Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:45, 21 Шілде 2023

Мектепте сабақ оқудан жол үстінде намаз оқуға дейін – дінтанушымен әңгіме

None
None

Жақында ғана Алматы көшелерінің бірінде, қайшыласқан көліктердің арасында намаз оқып отырған жігіттің фотосы әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті.

Бұл фотоның автожолдың бойында билейтін, жүріп бара жатқан көліктің үстіне отырып алатын, көшеге лыпасыз шыға келетіндердің бейнекөріністерінен не айырмасы бар? Бұл оқиға қоғамдағы діни пікірталас тудырды. Қоғам бұл арандатушылық па, жай тәртіп бұзушылық па, болмаса діни соқырлық па деген тақырып төңірегінде көп ырғасты.

Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің сөзінше, бұл жол қозғалысы ережесін ғана емес, өзінің және өзгенің қауіпсіздігін бұзу болып табылады екен. Мұндай жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 490-бабына сәйкес 50 АЕК (172 мың теңге) айыппұл салынуға тиіс. Әлі есімі жарияланбаған азамат айыппұл арқалап, жазалы бола ма, жоқ па, әзірге ақпарат жоқ. Автожолдың ортасында намаз оқыған жігіттің қылығын қолдап, дінге құрмет көрсетіңдер деген пікірдің көптігінде болып отыр. Дін қызметкерлері де Ислам қағидаттары тұрғысынан пікір білдіруде. Алайда аталмыш әрекетті ақтап отырғаны жоқ. Біздіңше, бұл жағдай жеке факт болса да, қоғамдағы діни проблемалардың асқынып тұрған бір көрінісі ретінде қаралып, осы тараптағы діни-ағартушылық жұмыстарды жандандыруға себепші болуы керек.

Терроризм мен экстремизмнің алдын алу үшін 2004 жылы қазақстандық мектептерде «Дінтану негіздері» элективті пән ретінде енгізілгені есімізде. Кейін, 2013 жылы діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2017 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарлама қабылданып, оның шеңберінде орта мектепте барлық оқушыларға дінтануды оқыту жоспарланды. Сөйтіп, 2016 жылдан бастап Қазақстан мектептерінде 9-сынып оқушыларына «Дінтану негіздері» таңдау пәнінің орнына «Зайырлылық және дінтану негіздері» факультативі енгізілді. Сол күйі міндетті пәндер қатарына қосыла алмаған дінтану өткен 2022-2023 оқу жылынан бастап оқу бағдарламасынан мүлде алынып тасталды. Қоғамның діни сауаттылығын қалыптастыратын бірден-бір құрал мектептегі жүйелі, базалық, бейтарап білім деп жүргенде, пәнді қысқартып, 10 сағат ретінде оқу бағдарламасына жаңадан енгізілген «Жаһандық құзыреттілік» факультативінің ішіне енгізіп жіберді.

Біз осы мәселелер бойынша діни сауаттылықты қалыптастыруда аталған пәннің маңызы мен қажеттілігі туралы дінтанушы, философия ғылымының докторы Кеңшілік Тышханмен сұхбаттастық.

– Еліміздегі қазіргі діни сауаттылық деңгейі қандай? Қоғамда діни сауаттылықтың қалыптасуына қандай факторлар әсер етеді?

– Халықтың діни сауаттылығы – ауқымды, күрделі мәселе. Қазіргі таңда бұрынғымен салыстырғанда белгілі бір көзқарастар қалыптасқан, халық пікір айта біледі. Бірақ сауаттылық деңгейіне шықтық дей алмаймыз. Халықтың басым бөлігінде діни білім төмен. Дін мәселесінде қалыптасқан ахуалды қарап отырып осындай тұжырым жасауға болады. Теріс ағымдардың қатарын толықтырушылар, әртүрлі діни ұйымдар мен топтарға алданушылар азаймай тұр. Әлеуметтік желілердегі бітпейтін талас-тартыстар да діни сауаттылық деңгейінің төмен екенін айқындай түседі.

