Мәулен мен Ақжүрек

Еркін күресті серік еткен қандастарымыздың қатары қашан да қалың болған. Бірақ қазақ балуандарының өзгелерден дарыны асса да, бағы аспады.
Кезінде барлық мәселенің Мәскеуде шешілгені белгілі. КСРО құрамасының тізгінін ұстаған мүйіздері қарағайдай бапкерлері біздің өрендерге келгенде, іштарлық танытты. Өзекке теуіп, өгей баланың күйін кештірді. Әйтпесе, қылышынан қан тамған алып империяда Әбілсейіт Айханов, Аманжол Бұғыбаев пен Амангелді Ғабасаттаровтың алдын орайтын ешкім жоқ еді ғой. Басқа да белді балуандарымыз жоғарыда есімдері аталған асыл ағаларымыздың ізін басып өсіп келе жатты. Бірақ олардың бірде-біреуіне Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында бақ сынау бақыты бұйырмады.
КСРО дәуірінде әділетсіздікке душар болғанымыз баршаға мәлім. Атағы жер жарған Александр Медведьті алып та, шалып та жыққан Әбілсейіт Айхановқа көпе-көрнеу қиянат жасалды. Олимпиада ойындарының жеңімпазы Заглав Абдулбековтің аяғын көктен келтірген Аманжол Бұғыбаевтың бағын байлады. Одақтың барлық оғыландарын тегістей ұтқан Амангелді Ғабсаттаров қитұрқы ойынның құрбаны болды. Олардан бөлек, Қабден Байдосов, Ахметжан Қазымбетов, Сейітжан Әбдікәрімов, Рамазан Нұрманов, Сайлау Мұқашев, Асқантай Иманқұлов, Серік Алшынбаев, Мұрат Маяуызов, Амангелді Жаппаров сынды шеберлердің халықаралық аренада жұлдыздары жарқырауы тиіс еді. Бірақ сол кездегі Кеңес Одағының спорт басшылары мен бапкерлері білгендерін істеді. Осылайша қазақ жастары өздеріне тиесілі несібелерінен қағылды.
КСРО-ның іргесі сөгіліп, еліміз егемендік алғаннан кейін «енді жолымыз оңғарылады» деп ойладық.
Иә, кейбір спорт түрлерін серік еткен қандастарымыздың бақ жұлдыздары жарқырай жанғаны рас. Мәселен, қысқа мерзім аралығында боксшыларымыз төрткүл дүниедегі теңдессіз командалардың қатарына еркін қосылды. Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында алдыңғы лектен көріндік. Баркерді де, басқасын да иелендік. Грек-рим күресі шеберлері талай байрақты бәсекеде шашасына шаң жұқтырмады. Алып Азияның алды болдық, әлемдегі көшбасшы мемлекеттермен «жаға жыртысуға» жарадық. Ал еркін күрестегі жағдай бірден оңала қоймады. Ұзақ жылдар бойы тек Мәулен Мамыровтың қана өнеріне құлшына қол соғумен шектеліп келдік.
Жетісу өңірінде кіндік қаны тамған Мәулен Мамыров, әу баста, КСРО күрес мектебінің тәрбиесін көрді. Одақ тұсында дара талантымен оқшауланып, көптеген халықаралық жарыстарда жасындай жарқырады. Тәуелсіздік алған кезеңде еліміздің еркін күресін алға сүйреді. 1994 жылы Хиросимада өткен Азия ойындарында алтын тұғырдан қол бұлғады. 1996 жылы Атлантада алауы тұтанған Олимпиада ойындары мен 1997 жылы Красноярскіде жалауы желбіреген әлем чемпионатында қола медальді мойнына ілді. Бұндай табыстарға бұрын-соңды бірде-бір қазақ балуанының қолы жетпеген. Мәулен жеңісті жолды бастады. Спорт тарихының жаңа беттерін ашты. Кейінгі жастарға үлгі болды. Сол кездері көпшілік «Қазақ жастарына енді даңғыл жол ашылады. Біздің ауылдан шыққан чемпиондар сансыз көп болады» деп үміттенді. Бірақ бәрі біз ойлағандай оңай болмады.
Спорттық шежірені парақтасақ, мынадай көңілсіз жайттарға қанық боламыз. 1996 жылы Атланта және 2000 жылы Сиднейде өткен Олимпиада ойындарында еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрамасы сапында жалғыз ғана қандасымыз өнер көрсетті. Ол – Мәулен Мамыров. 2004 жылы Афиныда Бауыржан Оразғалиев қана белдесті. 2008 жылы Бейжіңде Бауыржан Оразғалиев пен Жасұлан Мұхтарбекұлы күш сынасты. Міне, төрт бірдей ғаламдық ойындарда небәрі бес қазақ балуаны боз кілемге шыққан екен. Сондай-ақ Мәуленнің 1994 жылғы Хиросимада өткен Азия ойындарындағы көрсеткішін арада 18 жыл өтсе де әлі ешбір қандасымыз қайталай алған жоқ. 1997 жылғы Красноярскідегі әлем чемпионатында Мамыровтың қола медальға қол жеткізгенін жоғарыда айттық. Келесі жүлдені табаны күректей 14 жыл күтуге тура келді. Былтыр Ыстамбұлда Дәулет Ниязбеков пен Дәурен Жұмағазиев үшінші тұғырға көтерілді. Және де алтын асықтай ұлымыздың 1996 жылғы Атланта Олимпиадасындағы ерлігін араға 12 жыл салып, Лондондағы додада Ақжүрек Таңатаров қайталады. Әрине, қазақ секілді балуандық өнерде бай дәстүрі бар қабырғалы халық үшін бұл табыстардың аздық ететіні анық.
Негізі, Мәулен мен Ақжүректің арасында көп ұқсастық бар. Екеуі үшін де Олимп шыңына бастар жол оңай болған жоқ. Кезінде олар қиындықты да көп көрді, әділетсіздіктің де зардабын жиі тартты. Мәселен, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдардың басындағы елдегі экономикалық жағдайдың өте қиын болғаны баршаға мәлім. Халықтың әл-қуаты күрт нашарлады. Спортқа бөлінетін қаржы мардымсыз. Сол кездері спортшылар мен бапкерлер оқу-жаттығу жиыны мен жарысқа шығу үшін қаражат іздеп әлекке түсетін. Осындай қиындыққа шыдамаған талай мықты қолды бір сілтеді. Көбісі заман ағымына сай басқа кәсіпті, өзге жолды таңдады.
Міне, Мәуленнің нағыз кемелденген шағы осы кезеңмен тұспа-тұс келді. Егер дер кезінде жанынан жанашыр ағалары табылмағанда батыр ұлдың тағдыры қалай болары бір Аллаға аян.
Ақжүректің де Олимпиада ойындарына бару бармауы соңғы күндерге дейін белгісіз болды. Кейбір мамандар 66 келі салмақта ел намысын Леонид Спиридоновтың қорғағанын қалады. Якутиядан келген жігіттің ығына жығылғандар қатары аз болған жоқ. Десек те соңғы сәтте ұлттық құраманың бас бапкері Алтай Танабаев өзінің кесімді сөзін айтып, Таңатаровқа сенім артты. Ал сол аралықта қандасымыздың қандай күй кешкенін біреу білсе, біреу білмес. «Егер Олимпиадаға алмай кетсе қайтемін?» деген ой оны әбден қынжылтты. Жүйкесіне біраз салмақ түсірді. Әйтеуір, абырой болып, Ақжүрек Тұманды Альбион еліне аттанды.
