Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
19:00, 02 Ақпан 2024

Маск науқастарды технологиямен, Ғиният мәйіттің органдарымен емдемек

Маск пен Ажар
Фото: из открытых источников

Қазақстанда ресми мәлімет бойынша қазір кемі 4 мың науқас әртүрлі ағзаға мұқтаж. Оның бәрі жүрек, бүйрек, өкпе-бауыр сынды түрлі ішкі органдарын ауыстыру үшін кезекте тұр.

Шетелге барып емделейін десе бағасы удай қымбат. Қазақстанда болса – донор тапшы. Министрлік бұл мәселені жаңа заң қабылдау арқылы шешкісі келеді, бірақ қоғамда қарсылық күшті. Ал америкалық миллиардер, қазіргі заманның озық ойшылдарының бірі Илон Маск арбаға таңылғанды аяққа тұрғызатын чип жасағанын, оны адамның миына орнатып, сынап көргенін жария етті.

Америкалық миллиардер Илон Масктің Neuralink компаниясы адамның миына ойлау арқылы компьютер, смартфонға команда бере алатын, сол арқылы өзге де құрылғыларды басқаруға мүмкіндік беретін имплант орнатқанын мәлімдеді. Өзінің X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде адамзаттан сүйінші сұраған ол алғашқы өнімге Telephaty (Телепатия) деген ат бергенін қоса хабарлады. Оның қысқа ғана жазбасына қарағанда, жер бетінде Neuralink имплантына ең бірінші боп қол жеткізген адамның қазір денсаулығы жақсы, оңалып келе жатыр. Кәсіпкер X парағында «Ең алдымен оны (имплантты) қол-аяғын қозғалта алмайтын, мүмкіндігі шектеулі адамдар пайдаланады. Стивен Хокингтің (Хокинг 1942-2018 жылдары өмір сүрген ағылшындық физик, жазушы, ойшыл. Ғылымда «мотор нейрондары сырқаты» деп аталатын диагнозбен ауырып, өмір бойы арбаға таңылған адам – ред.) терім машинасынан жылдам жазып немесе аукцион жарналарын сатушы адамнан да жылдам сөйлеп отырғанын елестетіңізші. Мақсатымыз – осы» деп жазды.

Миллиардер Маск те, оның компаниясы да ресми хабарларында миына чип орнатуға келісім берген еріктінің кім екенін, жасы мен жынысы туралы ешқандай дерек айтпады. Есесіне, Маск жазбасының астына бір күнде 30 мыңнан астам пікір жазылды. Бәрін түгел оқып шығуға тәулік жетпейді. Құттықтаған, қуанышына ортақтасқандармен қатар кекеткен, мазақтағандар, чипті Дональд Трамп, Джо Байден сынды саясаткерлерге салуды ұсынып, әзіл-қалжыңға айналдырғандар да өріп жүр. Арасында «енді ол адам ба әлде робот па» деп сұрақ қойып, еріктінің кім екеніне бас қатырғандар да кездесті.

Илон Маск Neuralink компаниясын 2016 жылы сатып алып, миллиардтаған қаржы құйған. Нәтижесінде, миға орнатылатын чиптің прототипін компания 2019 жылы таныстырған және арада бір жыл өткенде сынақ ретінде доңыздарға, тағы бір жылдан соң маймылдарға салып көрген. Қауашағына чип орнатылып, кейін өміріне қауіп төнуі мүмкін деген күдікпен алынып тасталған Дороти атты торапайды көрсетіп, оның дін аман жүргеніне жаһан назарын аудартқан Маск кейін Пейджер есімді макака имплант көмегімен видео ойын үйреніп, тіпті пульт пайдаланбай-ақ ойнай алатын деңгейге жеткенін паш еткен. Маск сынақ кезінде бірде-бір маймыл өлмегенін, жапа шекпегенін хабарлады. Бірақ 2022 жылдың желтоқсанында Reuters агенттігі Маск компаниясының сынақтарынан қой, шошқа мен маймыл сынды кемі 1500 жануар зардап шеккені туралы ақпарат таратқан. Осының нәтижесінде, америкалық құзырлы органдар тексеріс жүргізіп, соңында «ешқандай қылмыс жоқ» деген қорытындыға келген. Ақыры 2023 жылы АҚШ билігі Neuralink компаниясына имплантты адамдарға орнатып көруге рұқсат берді.

Neuralink ғалымдарының сипаттауынша, миға чип орнататын операцияны робот жасайды. Шаштан да жіңішке 1024 жіп іспетті талшығы бар чип адамның қандай қимыл жасауға әрекеттенгені туралы ми импульстерін алдын ала қабылдап, сырттағы құрылғыға (смартфон, компьютер, т.б.) хабар беріп үлгереді. Компания бұл жетістік арқылы болашақта адамның физикалық мүмкіндігін жақсартумен қатар психикалық сырқаттарын да емдеуге болады деп үміттенеді.

The Guardian басылымына сұхбат берген Ұлыбританияның Королдік колледжінде миға имплантация жасау жөніндегі зерттеулермен айналысатын профессор Энн Ванхестенберг «Маск жаңалығына қуану әлі ерте» деп есептейді. Оның пікірінше, миллиардердің кәсіпкер екенін және оның өз өнімдерін алдын ала жарнамалауда алдына жан салмайтынын ескеру қажет. «Жаңа жетістікті ұзақ уақыт сынап көру маңызды. Өйткені оның нәтижесі қандай болатынына, чип салдырған адамның келешектегі мінез-құлқы, болмысы қалай өзгеретініне толық көз жеткізу үшін әлі біраз күте тұруға тура келеді», – депті Ванхестенберг.

АҚШ-та Neuralink компаниясына бәсекелестер де баршылық. Blackrock Neurotech және Precision Neuroscience деген кемі екі компания көптен бері мұндай тәжірибе жасап жүр. Адам миына чип орнатуда еуропалықтардың да жеткен жетістіктері бар. Мәселен, былтыр Швейцария ғалымдары 12 жылдан бері мүгедектердің арбасына таңылған голландиялық тұрғынның миына чип орнатып, аяққа тұрғызған. Отадан шыққан соң бірнеше ай өткенде ағылшынның BBC агенттігіне сұхбат берген әлгі жігіт: «Бұрын мына құрылғы мені басқаратын сияқты еді, енді оны өзім басқаруды үйрендім» деп қуанышын жеткізген. Америкалық The Washington Post газетінің былтыр жариялаған ақпаратында әлемде 42 адамның миында чип бары айтылған. Оның бірі – Натан Коуплендпен 2016 жылы АҚШ президенті Барак Обама арнайы кездесіп, оның робот қолын мидағы имплант көмегімен қалай басқаратынына таңдай қаққан.

Қазақстан ғалымдары миға чип орнатып, адам емдепті дегенді әзірге елде ешкім естіген жоқ. АҚШ сияқты медицинасы дамыған, технологиясы жетілген, ғылымға айрықша көңіл бөлетін елдердің өнімдерін кешігіп болса да пайдаланудан басқа амал да көрінбейді. Қандай да бір ағзаға, мүшеге мұқтаж жандар ерікті донорлардың арқасында тірі қалып, күн кешіп келеді. Алайда Қазақстанда бұл мәселе де өте шетін. Қайтыс болған адамдардың ағза мүшелерін тірі науқастарға пайдалануға қоғамда қарсылық күшті. Елдің есінде... 2012 жылы Қазақстанда қайтыс болған адамның жүрегін алып, тірі қалған тұңғыш адам – Жәнібек Оспанов. Астаналық дәрігерлер оның кеудесіне өмірден озған 46 жастағы әйелдің жүрегін салып берген. Бұл сәтті отадан кейін қазақстандық ақпарат құралдарында өлген адамның жүрегін тірілер көтеріп жүргені туралы жиі айтылып, жазыла бастады. Ел ішінде бұған қарсылық та бәсеңдемеді. Әсіресе 2017 жылы Ақтөбеде туысы қайтыс болған адамдарға дәрігерлер ешқандай ескертусіз марқұмның ішкі органдарын пайдаланғаны туралы оқиғадан соң қоғам қатты дүрлікті. Оқиға соңы сотқа жетті. Ал сол кезде қолданыста болған кодекс бойынша миы тоқтаған адамның ішкі органдарын рұқсатсыз ала беруге рұқсат бар болатын. Дау-шар, қарсылық пікірлерден соң 2020 жылы сол кездегі денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау туралы» кодекстің жаңа нұсқасын парламенттің алдынан өткізіп, қабылдатып алды. Қазір ағза донорлығы мәселесі сол кодекстің негізінде жүзеге асады. Бұл құжатқа сәйкес, Қазақстанның әрбір азаматы орган трансплантациясына ресми келісім беруі немесе бас тартуы керек. Егер адам тірі кезінде өлгеннен кейін ағзасын алудан бас тартуды рәсімдемеген болса, оның туыстары қайтыс болған адамның органдарын трансплантациялауға келіспейтінін мәлімдей алады.

