Мәслихат депутаттары мәселе шешіп жүр ме?

Аты дардай демесеңіз, мәслихат депутаттары көзге қораш көрініп тұратын артық саусақ секілді.
Обалы нешік, пайдасы шамалы, залалы жоқ. «Бабаларым шоқ басқан табанымен, Бірдей екен жақсысы жаманымен» деп ақын Қадыр Мырза-Әлі айтқандай, мәслихат депутаттарының бір жақсы жері айлық жалақы сұрап алақан жаймайды; бір жаманы ешқандай жауапкершілікті мойнына алмайды; бір жақсысы қызметтік көлік, баспана талап етіп бас ауыртпайды; бір жаманы ант-су ішіп, үйіп-төгіп берген уәделерін ұмытып кетеді. Қоғамдық-саяси «қайраткерлер» корпусына кіргенімен, көк мұнаралы мешіттердің имамдары секілді еңбектерін еш бұлдамайды, су тегін қызмет көрсетеді. Нағыз патриоттар гвардиясы!
Латыншадан қазақшаға қотарғанда, «өкіл» дегенді білдіретін «депутат» сөзін хандар дәурінен қалған қанатты сөздей көріп, аузымыздан тастамаймыз. Сол халық өкілдері – билік пен бұқара арасына алтын көпір орнатып, арқа еті арша, борбай еті борша болған аузы дуалы белсенді, беделді адамдардың бейнесін сомдап жүргендей көрінеді. Жалпақ тілмен жақсы мағынада айтқанда, мәслихат депутаттары – мемлекет бекіткен штаттық кестеге кіретін делдал қызметін атқарады. Қараңыз, халықтың талап-тілегін, арыз-өтінішін атқарушы органға бұлжытпай жеткізіп, «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, Шапан жауып өзіне қайтарамын» (Мұқағали) дегендей, биліктің батасын алып, халықтың арасына қайта оралады. Халық қамы үшін жасаған делдалдықтың қайрымы болып жатса, көпке керегі де сол.
Кейінгі жылдары өтіп жатқан сайлау науқаны бұрынғы сайлаулардан өзгерек. Не деріңіз бар, бұрын депутаттарды сайлау дегеніңіз ұлан-асыр тойға ұласатын. Халық бір жырғап қалатын. Депутаттыққа үміткерлер ұн, күріш, май, тырбиған тауық еті т.б. азық-түлік түрлерін тарқатып сайлаушыларды өздеріне магнитше тартатын. Жеме-жемге келгенде, қолдарына уыстап ақша ұстатып айдап салып отыратын. Одан бөлек жолдардың жыртығын жамап, тесігін бітеп, көшелерді күл-қоқыстан тазартып талай шаруаның басын қайыратын. Айтыс-тартыспен өткен сайлаудың қызуы мен қызығы көпке дейін басылмай, жаңғырығы жер жаратын. Қазір сайлаудың ондай технологиясы қолданыстан шығып қалған. Сайлаудың ішкі мазмұны сақталғанымен, сыртқы формасы өзгерген. Бұрынғыдай делебесі қозып, далақтап шауып жүргендерді көрмейсің. Өйткені кімнің депутат болатынын жұрт алдын ала біліп қояды. Дәстүрге айналған аста-төк дастархан, тегін тамақ, ақша тарқату, шапан жабу, сый-сияпат жасау жоғалған. Мұның себебі, биліктің батасын алып, аты озатынын білетін үміткер шығынға батып, шашылып-төгілуді жөн көрмейді. Оның үстіне, сайлауалды бағдарламаларына жеке басы жауап бермейтін болған соң, қиял-ғажайып ертегілермен елдің есін шығарады.
Бір қызығы сол, 2019 жылы өткен мәслихат депутаттарын сайлауынан кейін, ел аузында желдей есіп әлі күнге бір сөз айтылып келеді. Ол не сөз дейсіз ғой. Мектеп директорлары сияқты депутат боламын деп бәйгеге ат қосқандарға ауызжаласқан ашкөздердің арнайы бекіткен «ставкасы» бар: аудандық мәслихатқа – 7 млн теңге; облыстық мәслихатқа 2О млн теңге. Айтқан «ставкасын» қолдарына ұстатқасын тұлпардан тұғыр озып шыға келеді екен. Арадағы аса құпия алыс-берісті қолмен ұстап, көзбен көрмегенмен, «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды», ел бекерге айтпайды деп топшылауға болады. Осыдан кейін ағайынды арқа тұтып алған абыройдың, алақан жайып сұрап алған атақтың, ақшаға сатып алған мандаттың не мәні қалады. Сол шіркіндеріңіз сайлауға жұмсалған мемлекеттің қыруар қаржысын ақтап жүр деп айта алмайсыз.
Адамзат баласы ақылды адамдарға аса зәру. Бұл зәруліктен жақын арада құтыла қоймаспыз, сірә. Сол ақылды деген адамдардың арасында атақ пен сыйлықтан бас тартатындары ілуде біреу ғана. Айталық, ұлы жазушы Лев Толстой өзіне Нобель сыйлығы берілетінін білгенде, аза бойы қаза болып, ат -тонын ала қашыпты. Үнді халқының ұлы перзенті Тагор: «Қара бұқарам оққа ұшып жатқанда дұшпанымнан сый-сияпат алуға арланамын» деп, 1915 жылы ағылшын үкіметі сыйға тартқан барондық титулдан бас тартыпты. Неткен қанағатшыл тұлғалар десеңізші! Бұл қасиет бізге тән емес, оны аз десеңіз үлгі тұтып, өнеге етуге ой-өрісіміз жетпейді. Атақ десе Балқантауды тесіп өтуге, сыйлық десе Сырдың суын кешіп өтуге дайын тұрамыз.
Мәслихат депутаттарының тізімін сұқ саусақты тіреп тұрып түгендесеңіз, кілең кекілінен жел ескен бизнес барондарын, қалтасы қалың ығай мен сығайларды көресіз. Қоңыртөбел күн кешіп жүрген қарапайым азаматтарға орын бұйырмайды. Тіліміз жазықты болмасын, депутаттар арасынан ұлттың атын төмендетпеуге қызмет етіп жүрген, елге етене жақын, «Жас Алаштың» тілшісі болған, тұғыры биік тұлға – Ғалымжан Елшібайды көріп, «Арпа ішінде бір бидай» деп көңілді жұбатасыз. Бірақ ондай қадірлі жандардың қатары басбармақты бүгуден әріге бармайды. Аймақ көлеміне, аудан төңірегіне танымал магнаттар мен монстрлар мандатты иеленіп, кеудесіне төсбелгі жапсырып алған соң, халықтың көзінше ант-су ішіп, үйіп-төгіп берген уәделерін тарс ұмытып кетеді. Ақшаға сатып алған атақтың салмағын білетін әкімдер де қу ғой, депутаттың жолдаған сауалына салқын, жүрдім-бардым қарап, көзге іле бермейді.
«Халық деген бейшара ғой, сойыл соғысқанда бірге соғысады, үлеске келгенде құм асайды», – деп Мұхтар Әуезов айтқандай, сайлауға түскен үміткерлер әуел баста «менің халқым» деп өнешін жыртып өле жаздайды, есегі судан өткен сон «менің мүлкім» деп маңырайды. «Халық менің шын атым» (Жамбыл) деп қалың елге қамқор болып, жығылғанды жебеп, сүрінгенді демеп, кетілгенге көмек көрсетіп, қоғамның қойырпақтарын түзеуге тынымсыз қызмет етіп, дамудың даңғыл жолына білек сыбана кіріспеген соң, депутаттарға қалың елдің өкпесі қара қазандай болмағанда, қайтсін.
Халықты алдауға болмайды дейміз-ау. Айтуға оңай, әрине. Сайлау науқаны кезінде асқынып кететін былықтар мен қитұрқылықтарға, тізімде таңба басып койған үміткерге қолдау көрсетуге, сайлаушылардың даусын ұрлауға, алыс-беріс жасауға мемлекет «терісін» жамылып жүрген әкімдердің тікелей де, жанама болса да қатысы болмай қоймайды. Сайлау таза, әділ, ашық өтпеген соң адамдардың белсенділігі жоғалып, немқұрайдылыққа, енжарлыққа, селқостыққа бой алдырып, қоғам мелшиіп бір орнынан қозғалмай тоқырауға ұшырайды. Өкінішті-ақ.
Қазақтың ұлы ғалымы Қаныш Сәтбаев Жоғары Кеңес депутаттығына кандидат болып тіркеліп, шалғай аудандардың біріне барып сайлаушыларымен кездесу өткізіпті. Жұрт сенген өкілі осы жердің өз төлі, иманжүзді бір орыс азаматы екен. Шағын клубтың іші қаракөлеңке, күңгірт болған соң сенімді өкіл жазып алғанын көре алмай, сөзін жатқа айта бастапты. Қыза-қыза келе: «Қаныш Имантайұлы жұмысшы табының сенімді өкілі, бір кезде өзі жұмыс атқарған «Семей» ет комбинатының директорына дейін көтерілген», – деп соғып жіберіпті. Сонда Қаныштың жанында отырған атақты адамдардың бірі: «Қанеке, ондайыңыз да бар ма еді өзі?», – депті. Сонда тумысынан сыпайы Сәтпаев: «Жамандап жатқан жоқ қой, оқасы жоқ, айта берсін» – деген екен. Сол айтқандай мәслихат депутаттары «жамандап жатқан жоқ» деп жайбарақат жүре бермей, Жаңа Қазақстанға жасампаздықпен қызмет етулері керек. Туған елінің ең болмашы кемшіліктің өзіне қатал сын айта алатын, ұлтшылдық иммунитетіне иненің жасуындай да сызат түсірмейтін тұлғаларды көргің келеді. Ең бастысы, ақшаға сатып алған атақ пен абыройдың құйрығы бір тұтам – опа бермейтінін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Іс-шараның мінберіне көтеріліп, той-жиынның төріне жайғасып алып, бос мақтанға салынып, айтқан арзан ақылына, құрғақ уәдесіне, көбік кеңесіне көл де толмайды, көңілде толмайды. Абай айтқандай «Аз білімін көпсінсе, Көп қазаққа епсінсе, Кімге тиер панасы?».