Олимпиада ойындары барысында Мәулен де, Ақжүрек те төрешілер тарапынан тепіріш көрді. Естеріңізде болар, 1996 жылы Атлантадағы доданың бастапқы бәсекелердің бірінде Мамыровтың жолы даңқты Валентин Иордановпен қиысты. Төреші белгі берген бетте қарсыласына аш қасқырдай атылған қазақтың ұлы оны аяғынан іліп әкетті де, жерге алып ұрды. Үш баллға татитын әдіс еді, алайда төрешілер бір ұпай ғана берді. Жерде аунатып алды да, тағы екі ұпай олжалады. Сәлден кейін қолын «кісендеп», жауырынын жерге қадауға ыңғайланды. Бір мезетте Валентиннің жанайқайы бүкіл залды жаңғыртты. Көпшілік қапияда не болғанын түсінбей қалды. Төреші бәсекені дереу тоқтатып, ортаға дәрігер шақыртты. Олар Иордановтың қолын ұстап көріп, ештеңе болмағанына көз жеткізген соң, қайта кілемге шығарды. Бұл ретте төрешілерден ағаттық кетті. Жалпы жеті рет әлем чемпионы атанған адамдар жер бетінде санаулы ғана ғой. Бәлкім, осы жағдай кілемдегі қазының осындай қадамға баруға мәжбүр еткен болар. Иордановтай атышулы балуанның жан дауысы шыққанда, олардың «үнсіз» қалуға дәті шыдамады. Негізі мұндай жағдайда төрешіні алдамақ болған спортшы жазалануы тиіс еді. Бірақ олай болмады. Екеуі тік тұрып, қайта күресті. Бұл жолы Мәулен қателесті. Ал Болгария балуаны өз мүмкіндігін қалт жіберген жоқ. Сол жалғыз ғана қателік қайсар қазақты Олимпиада алтынынан айырды. Бірақ Мәулен мойыған жоқпын. Одан кейінгі қарсыластарын оңай ұтып, шешуші бәсекеде ресейлік Чешенол Мангуштан басым түсті.
Ақжүрек жартылай финалда Сушил Құмармен кездесті. Бір қызығы, Ұлыбритания ханзадасы Гарридің көптен бері Үндістан балуанына бүйрегі бұрып жүрген екен. Сол күні айтулы спортшының өнерін тамашалау үшін ол зәулім спорт кешеніне арнайы ат басын бұрды. Екеуара бәсеке өте тартысты өтіп жатты. Алғашқы екі кезеңде таразы басы тең түсіп, шешуші тұста Ақжүрек алға шықты. Қазаққа енді әлі жетпейтінін сезген Құмар арамза ойын жүзеге асыруға бел буды. Бір мезетте Таңатаровтың құлағын тістеп алды. Ол аз десеңіз, көзін шұқыды. Соның барлығы төрешінің көз алдында жүзеге асты. Алайда ол жұмған аузын ашпады. Қазылар алқасының мүшелері де түк көрмегенсіп, белдесуді ары қарай жалғастырды. Қансыраған қандасымыз жеңісті уысынан шығарып алды. Сұмырай Сушил ақтық сынға жолдама алса, Ақжүрек қола медаль үшін таласты. Бұл ретте табандылық танытқан Таңатаров Түркияның әйгілі балуаны, Бейжің олимпиадасының жеңімпазы, әлем және Еуропа чемпионы Рамазан Шахинді ойсырата ұтты. Міне, еркін күресте Олимпиада ойындарының қазаққа бұйырған қос қола медалінің тағдыры осындай.
Ерен еңбек еш кеткен жоқ. Бұл күндері қазақтың айтулы қос балуаны бүкіл Алаш жұртының мақтан тұтар ұлдарына айналды. Мәулен Мамыров Талдықорған қаласында еңбек етіп жатыр. Ол – Алматы облыстық Олимпиадалық даярлау орталығының директоры. Ақжүрек енді 74 келі салмақта бақ сынауға бел буып отыр. Қандасымыздың көздегені – 2016 жылы Рио-де-Жанейрода алауы тұтанатын Олимпиада ойындарында алтын тұғырға көтерілу.