«Мәжілісмен» болу 600 мың доллар...
Ал қайраткердің құны қанша тұрады?
Мәжіліс пен мәслихат депутатының мандаты сатылуы мүмкін бе? Көзбен көріп, қолмен ұстамаған соң, бұл сұраққа біржақты жауап беру қиын, әрине. Дегенмен жақында Алматыда шымкенттік екі кәсіпкердің біріне мәжілістің мандатын, екіншісіне Шымкент қалалық мәслихатының депутаттығын алып беремін деп, жүз мыңдаған доллар ақша алмақ болған екі азаматшаға үкім шығарылды.
Сот үкімінде осы қылмыстық іс бойынша айыпталған Гүлжанар мен Жанботаның журналистік қызметпен айналысқаны, Гүлжанардың «Ұлт болмысы» деп аталатын журналдың бас редакторы екені көрсетілген. Қос құрбы былтыр мамыр айында әлдебіреулерден доллар бағамының күрт түсетінін естіп, осыдан пайда тауып қалуды жоспарлаған. Сол үшін оларға ірі көлемде ақша қажет болып, шымкенттік екі кәсіпкер азаматшаға хабарласқан.
Осы жерде сәл шегініс жасап, шымкенттік кәсіпкерлердің олармен таныстығының қай кезден басталғанына тоқталсақ. Сотта жәбірленуші ретінде жауап берген шымкенттік кәсіпкер Ұлжарқынның айтуынша, 2019 жылдың мамыр айында оған «Ақорданың баспасөз қызметінде келісімшарт негізінде жұмыс істеймін» деген Гүлжанар хабарласып, «Қазақстан Республикасының 100 қайраткері» энциклопедиясын дайындап жатқанын және оның осы жинаққа кіретіні туралы қуанышты жаңалықты жеткізген. Ол сол үшін фотосессиядан өтіп, сұхбат беру үшін Алматыға келу қажеттігін хабарлаған. Ал кәсіпкер өзінің құрбысы Олесяны да энциклопедияға кіргізу жөнінде өтініш айтқанға ұқсайды. Оның ұсынысы қанағаттандырылған. Бұдан кейін кәсіпкерлермен өзін «Гүлжанардың көмекшісімін» деп таныстырған Жанбота жұмыс істеген. Ол ұйымдастыру жұмыстарына қажет деп, екі кәсіпкерден 700 мың теңге сұраған. Ақшаны олар тиісті есепшотқа аударып жіберген.
100 қайраткердің тізіміне енген екі кәсіпкер осыдан кейін Алматыға барады, фотосессия жасатады, өздерінің қолдаушылары Гүлжанар мен Жанботамен жақынырақ танысады. Екі журналист сол жолы кәсіпкерлерге энциклопедияның бір айдан кейін арнайы төсбелгімен бірге тапсырылатынын мәлім етеді. Алайда марапаттау рәсімі келесі жылдың наурызына дейін созылып кеткен. Наурыздың басында Гүлжанар хабарласып, төсбелгінің парламент мәжілісі депутаттарының, президенттің қатысуымен тапсырылатынын хабарлап, оларды Нұр-Сұлтанға шақырған. Осы аралықта Жанбота да байланысып, «депутаттарға шай береміз» деген желеумен екеуінен 600 мың теңге ақша сұраған.
Келісім бойынша бизнесмендер елордаға барады. Алайда Гүлжанар оларға карантин талаптарына байланысты жиынға депутаттардың қатыспайтынын мәлім етеді. Қысқасы, сол жолы екі кәсіпкерді парламент ғимаратында әлдебір азамат төсбелгілермен марапаттаған. Бірақ энциклопедия табыс етілмеген. Осыдан кейін кәсіпкерлер Шымкентке қайтып кетеді. Айтпақшы, сотта Жанбота жоғарыдағы марапаттың Б.Момышұлы атындағы «Намыс» төсбелгісі екенін атап өтіпті. Ал Гүлжанардың әлеуметтік желідегі парақшасынан байқағанымыздай, ол бұған дейін аталған төсбелгіні еліміздегі белгілі азаматтарға табыс етіп жүрген.
«Пандемия кезінде доллар бағамы түседі» деген ақпараттан кейін шұғыл доллар іздеген Гүлжанар мен Жанбота былтыр мамырда шымкенттік кәсіпкер Ұлжарқынмен қайта байланысқан. Олар бұл жолы мәжіліс депутаты болуға ұсыныс білдірген. Қысқасы, екі арадағы біраз келіссөздерден кейін олар Ұлжарқынды мәжіліске, ал оның құрбысы Олесяны Шымкент қалалық мәслихатының депутаттығына «Nur Otan» партиясының тізімі арқылы өткізуге уәде етеді. Алдын ала келісім бойынша Шымкент қалалық мәслихатының мандаты 250 мың долларға бағаланып, алдын ала 80 мың доллар аванс берілуі тиіс болған. Ал мәжіліс мандатының құны 600 мың доллар деп белгіленеді. Оның 200 мыңы алдын ала, 200 мыңы үгіт-насихат науқаны кезінде, қалған 200 мыңы депутаттыққа сайланғаннан кейін беру жөнінде ұйғарым жасалады.
Гүлжанар мен Жанбота «бұл ақша президент әкімшілігіндегі, «Nur Otan» партиясындағы басшыларға сыйақы ретінде беріледі» деп сендірген. Тіпті әңгіме барысында елдегі жоғары лауазымды шенеуніктердің аты-жөндерін, оның ішінде билік партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті де атап отырған. Мамырдың аяғында олар кәсіпкерлерге хабарласып, 1 маусымға дейін Байбекке депутаттыққа өтетіндердің тізімін беру қажеттігін, соған дейін авансты әкеліп тастау қажеттігін ескертеді. Алайда шымкенттік кәсіпкерлер мұның арғы жағында күдікті нәрселердің көп екеніне алаңдай бастаған. Қанша дегенмен 280 мың доллар дегеніңіз жерде жатқан жоқ қой. Олар осыдан кейін антикорға арызданған. Гүлжанар мен Жанбота 1 маусымда Алматыда кәсіпкерлерден авансты алған соң ұсталған. Сотта олар өздерінің жеңіл жолмен ақша тапқысы келгендерін мойындаған. Сот екеуін 10 жылға бас бостандықтарынан айырған. Қазіргі уақытта бұл іс Алматы қалалық сотында апелляциялық тәртіппен қаралып жатыр.
Аттап бассаң, алаяққа тап болатын заман. Бұған дейін банктерді, жылжымайтын мүлік нарығы мен мемлекеттік қызметтерді айналшықтап жүретін алаяқтықтың енді мәжілістің мандатына да жеткені ме? Бұл нені білдіреді?