мен қаққанқазықтай қақшиып тұрып «честь» бердім. Көлікке жеткенше қатарласып жүріпотырдым.

     Кешке, елең-алаңда аэродромға  бас қолбасшы Сталиннің бірінші орынбасарыГ.К.Жуковты шығарып салуға тағы келдік. Енді мен ол кісіні көліктен ұшаққадейін күзететін болдым. Арамыз тағы да сол қашықтық. Қатарласып жүріп келемін.Ұшақтың баспалдағына жақындағанда ол кісі бұрылып, бәрімізге қарап тұрып оңқолын көтерді. Әскери тәртіп бойынша «честь» бердік. Міне, мен осындайтапсырмаларды да орындаған едім, балам», – деді екі қолын таяғына сүйеп отырып.«Диверсанттармен, шпиондармен бетпе-бет келген кездеріңіз болды ма?» – депсұрадым әңгімеге тарта түсейін деп. «Менің қызметімнің өзі сол ғой. Мынаордендерім мен медальдарымның арасында мен үшін өте қымбат екі наградам жоқ.Бар ғой, бірақ кеудеге тағылмайды. 1943 жылдың қаңтар айында совет әскерініңформасын киген диверсанттарды қолға түсіргеннен соң, мені  полк қолбасшылығы ең үлгілі қарсыбарлаушы (контрразведчик)деп, қанжармен марапаттаса, 1944 жылдың сәуір айында Венгрия жерінде шабуылғашығып бара жатып бір елді мекенде қасымдағы аудармашым (переводчик) екеуміз немісфашистерінің унтер-офицері басқарған 11 жау барлаушысының үстінен түстік.Шайқаса кеттік. Ұрыс көпке созылған жоқ. Сегізін жойып жібердік, үшеуінтұтқынға алдық.  Осы шайқастан кейін полккомандирі мені атаулы (именной) «Вальтер» пистолетімен марапаттады. Мен ол кездемемлекеттік қауіпсіздік қызметінің гвардия капитаны едім», – деді де, тайыншаныңтерісіндей жалпақ оң алақанымен екі бетін сипап отырды (Қасым атаның осы екі ерекшемарапаты, жауынгерлік ордендері мен медальдары Нұр-Сұлтандағы мұражайдасақтаулы тұр).

   Майдан даласында алған барлық ордендері менмедальдарының тарихын айтып берді. Мысалы, «Қызыл жұлдыз» орденімен Днепрденөткенде марапатталған. 1943 жылғы қыркүйектің 29-ында көзге түртсе көргісіз түнжарымда Сошиновка деревнясының маңында артиллериялық қару-жарақтың бірінқалдырмай,  Днепрдің оң жағасына  өткізуді жеке өзі басқарған. Бірде-бірқондырғыны суға батырмай алып шыққан. «Мынау І дәрежелі «Отан соғысы» ордені.1944 жылдың күзінде Карпаты Альпісінде Айтоз (Румыния жері) деген елді мекендеполк командирі ауыр жарақаттанып, саптан шығып қалды. Полкті маған басқаруғатура келді, 1111 метрлік биіктікті басып алдық та, соңымыздан қалмай кележатқан өз әскерімізге Венгрияны азат етуге жол ашып бердік. Осы орденге сондаұсынылғанмын», – деп ойланып қалды Қасым ата. «Румынияны, Венгрияны, Польшаны,Чехословакияны, Югославияны, Болгария, Австрияны азат етуге қатысып, соғысты1945 жылы мамыр айының 6-сы күні Австрияның Фонсдорф  қаласында аяқтадым. Бірнеше рет жараландым,екі рет контузия алдым. Соғыс біте сала елге қайта алмадым. Мемлекетіміздіңбіраз жауапты тапсырмаларын орындап, туған елге 1946 жылдың тамыз айындаоралдым», – деп, әңгіменің біткенін білдіргендей орнынан тұрып, қолындағытаяғын маған ұстатып қойып, тонын киіп жатқанда академик Қаныш СәтбаевтыңАнглияға барғанда айтқан «Мен қазақтың ішіндегі ең кішкентайымын, үлкендерініңбәрі елде қалды» деген сөзі еріксіз есіме түсті.

    Қасым ата 1945 жылдың маусым айының 18-індемедициналық зерттемеден өтіп, денсаулығының жақсы қалыпта екені анықталған.1946 жылы мамыр айының 29-ында қарсыбарлау (контрразведка) «СМЕРШ» қызметініңбасшылары Қасым атаға мынадай мінездеме бекітеді. «Құрманғалиев жолдасдивизияның қарсыбарлау «СМЕРШ» қызметінде болған жылдары өз міндетін үлкенжауапкершілікпен атқарып, басқа оперативтік қызметкерлерге үлгі бола білді.Соғыс аяқталған соң, отбасына оралуды мақсат етеді, соған қоса, қызметінтерриториялық органда жалғастырғысы келеді. Аға оперативтік өкіл лауазымыналайық. Қазақ Республикасының органдарында НКВД аудандық бөлімі бастығылауазымында чекистік қызметін жалғастырғаны орынды болады», – деп жазып, барлықбастықтары құжатқа қол қояды.

     1946 жылдың қараша айынан бастап ШығысҚазақстан облысындағы мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Ұлан аудандықбөлімінің бастығы болып тағайындалады. Қасым ата  майданда қаншалықты қайратты болса, бұлқызметте де қажырлы болды. Жетістіктерге жетті. Қызметі өсті. 1951 жылы Семейоблыстық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары болып жоғарылады. Бұлқызметте де жемісті еңбек етіп, 1958 жылы наурыз айының 26-сында денсаулығынабайланысты отставкаға шықты. Адал қызметі ақталып, 1947 жылы мамыр айының 21-інде«Қызыл жұлдыз» орденімен, 1957 жылы сәуір айының 8-інде әскери «Қызыл ту»орденімен марапатталады. Міне, бүгінгі тәртіп сақшыларына үлгі боларлық өмір,қызметке деген адалдықтың айқын дәлелі.

    1984 жылдың күзінде мен органға келгендемайдангер ағалардың соңғы легі зейнетке шығып жатқан кез еді. Оларды көсемдейкөретін едік. Зейнетке шығып кетсе де, арасын суытпай, өздері қызмет еткенбөлімдер мен бөлімшелерге жиі-жиі келіп кететін еді, жарықтықтар. Жалындыжастық шағын сағынады екен ғой. Олар ешкімнің кабинетіне сығаламайтын. Ешкімоларды сығалатпайтын. Асылындай ардақтайтын. Заман солай еді. Ардагерлерді туетіп төбеге көтеретін заман болатын. Сол кездің бүгінгі буын ескере бермейтінбасты ерекшелігі не деп ойлайсыз? Ұрпақ сабақтастығының беріктігі керемет еді.Аспаннан ешкім түспейді. Бүгінгі күн кешегіден басталады.  Біздің буынның кешегісі от кешкен, кеудесіноққа төсеген, қар жастанып, мұз төсенген Қасым ағалар еді.

    (Мақаланы дайындау барысында БақытбекҚабыкеновтің «Родом из «СМЕРША» атты кітабының көп көмегі тиді).

      Әли-Хан ОМАРБЕКОВ,

       отставкадағы полковник                                                  .

   

    

Тегтер: