«Мектеп әкімшілігі қылмысты жасыруға тырысқан». 14 жастағы Мирас қалай қаза тапты?
Жамбыл облысы, Байзақ ауданы Құмжота аулында 14 жастағы Мирасқа өзінен бір сынып жоғары оқитын мектеп оқушылары әлімжеттік жасап, ұрған. Салдарынан жасөспірім мектеп ауласындағы дәретханада қаза тапты.
Оқиға мамыр айының басында болған. Қазіргі күнде марқұмның ата-анасы қылмыскерлер жазадан сытылып кете ме деп қауіптеніп отыр. Ауылдағы ата-аналар да балаларын мектепке жіберуге қорқады. Өйткені әлімжеттік тоқтамайынша, қайғылы жағдай тағы қайталана ма деп алаңдайды.
Jas Alash тілшісі Мирастың анасы және туыстарымен тілдесіп қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтады.
Мирас қаза тапқан Құмжота аулының екінші аты – «Шу»
Құмжотада 4 мыңнан аса тұрғын бар. Ауыл тұрғындарының айтуынша, Құмжотаны «Екінші Шу» деп атайды. Себебі ауылда есірткі сататындар, онымен айналысатын топ бар. Үлкендердің балаларға әлімжеттік жасап, ақша жинауының бір ұшы да осы есірткіге барып тіреледі. Мирасты ұрып өлтірді делінетін күдіктінің бірі бұрын есіркі саудасымен ұсталып, істі болған адамның інісі екен. Мирастың туыстары, алғашында полиция да, мектеп директоры да «баланың жүрегі тоқтап қалды» деп қылмысты жасыруға тырысқанын айтады. «Адамның өліміне мал өлгендей қарай салды. Біз жоғары жаққа шағым жасадық, таныстарымыздан көмек сұрадық, мәселені көтердік. Егер ешқандай танысы болмаса адамдар бекерден бекер осылай өліп кете бере ме?! Анаша ашық сатыла бере ме?» деп олар ашынып отыр.
14 жастағы Мирас қалай қаза тапты?
Раушан Құдасова, марқұмның анасы: Балам жүрегі тоқтап қалатындай ауырған емес еді
Мирас 30 сәуір күні әдеттегідей таңертең сегізде үйінен мектепке кеткен. Шамамен арадан екі сағат өтіп анасы Раушанға мектептен хабарласып: «балаңыз әжетханада құлап қалды. Жедел жәрдем шақырдық» деген.
«Мен мектепке құстай ұшып бардым. Балам мектеп ауласынан тыс, жолдың бойындағы бөтен біреудің көлігінде жатыр екен. Мұғалімдер топырлап жүр. Дәрігермін, баламның түрін көрдім де бірден түсіндім. Бірақ ана жүрегі бәрібір қазаға сенбейді ғой. Жанұшырып сұрап жүрмін. Жедел жәрдемдегілер «аппаратқа қосып қойдық» деп тұр. Қарасам ешқандай құрылғы қосылмаған. «Не болды?» деп сұрап жатырмын. Бар айтқандары «әжетханада дәрет сындырып тұрып бірден құлап қапты. Ол жүрегі тоқтап қалатындай ауырған бала емес еді. Денсаулығында ешқандай кінәраты болмаған. «Денешынықтыру сабағында аласұрып ойнады, содан мұздай су ішкен еді» дейді. Қанша ойнап, қандай су ішсе де адамның жүрегі өздігінен тоқтап қалмайды ғой. Мынау кімнің көлігі, мектептегі фельдшерге сендер неге жедел жәрдем көлігіне салмайсыңдар, неге алғашқы көмек көрсетпейсіңдер, неге ауруханаға апармайсыңдар» десем фельдшердің жүргізушісі «мы мертвых не возим» дейді. «Өлген деп кім айтты, клиникалық өлімді тіркеген дәрігер бар ма? деп айқай-шу шығардым», - дейді Мирастың анасы.
Медициналық сараптамадан өткізу үшін эксперттер баланы алып кеткен. Кейіннен көңіл айтуға келген мектеп директоры, оның орынбасары, мұғалімдерден Раушан Құдасова «Мирасқа не болды?» деп қайтадан сұраған. Мектеп әкімшілігі бірауыздан «дәретханаға барып қайтыс болды» деген сөзінен танбаған. Мирастың ата-анасы олардың сөзіне бір күн бойы сеніп жүрген.
