Майдан шебіндегі дискуссия
Запорожьедегі шабуыл және дрон тиген МАГАТЭ көлігі
Адам өлімнен қорқа тұра, соғыс ашады. Шәкәрім айтпақшы, «мал, мақтан үшін соғысады». Ал Вольтер: «Мен соғыста жеңген бірде-бір халықтың байып кеткенін көрген жоқпын» депті. Соғыс – мақтан. Соғыс – кедейлік. Соғысты ашқан – зұлым. Украина даласындағы тынымсыз атқылау мен Ресейдің менмендігі күн сайын үдеп барады. Украина қарызға батып, Ресей экономикасы санкциялардың астында қалды. Бейбіт тұрғындар жапа шегіп, инфрақұрылымдар тегіс қирап жатыр. Бірақ бұл Путиннің есебіне кірмейді.
Күні кеше Запорожье қаласындағы жеке клиникаға Ресей «Ескендір» зымыраны түсті. 22 адам жараланды. Оның екеуі – дәрігер.
Украина президенті Зеленский бұл соққыға бірден реакция білдірді. «Бұндай атқылаулар сайын біздің әуе қорғанысымызды күшейту керек екеніне көзіміз жете түседі. Әлемде бұған байланысты көп жүйе бар. Бізге көмектесе алатынның бәріне сұраныс жібердік. Офис қирап, медицина орталығы құлады. Үйіндінің астында қалған адамдарды құтқару үшін бар күшімізді жұмсап жатырмыз», – деді. Зеленскийдің сөзінен шарасыздық пен қол ұшын созбай жатқан елдерді кінәлау бар. Өзінің де шамасы жетпей жатқанын әр сөзінде қайталап келеді. Бірақ әлемдегі тұрақсыз геосаясат қазір бейбіт елдердің де мазасын кетіріп тұр. Өзгелер ең бірінші Путиннің ессіздігінен қорқады. Жұдырық ала жүгіретін әдетінен сақтанады. Кім елін сөз ұқпайтын, гуманизмнің есігін тарс жапқан адаммен байланысқысы келеді. Сол үшін де Ресейдің ашық қарсыластары болмаса, оның саяси, әлеуметтік, экономикалық байланысы бар мемлекеттер Украинаны қолдағанмен, көмектесе алмайды. Бұны Зеленский де түсінген. Бірақ қайта-қайта осылай сөйлеуінің ар жағында соғыс басталғанда уәде етілген көмектердің керек көлемде берілмей жатқанына назалы болса керек.
Запорожьеде қайтыс болды деген бір адамды дәрігерлер реанимациялады. Жағдайы ауыр. Бірақ алты адам қайтыс болды. Ауыр жарақат алғандардың ішінде бес жастағы қыз бала да бар.
Қазір бұл аймақта соғыс қарқынды жүріп жатыр. Ресей зымырандары тынбай ұшып жүр. Ресейдің бұл аймақты толық бақылауға алғысы келетін бір себебі – осында орналасқан Атом станциясы болса керек. МАГАТЭ ұйымының бас директоры Рафаэль Гросси ұйымның қызметтік көлігіне дрон тиіп, қатты зақым келгенін жазды. Көлік Атом станциясына бара жатқан. Көлік ішінде станцияны тексеретін комиссия мүшелері болған. Х желісінде көлікке дрон түскен сәт жарияланды. Көлік ішіндегі адамдар дін аман.
Гросси соғыс жағдайында ядролық жарылысты болдырмау үшін тұрақты тексеріс жүргізіп жүрген ұйым қызметкерлерінің көлігіне шабуыл жасалғанын айыптады. Осыған дейін Ресей ротация қауіпсіздігін сақтау үшін Росгвардия әскерін жібергенін айтқан болатын. Бірақ Гросси қай елдің дроны екенін нақты айтқан жоқ.
Зеленский МАГАТЭ ұйымының көлігіне түскен Ресейдің дроны деп мәлімдеді. «Бұл шабуыл Ресейдің халықаралық институттарға, халықаралық құқық атаулының бәріне, қауіпсіздікке қалай қарайтынын көрсетті. Ресейліктер кімді атқылап жатқанын білмеуі мүмкін емес. Кімнің көлігі екенін біле тұра саналы түрде істеді», – деп жазды телеграм арнасында.
«Бұл шабуылға МАГАТЭ тарапы және өзге де әлемдік әріптестеріміздің нақты реакция білдіруі керек. Үнсіздік пен әрекетсіздік бұндай жағдайдың тағы да қайталануына әкеледі», – деді. Ресей жақ бұған қатысты әлі ешқандай сөз айтқан жоқ.
Зеленский: беспилотник, ударивший по автомобилю МАГАТЭ, был российским
Байденнің ақырғы көмектері
Украинаға соғыс жағдайында негізгі донор болып отырған АҚШ қазір Зеленскийге қалай көмек беру керегін талқылап жатыр. АҚШ-тың Қаржы министрлігі: «Вашингтонның Киевке берген несиесі Ресейдің бұғатталған активтерінен түскен кірісі арқылы өтелуі керек» деді.
«Үлкен жетіліктің» жаздағы ұсынысымен АҚШ қазынашылығы Украинаға 20 миллиард доллар бөлетінін жариялады. «Үлкен жетіліктің» жалпы беретін қаражаты 50 миллиард доллар. Несие Ресейдің бұғатталған активтерінен түскен қаражат есебінен өтеледі.
