Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:58, 15 Наурыз 2023

Медиация арқылы қаралатын істердің саны артып келеді

None
None

Осыдан 12 жыл бұрын елімізде даулар мен жанжалдарды соттан тыс қарауды қамтамасыз ететін «Медиация туралы» Заң қабылданған болатын.

Он жылдан астам уақыт ішінде медиация жүйесі қоғамымызға барынша сіңісіп, азаматтардың ойынан шыға білді. Соның айғағы елімізде медиация жүйесі арқылы қаралатын істердің саны жылдан жылға артып келеді. Мәселен, алғашқы жылдары медиация арқылы 1 миллиондай іс қаралатын болса, бүгінде олардың саны 3 миллионнан асып жығылады екен. Демек медиация жүйесі халқымыздың ойынан шығуда.

Жалпы медиация жүйесінің заң жүзінде елімізде енгізілгеніне он шақты жыл десек те, негізі бітімгершіліктің тарихы тереңде. Адамдар арасында алғашқы дау-жанжал, түсініспеушілік қай кезде туындаса, оларды бітімге шақыру да сол заманда пайда болған деуге болады. Яғни медиация жүйесі халқымыз үшін ежелден таныс. Кезінде қазақ билерінің кез келген дауды келісіммен, түрмесіз ақ тентегін тезге салып шешкенін ескерсек, халқымыз үшін бітімгершілік билік айтудың ең озық өнегесі болған дей аламыз. «Медиация туралы» заңның қабылданып, сотқа дейін, сотта азаматтарды бітімге шақыру тәртібінің енгізілуі және Азаматтық процестік кодекске татуластырудың енгізілуі жүйенің тынысын ашуға талпынып жатқанымызды айғақтайды. Еліміздің ескі бітімгершілік жүйесін қазақы құқықтың жылдар бойы дәлелденген, өзін әлдеқашан ақтаған дәстүрін жаңғыртсақ деген ізгі ниеті өзін ақтап келеді.

Қазіргі таңда елімізде медиация рәсімі жеке және заңды тұлғалар қатысатын – азаматтық, еңбек, отбасылық даулардың түйінін тарқатуда кеңінен қолданылып жүр. Осыған дейін көршілер арасындағы дау, азаматтар арасындағы балағаттау, ерлі-зайыптылардың түсініспей қалуы секілді болмашы жанжалдардың өзі сотта қаралып, соттардың жүктемесінің де артуына ықпал етсе, қазіргі таңда медиация жүйесі азаматтардың арасындағы дауды тиімді шешіп, сот жүктемесінің де азаюына септігін тигізуде. Кейде құқығын білмеу, ашуға ерік беру секілді болмашы нәрселердің өзі қылмыс болып шыға келіп жатады. Немесе балағаттады деп сотқа сүйреп, моральдық шығынды талап етіп, немесе ерегісіп, ажырасқан кездегі дүние мүлікті бөлісе алмаушылардың әрекеті көп жағдайда мәселені одан әрі күрделендіріп жатады. Міне, осындайда медиацияның тигізер пайдасы зор дер едім.

Заңгер Бақытжан Күлік: «Медиация екі жаққа да тиімді шешім шығаруымен құнды. Дауласушылар үшін маңызды мән-жайларды зерделеп, дау деңгейін бәсеңдетіп, оны шешудің екі жаққа тиімді жолын таңдап, екі тарапты да разы қылуға тырысады. Азаматтардың көбі медиацияның тиімділігін түсінбегендіктен, өз ісінің медиаторлар арқылы емес, сот арқылы, судьялардың көмегімен шешілгенін қалайды. Ал шындығында бітімгершіліктің нәтижесін естігенде риза болып жатады. Қазіргі таңда Азаматтық процестік кодексте судья-медиатордың іске араласу тетіктері жан-жақты қарастырылып, барынша халықты медиацияға тарту қолға алынуда. Осының арқасында бұрын Азаматтық процестік кодексте тараптарды татуластыруды жүргізу үшін судьяға заңмен бар болғаны бес күндік мерзім берілетін. Алайда бұл екі тарапты татуластыруға жете бермейтін. Халық наразылық танытып, жүйеден бас тарта салатын. Қазіргі таңда осы олқылықтың орнын толтыру үшін татуласу үшін тараптарға он жұмыс күнінің берілуі медиативтік келісімдердің қатарын көбейтіп отыр. Сонымен қатар дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеуге қатысушы тұлғалар саны да арта түсті. Мұның барлығы медиация жүйесінің тынысын ашып отыр дей аламыз.

Тегтер: