Мәжіліске ынсап, мәслихатқа ұят сұраймыз
![None](/static/img/image.jpg)
Еліміздің ұлттық экономика министрлігі болашақта мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыруға асқан қызығушылық танытып отыр.
Жуырда ғана аталмыш ведомоствоның тізгінін ұстаған су жаңа министр Әсет Ирғалиевтің айтуынша, мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыру үшін бюджеттен 647 млн теңге бөлу қажет. Бұл қаражат арнайы заң аясында депутаттарды «даярлау мен қайта даярлауға» жұмсалмақ.
«Даярлау мен қайта даярлау» деген не?
Мәжілістің жалпы отырысына «Аудандық, қалалық, және ауылдық деңгейдегі биліктің жауапкершілігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын арқалап келген ұлттық экономика министрі Әсет Ирғалиевтің ойынша, мәслихат депутаттарын бес жылда бір рет оқуға жіберіп тұру қажет. Алайда бұл оқу қандай форматта жүргізіледі, оқудың нормасы қандай, депутаттар оқығаннан кейін диплом ала ма, оларға қандай құжат беріледі, мұның барлығы аталмыш заң жобасында нақты жіктеліп, көрсетілмеген. Осыған байланысты мәжілісте министр Ирғалиевке тікелей сын айтқандар да болды. Мәселен, мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин: «Заң жобасындағы даярлау мен қайта даярлау дегеніміз не? Қайтадан диплом бересіздер ме? 647 млн теңгені береміз деп отырсыздар. Заңға даярлау мен қайта даярлау нормасын не үшін жаздыңыздар? Бұл нені білдіреді?» – деп министрден үш мәрте сұраса да, тұшымды жауап ала алмады. Әсет Ирғалиев заңдағы норма мәслихат депутаттарын тек бес жылда бір рет оқуға жіберуді көздейтінін, алғашқы екіжылдық оқыту Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының филиалдарында жүргізілетінін, кәсіби біліктілікті арттыру барынша дұрыс ұйымдастырылатынын айтудан танбады.
Осылайша мәслихат депутаттарын «даярлап барып, қайта даярлауды» мақсат тұтқан министрдің жаңылтпашқа ұқсаған сөздерін мәжіліс депутаттары біраз сынағанымен, аталмыш заң жобасын бірінші оқылымда-ақ мақұлдап жіберді.
«Оқытпау керек, жалақыларын қысқарту қажет»
Ал сала мамандарының пайымдауынша, сауатсыз депутаттарды жиып алып, оларды қайта оқытудың еш мәні жоқ. Заң ғылымының кандидаты Жандос Өмірәлінің айтуынша, қазір пандемия жағдайында тығырықтан шығудың түрлі тәсілдері ұсынылып жатыр. Үкімет шығыны көп, өзін-өзі ақтай қоймайтын біраз жобаны қысқартты. Осындай сын сәтте халық өзі сайлаған мәжіліс және мәслихат депутаттарынан тың бастама күтіп отыр.
– Бірақ біздің депутаттардың қабырғасы қайысып, елді ойлап отырғаны шамалы. Қаражатты олардың сауатын ашуға жұмсағаннан гөрі халықты әлеуметтік қолдауға жұмсау керек. Себебі мәслихатта да, мәжілісте де депутаттарды қайта даярлап, оқыту халықтың жағдайын түзеп, сапалы заңдардың қолданысқа енуіне ықпал етеді деп айта алмаймын, – дейді заңгер Жандос Өмірәлі.
Жалпы, мамандардың пайымынша, үкімет қазіргі жағдайды пайдаланып, мәжілісмендер мен сенаторлардың, мәслихат депутаттарының жалақысын, мемлекеттен берілетін бонустарын қысқартуы керек. Бұған қатысты «Аналитик» талдау орталығының сарапшы маманы Тоғжан Шаяхметова:
– Депутаттардың жалақысын 300 мың теңгеге дейін төмендетуді ойластырған жөн. Әр депутатқа ай сайын жалақысы бар, тұратын орны, қызметтік көлігі бар – шамамен 1 млн теңгеге дейін шығындалғанша, олардың санын қысқартып, жалақысын азайту қажет. Деректерге жүгінсек, төтенше жағдай кезінде елде 4 млн 208 адам жұмыссыз қалыпты. Осынша адам 42 500 теңгені ғана талғажау еткен. Қарапайым халық 42 500 теңгемен күн көрді. Ал мұндай сын сағатта депутаттардың жалақысын неге азайтпайды? – дейді.
Депутаттар популизмнен гуманизмге неге көшпейді?!