АҚШ-тың Қаржы министрі Джанет Йеллен бұл ақша Украинаға «жедел қызметтерді, ауруханаларды қолдау үшін және батыл қарсылық көрсету үшін» қажет екенін айтты. «Украина егемендігін сақтап, бейбітшілікке әділ жету үшін сенімін нығайтатын қолдауды көрсетеміз», – деді Йеллен. Вашингтонның қауіпсіздікті қамтамасыз етуін және Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуді тоқтатпайды.
Сонымен қатар АҚШ-тың мемлекеттік департаменті Ғ-16 зымырандарын, техникалық қолдау құрылғыларын сататын болды. Осыған дейін Киев Ғ-16 зымыранының кей жүйелерін, компоненттерін, шығын материалдарын алуға және мамандарды даярлау мен оқыту үшін бағдарламаларға сұрау жіберген. Пентагонның қауіпсіздік қызметі: «Бұл сауда Украинаның әуе қорғанысын күшейту үшін қажет. Бұндай күшті зымырандар әуе қорғанысының, шабуылының әлеуметін арттырады. Украина қару-жарағының қатарына бұл зымырандар еш қиындықсыз сіңісіп кетеді», – деді ведомства. Пентагонның қауіпсіздік қызметі бұл шешімді Конгреске де жеткізді.
Bloomberg агенттігі Байден әкімшілігі Трамп тағына отырғанша Ресейге қарсы көмегін аямайды деп жазды. АҚШ-тың президентінің қызметі аяқталуға жақын. Джо Байденнің әкімшілігі Дональд Трамптың Ақ үйге оралуының алдында Кремльге қысымды күшейту үшін ресейлік мұнай экспортына санкцияларды көбейтуді қарастырып жатыр.
Жаңа шектеулердің егжей-тегжейі әлі әзірленіп жатыр. Бірақ процеспен таныс бірнеше адам Bloomberg агенттігіне айтқанындай, санкциялар Ресей Федерациясынан мұнай экспортының бірнеше түріне әсер етуі мүмкін. Байден әкімшілігі энергия бағасының көтерілуінен қорқып, бұл қадамнан әсіресе президенттік сайлау қарсаңында ұзақ уақыт бойы тартынған. Дегенмен мұнай бағасының төмендеуі және Трамп Украинаны Ресей Федерациясына жығып береді деген қорқыныштың күшеюіне байланысты Байден әкімшілігі «енді шешуші әрекетке ашық» екенін айтқан.
Трамптың қалай қимылдарын, не деп шешім шығарарын білмей отырған Байден соңғы уақытта әскери, қаржылық көмектің көлемін ұлғайтқаны рас. Былтырдан бергі ұсыныстардың жыл аяғында шешім тауып жатқаны украиналықтардың көңіліне медеу.
Украина мобилизациясы жасын төмендете ме?
Украинадағы мобилизация жасын төмендету үшін дискуссия жалғасып жатыр. АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің спикері Мэтью Миллердің брифингінен кейін Владимир Зеленский жаңа мәлімдеме жасады. 9 желтоқсан күні брифинг кезінде Миллерге «АҚШ әкімшілігі Украинаға мобилизациялық резерв жасауды ұсынды ма?» деген сұрақ қойылды. Бірақ нақты жас төмендету туралы сұрақ болмаған еді. Бұл сұрақ БАҚ беттерінде «АҚШ Украинаға мобилизация жасын 25-тен 18 жасқа дейін түсіру туралы ұсыныс айтты» деген ақпараттан соң көтерілді.
Соңғы рет бұл тақырып қараша айында көтерілген. Владимир Зеленскийдің кеңесшісі Дмитрий Литвин ол кезде: «Украинаға мобилизация жасын төмендетуге ешқандай себеп жоқ. Әріптестеріміздің уәде еткен қару-жарағы уақытылы келіп, адам жетпей жатса, бір сәрі» деп жауап берген. Ол өткендегі брифингте Миллер: «Біз Украина үкіметімен шығыстағы қауіпсіздік туралы сөйлестік. Өткен аптада мемлекеттік хатшының Брюссельде айтқан сөзін естіген шығарсыздар» деді. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен «Украина қиын, бірақ маңызды шешімді қабылдау керек» деген болатын мобилизация туралы.
«Бәрібір соңында қарулы күштердің қатары туралы шешімді украиналықтар өздері қабылдауы керек. Егер олар қосымша адам санын арттыратын болса, біз және одақтастарымыз оларды соғысқа дайындайтын едік. Оны түсінікті жеткізе алдық деп ойлаймын», – деді Миллер сөз соңында.
Владимир Зеленский АҚШ-тың бұл сөзін де жауапсыз қалдырған жоқ. «Мобилизация жасын төмендету туралы жиі сөз бола бастады. Біз қару-жарақтың жетіспеушілігін солдат санымен жаппауымыз керек», – деді Х желісінде. Зеленский мобилизацияны сөз қыла бермей, майдан даласындағы қару жетіспеушілігінің орнын толтырып, бригадаларды жаңа қаруларды игеруге үйретуіміз керек деді. «Зымырандарды жеткізу мен Ресейдің әскери әлеуетін әлсірету басты приоритет болу керек. Мақсат – қаруды қоймада сақтап отыру емес, барынша көп адам өмірін сақтап қалу» деді.
Тағы да Зеленскийдің назы бар. АҚШ Украинаның өзіне салмақ сала бастады. Қару беруден қашпаймыз дегенімен, уақытылы жетіп жатқан зымырандар мен көліктер, қарулар жоқ.
Демографтар мен саясаттанушылар егер мобилизация жасын төмендететін болса, қоғамның көңіл күйі тағы бұзылады дейді. Зеленский қабылдайтын шешімдер осылайша күннен күнге ауырлап бара жатыр.
Қасым Арықбай