«Кешке қарай үйдегі інілерім әлімжеттік болғаны туралы айтып келді. Үлкен сыныптың балалары ұлымды ұрып өлтіріп отыр. Сотта ұрған бала «бір рет ұрдым құламады, екінші рет ұрғанда құлады. Маған «ұр» деді ұрдым» деп мойындап тұр. Бізде 8 класта 4 сынып бар. Мирасты ұратын күні әр сыныптан 4 оқушыдан жинап әжетханаға апарған. Мұғалімдері оқушыларды іздемеген. Мирас әжетханада құлап қалғанда, оны әжетханаға келген мұғалім тауып алған. Директор оқушыларды «тіс жармаңдар» деп кешке дейін кабинетінде ұстап отырған», - дейді Раушан Құдасова.
Директор мектепте әлімжеттік жасалатынын былтыр қыркүйек айынан бері білген. Мирасты сол кезде де жоғары сынып оқушылары ұрған. Оны бала әкесіне айтып келген. Әкесі директорға болған жайды айтып «мен полицияға шағымданамын» дегенде директор «ешкімге айтпаңыз, мұндай жағдай қайталанбайды, Мирастың бір тал шашы түссе басыммен жауап беремін» деп Мирастың әкесі Тоқтасынды райынан қайтарған екен. Міне, соның салдары осы жағдайға әкелген. Балалар әлімжеттік болатынын директорға, тәрбие жөніндегі оның орынбасарына, мұғалімдерге де айтқан. Бірақ олардың сөзін ешқайсысы елемеген.
«Барлығы білді. Әлімжеттік бар екенін біліп тұрып мектеп әкімшілігі жасырды. Тіпті баламның өлгенін де жүрегі тоқтап қалды деп өтірік айтты. Артынан «Мирас энергитикалық сусындар ішеді екен, жүрегі әлсіз болған, шешесі қарамаған» деп қауесет таратты. Бұл не деген сұмдық» дейді Мирастың анасы.
Олжас Сейітқадыр, Мирастың немере ағасы: Оқиға мектеп директорының сабағы уақытында болған
Олжастың айтуынша, сол күні сабақ кестесі бойынша мектеп директорының физика пәнінен сабақ болу керек екен. Бірақ бір жыл бойы мектеп директоры өзінің сабағын тек 2 рет қана өтіпті. Үнемі өзінің сабағында оқушыларды дене шынықтыру сабағына жіберетін болған.
«Бір күн бұрын 9 сынып оқушылары өздерінен бір сынып төмен оқитындарды мектептегі теректің жанына жинап жиналыс өткізген. Осылайша олар 8 сынып оқушыларынан ақша жинап, дұрыс амандаспаған балаларды ұрып, «тәрбие сабағын» өткізген. Сол жиналысқа інім Мирас пен тағы ек-үш бала бармапты. Келмеген балаларды 9 сынып оқушылары мектеп ауласындағы әжетханаға шақырған. Сол жерде «неге келмедіңдер?» деп алдымен бір бала бәрін ұрған. Содан кейінші екінші бала «сенің соққың әлсіз болып жатыр, қаттырақ ұр» деп жанында тұрған үшінші баланы жұмсаған. Сол бала қаттырақ ұрған болу керек інімнің жүрекке келетін негізгі күре тамыры үзіліп кеткен. Сол жерде Мирас бірден қаза тапқан. Алдымен біз мектептің айтуы бойынша, әжетханада тұрып өздігінен қайтыс болды деген сөзіне сеніп қалдық. Одан кейін сап-сау, спортты сүйетін інімнің қалайша бірден жүрегі тоқтап қалды деп күмәндана бастадық. Жеке өзім ауылдағы балалардан сұрастырдым. Мирастың қасында болған достары «жоғары сыныптың оқушылары ұрды, содан кейін Мирас құлап қалды» деп оқиғаның барлығын айтып берді», дейді - Олжас.
Олжас алдымен ата-анасына айтпай, ағаларымен бірігіп бұл сөздің анық-қанығын білу мақсатында тексерген. Полиция шақырған. Олар «адамды ұрған кезде денесінде көгерген, қызарған із қалады, біз 8 сыныптың оқушыларының ата-анасымен сөйлестік, барлығын құжат бойынша тіркедік» деп әлімжеттік болмады дегенге келтірген. Сосын Олжас «біз айтқан мәліметтерді тексеріп көріңдер» деп құқық қорғау органдарына өтініш айтқан. Ертеңі, 1 мамырда полициядан ешқандай жауап келмеген. Туыстары Мирастың жүрегі тоқтап қалды дегенге сенбей, сот медициналық сараптаманы қайта жасатқан. Эксперт жүректегі негізгі тамыр жарылып қаза тапқанын, нақты сараптама 30 күннің шығатынын айтқан.
