Мәселе сайлауда емес, өзімізде!
Президент сайлауы алдындағы үгіт-насихат жарысы басталған екен. «Әттең-ай» дейтін бір нәрсе, бұл жолы президенттік сайлаудың бұрынғы сайлаулардан еш өзгешелігі жоқ дейді.
Дувановтан бастап, Шораевқа дейін оппозиция жағында жүр-ау дейтіндердің бәрі «Жеңімпазы белгілі бұл сайлау», деп жан-жақтан сынап жатыр. Олардың басты реніші – «сайлау тура елбасының кезіндей, қуыршық қарсыластардың қатысуымен өтпек». Шындығында қалай?
Олай болса: Бес қуыршақ пен бір кандидат қана қатысқалы отыр сайлауға дейтіндердің айтпақ ойы қайсы? Тап солай бола қалған күнде де бұған кім кінәлі?
– Президент сайлауына қатысу үшін, мәселен, Ермұхамет Ертісбаев пен Болат Әбіловтің қазақ тілін толық меңгеріп алуына ешкім кедергі жасаған жоқ қой? Әлде, олар мемлекеттік тіл бойынша емтихан тапсыру туралы талап жойылады деп үміттенді ме? Оппозициялық көзқарастағы көптеген қалталы бизнесмендеріміздің талай жылдан бері өз қатарынан халық алдында сүйкімі бар, Тоқаевпен сайлауда тең тайталаса алатын лидерлерді өсіріп шығаруына еш кедергі болмап еді. Өкінішке қарай, Қазақстанда шын саясаткерлер мен шын саяси партиялар жоқ. Бәрі жалған. Олар президент сайлауына тапсырыс алуға болатын тендер сияқты қарайтын кілең бейімделгіштер. Тендер жарияланса, сайлауға қатысады. Ұтылып қалса, індеріне қайта тығылып қалады. Негізі, саясат деген үлкен іс қой. Ендеше, онымен саясатқа бар өмірін арнауды шешкен кәсіпқой мамандар айналысуы керек.
Мысалы, көрші Ресейде Григорий Явлинский деген кәсіби саясаткер бар, соңғы отыз жыл бойы елдің саяси-экономикалық жағдайын, ел өмірінің барлық тұстарын жан-жағынан саралап, күн сайын саясатпен айналысады. Елдегі өзгерістерге байланысты өзінің саяси бағдарламасына да өзгерістер енгізіп отырады. Ал енді Путин ертең кезектен тыс сайлау өтеді деп жарияласа, Явлинскийлер бас салып, байбалам салмайды, «ойбай-ау, сайлауалды бағдарламамызды әзірлеуге уақыт бермей, Путин әдейі істеп отыр», деп жыламайды. Оның орнына барлық сұрақтарға жауаптары дайын тұрған өздерінің саяси бағдарламаларын қуана-қуана ұсына қояды. Міне, кәсіби саясаткер деген солар, – дейді журналист Ибраш Нүсіпбаев.
Иә, енді Қазақстанда саяси реформалар жасалып, саяси партияларды тіркеу талаптары жеңілдетіледі деп жатыр. Әй, сонда да тіркелетін шын партиялар шыға қоймас. Өйткені олар халыққа ештеңе ұсына алмайды, не саяси, не экономикалық бағдарламалары жоқ. Тыңдасаңыз, «елге еркіндік керек, бізге демократия құру керек», деген құр айқай. Мұндай аты ғана айқайлап тұрған, айналдырған бес-алты ұсыныспен халықтың жаппай қолдауына ие бола алмайсың. Сондықтан жалған саясаткер болып жүрген біздің оппозиция сымақтарымыз әр бұрышқа тығылып алып, «ешқандай жаңа Қазақстан жоқ, мынау әлі Назарбаевтың тоталитарлық мемлекеті», деп сынап-мінеуден әріге бармайды.