Мәскеуде Әлихан Бөкейханның мүсіні орнатылды
ВДНХ-тағы Қазақстан павильонына көрнекті қазақ қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейханның бюсті қойылды.
Салтанатты шара кезінде Қазақстанның Ресейдегі елшісі Даурен Абаев:
«Бөкейханов Ресей империясының Мемлекеттік Думасында қазақтар мен басқа да түпкі халықтардың құқықтарын қорғаумен айналысты. Ол көпұлтты бірлікті және прогресті қолдады, оның мұрасы біздің елдер арасындағы стратегиялық серіктестік қағидаларында сақталған», - деді.
Сонымен қатар елші бюст орнату бастамасын қолдаған қазақстандық кәсіпкер Жанболат Надыровқа және басқа да барлық қолдаушыларға алғыс білдірді.
Бөкейхановтың шөбересі, профессор Нұрым Бөкейханов:
«Оның бастамасымен барлық Абай әндері жинақталды. Ол бірінші абайтанушы болды, халыққа ұлы ақын мен философты қайтарды», - деді.
Еске салайық, Әлихан Бөкейханов 1920–1930 жылдары Мәскеуде тұрып, ғылыми және әдеби қызметпен айналысты. 1937 жылы репрессияға ұшырап, атылған. 1989 жылы ақталып, реабилитацияланған. Оның қабірі Мәскеудегі Дон зиратының бауырластар қабірінде жатыр.