Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:24

Майя Санду Молдованың Румынияға қосылуын қолдауға дайын екенін айтты

Майя Санду
Майя Санду Фото: Elena Covalenco

Молдова президенті Майя Санду егер бұл мәселе бойынша референдум өтсе, елінің Румыниямен бірігуін қолдап дауыс беруге дайын екенін мәлімдеді.

Ол бұл ұстанымын Молдованы демократия ретінде Ресей тарапынан жасалып жатқан қысымнан қорғау қажеттілігімен түсіндірді.

Сандудың айтуынша, Румыния НАТО мен Еуропалық Одақ мүшесі болғандықтан, бірігу ел қауіпсіздігі мен демократиялық институттарын нығайтуға сеп болуы мүмкін.

 «Егер бізде референдум болса, мен Румыниямен бірігу үшін дауыс берер едім», - деді ол 11 қаңтарда жарияланған британдық The Rest is Politics подкастына берген сұхбатында.

Президент бұған дейін де Мәскеуді Молдованың ішкі саясатына араласуға тырысты деп бірнеше рет айыптаған.

«Қазіргі әлемдегі ахуалды қараңыз. Молдова секілді шағын ел үшін демократия ретінде, егемен мемлекет ретінде өмір сүру және Ресейге қарсы тұру барған сайын қиындап барады», - деді Санду.

Reuters агенттігінің дерегінше, Молдованың 2,4 миллион халқының шамамен 1,5 миллионы Румыния азаматтығына ие. Алайда сауалнамалар ел тұрғындарының шамамен үштен бірі ғана екі елдің бірігу идеясын қолдайтынын көрсетеді.

Майя Санду қоғамның басым бөлігі бұл бастаманы әзірге құптамайтынын мойындайтынын атап өтті. Оның сөзінше, Молдованың Еуропалық Одаққа қосылуы – әлдеқайда реалистік сценарий. Қазіргі үкімет 2030 жылға дейін ЕО-ға мүше болуды стратегиялық мақсат етіп қойған, алайда бұл жолда күрделі реформаларды жүзеге асыру қажет.