Шынын айту керек, жаңа кодекс қоғамдағы қарсылыққа тосқауыл бола алмады. Сондай-ақ ағзаға мұқтаж науқастардың да сұранысын қанағаттандыра алмай келеді. Сондықтан қазіргі министрлік кодексті қайта өзгерткісі бар. Тіпті керек болса арнайы, жеке заң қабылдауға құлықты. 17 қаңтар күні денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәжілістің жалпы отырысынан шыққаннан кейін журналистердің: «Өмірден өткен соң донор болуға (ағзаңызды беруге) дайынсыз ба?» деген сұрағына: «Келісемін, ниет білдірдім» деп жауап берген. Оның айтуынша, халық адамдардың ағзасы қайтыс болғаннан кейін де белгілі бір уақытқа дейін жұмыс істей беретінін түсінбейді. Мұны «медициналық емес, моральдық-этикалық мәселе» деген Ғиният қазір электронды үкімет порталында ағза донорлығы тақырыбында талқы жүріп жатқанын, оған 40 мың қазақстандық пікір білдіргенін, олардың 15%-ы өлген соң ішкі органдарын тірілердің қажетіне пайдалануға келісетінін айтты.

Дегенмен Ажар ханымның сөзіне әлеуметтік желіде наразылық та аз емес. Журналист Гүлмира Әбіқайдың Instagram желісіне 29 қаңтар күні жазған «Мәйіт доноры» деп аталатын шағын жазбасына мыңнан аса адам пікір жазған. Көбі өлген адамның ішкі органдарын алуға заң арқылы рұқсат берілсе, адам ағзасының саудасы қатты қызады деп күдіктенеді. Тағы бір журналист Сәуле Әбілдаханқызының 30 қаңтар күні Facebook парағында жарияланған «Өлген соң не істеу керек?» деген көлемді жазбасы да министрлік ұсынысына қарсылық. Журналист «Бұл заңды бекіткен күннен бастап өліні де, тіріні де сату басталады. Қылмыс өрши түседі. Ағзаларды сату үшін адамдарды «аулау» басталады. Сондықтан жаңа заңның қабылдауына қарсы болайық. 30 жылдан бәрін сатып болған өкімет енді ағзамызды сатпақ» деп алаңдап отыр. Оны да қолдап, сөзін қуаттап, пікір жазған жұрттың қарасы аз емес.

Ағза трансплантациясы мәселесін тезірек бір жақты етіп шешуге асық адамдардың бірі – бұрынғы денсаулық сақтау министрі, хирург Жақсылық Досқалиев. Ол өлген адамның ағзасын тірілердің өмірін ұзартуға пайдалануды заманның қажеттілігі деп санайды. Halyq-uni сайтына берген сұхбатында Досқалиев 2017 жылы Ақтөбедегі оқиғаға байланысты қоғамның қарсылығынан соң парламент жан-жақты зерттемей, зардабын жете түсінбей денсаулық кодексін өзгертіп тастағанын, соның кесірінен қазір қоғам ұтылып қалғанын айтқан. Оның сөзіне қарағанда, қазір жылына екі-ақ адамның мәйітінен ағза алынады. Ал бұл өз кезегінде түрлі ағзаға мұқтаж мыңдаған науқастың мәселесін шешуге қауқарсыз. Сонымен қатар экс-министр марқұмдардың органдарын алуға заң арқылы рұқсат ету адам ағзасы саудасын күшейтеді деген қауіпті негізсіз байбалам деп есептейді.

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда 4 мыңнан астам науқас ағза трансплантациясына мұқтаж екенін айттық. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішевтің пікіріне сүйенсек, Қазақстанда мәйіт донорлығы мүшкіл жағдайда тұр. Ол «Біз АҚШ-тан 304 науқасқа көздің қасаң қабығын жеткізу туралы келісімге қол қойдық және 93 операция жасалды. Ал бұл жоба мәжбүрліктен туып отыр. Заңды өзгерту арқылы ғана бұл мәселе шешіліп, барлық мұқтаж жандар АҚШ-қа жүгінбей-ақ осы қабықты алуға болатын еді» деген.

Айгүл Баба