Негізінен, сарапшылардың болжамынша, халықты абдыратқан коронавирус енді өршитін болса, әрбір екінші қазақстандық жұмысынан айырылуы әбден мүмкін. Ал мұндайда халыққа оңай болмасы тағы анық.
Абзалында, осы пандемия келмей тұрып та халықты қымбатшылық қамыты қысып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтың арқасындағы жүгі тым ауырлай түскен еді. Мұны ескергендіктен, біздің билік 2019 жылы тұрмысы төмен елдің несиесін кешіріп, бір мәрттік жасаған болды. Бірақ сол тұста мәжіліс, мәслихат депутаттарының арасында «олардың несиесіне дейін кешіріліп жатыр, мемлекетке масыл болғанды қою керек» деп ділмарсығандар да бой көтерді. Бұдан бөлек, 2019 жылы үкімет көпбалалы аналарға көмектесу мақсатында әр балаға 21 мың теңгеден жәрдемақы тағайындаған еді. Артынша 2020 жылы үкімет бұл жәрдемақыны көпсініп, оның да көлемін азайтып тастады. Ал бұған қатысты «қазір халыққа қиын, қымбатшылық қысып тұр, елді қолдау керек» деп, қарсы пікір білдірген бірде-бір депутат шықпады. Осылайша халықтың сөзін сөйлеуге келгенде бүгежектеп қалатын депутаттарды бюджеттің, яғни халық қаражаты есебінен оқытуды бірқатар мамандар «теріс» деп санайды.
Ақиқатында, депутаттық жалақыдан бөлек, олардың көлденең табыстары, бизнестері тағы барын біз білеміз. Депутаттардың кейбірі осы бизнестеріне ешкімді тигізбей, өз кәсіптеріне қорған болу үшін де парламентте отыр. Рас, кейде олардың арасында популизм үшін халықтың көңілін аулап, сөйлеп қоятындары бар. Ал қазіргідей пандемия кезінде неге олар, мамандар айтып отырғандай, «жалақымызды 30-50 пайызға қысқартайық, халыққа көмек болсын» деп ұсыныс тастамайды?! Үндемейді. Демек, «бұл депутаттар халықтың жағдайын сезінбей отыр» деген сөз емес пе?
Депутаттарға не жетпейді?!
Қазір біздегі халық қалаулыларының еңбекақысы еңбек өтіліне қарай 600-800 мың теңге көлемінде есептеледі. Елдегі орташа жалақы – 200 мың, ал ең төменгі жалақы 42 500 теңге екенін ескерсек, депутаттардың айлығы орташа еңбекақыдан 3,7 есе, ең төменгі жалақыдан 16,5 есе көп екен. Басқа елдермен салыстырсақ, Украинадағы жоғарғы рада депутаттары айына 30 мың гривен (532 мың теңге) алады. Беларусьтық депутаттардың табысы – 2500 Беларусь рублі (501 мың теңге). ТМД елдері арасындағы ең төменгі жалақы алатындардың бірі – қырғызстандық жоғарку кеңеш депутаттары. Қырғыз парламентіндегі орташа жалақы – 30 мың сом (167 100 тг). Айта кету керек, былтыр пандемия басталған тұста Қырғызстан депутаттары наурыз, сәуір мен мамыр айларының жалақысынан бас тартты. Қырғыз мәжілісі «елде төтенше жағдай болып жатқанда үш ай жалақы алмаймыз» деді. Біздің депутаттар бұл жағдайға байланысты біркүндік жалақысын ғана аудара алды. Ал мәслихат депутаттары мұндай іске келгенде тіптен жұмған ауыздарын ашпайды.
Шындап келгенде, біз мәслихат депутаттарының кім екенін, олардың нендей іс тындырып, халыққа қандай пайдасы тиіп жүргенін де біле бермейміз. Әйтеуір, «мәслихаттағы шенділердің жергілікті әкімдермен мәмілесі жақсы болады» дегенді жиі естіп қаламыз. Бірақ халықтың жайын айтып, ашылып, ашынып сөйлейтіндері некен-саяқ. Тіпті қазір сайлаудан кейін мүлдем қарасын көрсетпей, жым-жылас болып кететін депутаттардың тым көптігі халық арасында жиі айтылып жүр. Жоғары жалақыдан бөлек, біздің депутаттарға қызметтік көлік, баспана, бір-бір көмекші және құны 300 мың теңге тұратын депутаттық төсбелгі беріледі. Әрине, олар өз жағдайларын жасап алудың «буымен» жүріп, елдің жайын қайдан қаузай қойсын?! Ендеше осы ойларды түйіндей келе, ұлттық экономика министрі Әсет Ирғалиев айтып жүргендей, білім мен біліктіліктен бұрын, болашақта мәжіліске ынсап, мәслихатқа ұят берсін деуге тура келіп тұр.