Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:47

Мексикада мас адам көшеде президентті құшақтап, сүймек болған

Клаудия Шейнбаум
Фото: Reuters

Мехико қаласында белгісіз ер адам Мексика президенті Клаудия Шейнбаумға көшеде жақындап, оны құшақтап, сүймек болған. Оқиға 4 қараша күні ел астанасының тарихи орталығында, президент сарайы маңында өткен шараға бара жатқан сәтте орын алған.

Әлеуметтік желілерде тараған видеода тұрғындар президентті тоқтатып, селфиге түсуге тырысқан сәт көрінеді. Сол кезде арт жақтан бір ер адам келіп, президенттің иығынан құшақтап, оны сүймек болған.

Шейнбаум ер адамның қолын тартып, шетке шегінген. Осы сәтте оның күзетшісі  келіп үлгерген.

Президент шағым түсірді

Оқиғадан кейін ертесіне Клаудия Шейнбаум өзіне тиіскен адамға шағым түсіргенін мәлімдеді. Пресс-конференция кезінде ол бұл әрекетті тек президент ретіндегі емес, әйел ретіндегі қорлық деп бағалады.

«Мен бұл оқиғаға қатысты шағым беруге шешім қабылдадым, өйткені біздің елде мұндай жағдайға кез келген әйел тап болуы мүмкін. Егер мұндай нәрсені президентке жасай алса, басқа әйелдерге не болмақ?» — деді ол.

Шейнбаум сондай-ақ Reforma газетін оқиғаның видеосын жариялағаны үшін сынға алды. Президенттің пікірінше, мұндай материалдар құрбан болған әйелдерге ауыр тиеді және зорлық көрген әйелдердің құқықтарын қорғай алмайды.

Клаудия Шейнбаум
Фото: скриншот

Ресми органдар мен құқық қорғаушылар реакциясы

Оқиғадан кейін Әйелдер істері жөніндегі хатшылық зорлық пен оның медиа кеңістіктегі бейнеленуін айыптап, БАҚ-ты «құрбандарды қайта қорлауға жол бермеуге» шақырды.
Ресми мәлімдемеде журналистерге «әйелдер мен қыздардың абыройына нұқсан келтіретін контентті жарияламау» ұсынылды.

5 қараша күні Мехико қаласының азаматтық қауіпсіздік хатшылығы 33 жастағы ер адамның ұсталғанын хабарлады. Ол президентке тиіскеннен бөлек, тағы екі әйелге қатысты сексуалдық зорлық әрекеттері үшін де күдікке ілінген.

Мексикалық басылымдардың (O Globo және El Universal) хабарлауынша, ер адамның аты-жөні — Уриэль Ривера, оқиға кезінде ол мас күйінде немесе есірткі әсерінде болған.

Мексика тарихындағы тұңғыш әйел президент

Клаудия Шейнбаум — Мексика тарихындағы алғашқы әйел президент. Reuters агенттігі атап өткендей, бұл оқиға елде әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық мәселесін қайта қозғады.

Феминистік қозғалыстар бұрыннан бері Шейнбаумды әйелдерге қарсы зорлықпен күресте белсенді емес деп сынап келеді. Белсенділердің айтуынша, зорлық жасағандарды жауапқа тарту баяу жүріп жатыр, ал фемицид (әйелдерді жынысына байланысты өлімге душар ету) істерін тергеу тиімсіз.

Ресми деректерге сай, 2024 жылы Мексикада 821 әйел жыныстық немесе тұрмыстық зорлық құрбаны болған, ал 2025 жылдың қыркүйегіне дейін 501 фемицид фактісі тіркелген. Құқық қорғаушылар бұл көрсеткіштер шын мәнінде әлдеқайда жоғары болуы мүмкін дейді.