«Бірінші сараптама кезінде полиция қызметкерлері інімнің қалай көз жұмғанын маманнан сұрамаған да екен. Негізі заң бойынша сұрау керек. Содан кейін біз шу көтеріп едік, құқық қорғау органдары жұмыс істеп бастады. Кешкі қарай полициядан «бір күдікті ұсталды» деген хабар келді. Сот болды, күдікті кәмелетке толмағанға байланысты үй қамаққа алу туралы қаулы шығарды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу-тексеру амалдары жүріп жатыр. Медициналық сараптаманың қорытындысы шыққаннан кейін тергеу жалғасатын болады», - дейді марқұмның немере ағасы.
Олжастың айтуынша, мектеп әкімшілігі ауыр қылмысты жасырып қалуға тырысқан. Оқиға болған күні директор оқушыларды кабинетіне алып кіріп «сендер ештеңені көрген жоқсыңдар, тіс жармаңдар» деген. Мектеп әкімшілігінің оқушылардың үйін аралады деген ақпарат та бар.
«Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды. Араласа аралаған шығар. Директор оқушылардың ата-аналарына өтініш жасапты. Себебі ауылдағы оқушылардың ата-аналарының басым бөлігі ауылдағы мектепте мұғалім болып істейді. Сондықтан директор тапсырма берген шығар. Мирас қаза болған күні мектеп директоры көңіл айтуға келіп тұрып, бізден бұл оқиғаны дәп бір білмейтін адамдай сұрады. Шын мәнінде ол жағдайдың бәрін білген. Оқиға оның сабағы уақытында болып отыр ғой. Соттың қаулысында әжетханада бірнеше бала болғаны көрсетілген. Қазіргі таңда тексеру басталды. Жаңа айтып өткенімдей күдікті ретінде бір бала қамалды, денсаулыққа орташа зиян келтіру бойынша тағы бір бала, сосын «неге жай ұрдың, қаттырақ ұр» деген бала екеуін қазір тергеп жатыр. Мектеп әкімшілігіне де жұмысына салғырт қарағаны үшін қылмыстық іс қозғалды. 8 сынып оқушыларының жетекшісіне қатаң сөгіс жарияланды. Мектеп директоры жұмысынан уақытша шеттетілді», - дейді Олжас Сейітқадыр.
Мектеп директорына қатысты көп деректер айтылғасын біз Құмжота ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің директорына хабарласып көрдік. Ол Jas Аlash тілшісі қойған сұрақтарға жауап беруден бас тартты. Содан кейін ауылда есірткі саудасы бар, күдіктінің бірі есіркі саудасымен ұсталған адамның туысы деген деректі де тексердік.
2021 жылы 18 қазанда Жамбыл облысы Полиция департаменті Жамбыл облысының Байзақ ауданында «марихуана» есірткі құралын дайындаумен және оны республикамыздың басқа өңірлеріне өткізумен айналысатын адамдар тобын ұстаған. Жүргізілген тергеу әрекеттерінің нәтижелері бойынша 39 және 51 жас аралығындағы барлығы 5 күдікті анықталған. Аталған ер адамдардың төртеуі – Байзақ ауданының тұрғыны, біреуі Тараз қаласынан болған. Бұл ақпарат Жамбыл облысының ПД басқармасының әлеуметтік желісінде де жарияланған. Мирастың немере ағасы да, күдіктінің ағасы есірткімен айналысқанын растады. Олжастың айтуынша, есірткі құралын дайындаумен және басқа өңірлеріне өткізумен айналысқан топ Құмжота аулында тұрған.
Мирастың өліміне қатысты және ауылдағы есірткі сатумен айналысатындарға байланысты Жамбыл облысы полиция департаментіне бірнеше сауал жолдадық. Алдағы уақытта олардың жауабын жариялаймыз.
P.S. 13 мамырда Жамбыл облысында 16 жастағы тағы бір жасөспірім қаза тапты. Тергеу барысында анықталғандай, марқұм Сыпатай ауылының тұрғыны Артем Садков болып шыққан. Меркідегі асханада жасөспірімдер арасында жанжал туындап, төбелес кезінде күдікті Артемның басына кастетпен ұрған. Салдарынан ол миына қан құйылып көз жұмған. Қазіргі күнде Артемді ұрған Асланбек Серікбай уақытша ұстау изоляторына қамалған. Кәмелетке толмаған баланы өлтіру бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Қылмыстық іске қатысы бар тағы бір балаға заңсыз қару алып жүрді деген айып тағылуы мүмкін.
МАҚАЛА ТОЛЫҚТЫРЫЛАДЫ....
Тұрсынбек БАШАР