Сауаттылық тек жүйелі білім алу арқылы қалыптасады. Бізде діни ақпараттар алу өкінішке орай интернет уағыздары арқылы жүзеге асып жатыр деуге де болады. Ғаламтор ыңғайлы ақпарат көзі екені даусыз. Алайда онда ақпараттың дұрысы қайсы, бұрысы қайсы, бір көрген адамға анықтау қиын. Қайсысы ақиқат, ал қайсысы манипуляция немесе пропаганда екеніне көз жеткізіп отыратындар аз. Әрі интернеттегі материалдарда адамның білім дәрежесі, ақпараттың күрделілік деңгейлері, тақырыптардың жас ерекшелігіне қарай бөлінуі қарастырылмайды. Бір ізге түсірілген жүйе болмаса, нәтиже болуы неғайбыл. Ал білім беру орындарында осы жүйелілік сақталады. Әртүрлі діни түсініктер мен мәтіндерге салыстырмалы талдау жасалады. Теологиялық, ағымдық ерекшеліктер, әдістемелік мәселелер оқытылады. Тақырыптардың күрделілігі де назарда болады.

– Дінтанушы әріптестеріңіздің бірі «Мектеп – теріс діни ағымдарға иммунитет қалыптастырып, зайырлылық құндылықтары мен діни толеранттылықты жүйелі сіңіретін жалғыз орта» деген пікір айтты. Осы ойға қосыласыз ба?

– Келісемін. Бірақ толықтыру қажет. «Жалғыз орта» деуге келмейді. Көбінесе азаматтардың дінге қатысты өзіндік ұстанымы 17-19 жасында қалыптасатынын ескерсек, мектепке қарағанда ЖОО-ларда бұл тақырыпқа көбірек назар аударған тиімді секілді.

– Осыдан 6-7 жыл бұрын ғана өзекті, аса қажет деп енгізіліп, мектеп бағдарламасында оқытылып келген дінтануды алып тастауға қандай қажеттіліктер болуы мүмкін?

– Бұл пән біраз жылдан бері оқытылып келді. Осы жылдардың ішінде жастардың діни сауаттылығы деңгейінде прогресс байқала ма?! Дінтану факультатив болды. Яғни сұрағы, сынағы жоқ пән. Ашығын айтқанда, оған мұғалімдер де, оқушылар да көңіл бөлген жоқ. Демек, пәннің міндеті мен мақсаты толық орындалмады. Әрі бұл пәнді тарих мұғалімдері оқытқанын ескеру керек. Тарихшылардың бір бөлігі бейімделіп, ізденді. Ал бір бөлігі сағат алу үшін ғана жүргенін мойындау қажет. Біліктілікті арттыруға арналған курстардағы 24 сағат немесе үш күндік оқу сертификат бергенімен, толық білім бере алмайды. Әлбетте, сәйкесінше дінтануды ғылыми зерттемеген, толық меңгермеген тарихшылар діндердің тарихын оқыта берді. Ал діннің тарихын оқытумен діни сауаттылықты арттыру мүмкін емес. Олқылық пәннің оқулығында да орын алған. Осындай себептермен пән айтарлықтай нәтиже бере алмады. Бір сөзбен айтқанда, мектептегі дінтану көгермеді. Университетте алдымызға келген студенттерден де сұраймыз. Көбі дінтануды оқыған жоқпыз дейді. Меніңше, бұл пәнді 1-курс студенттеріне қою керек. Академиялық жоспарда бір кредитті міндеттесе болады. Артықшылығы, мұнда ЖОО оқытушылары сабақ береді. Екіншіден, білім алушылардың көзқарасы қалыптасқан жасы дін секілді тақырыпты қабылдап, сараптауға ыңғайлы. Оған қоса, ЖОО-да пәнді оқу, игеру, баға алу деген мәжбүрлік, қажеттілік бар. Дінтануды мектеп бағдарламасынан гөрі ЖОО компонентінде оқыту тиімдірек болады деп ойлаймын.

– Соңғы жылдары еліміздегі бірнеше университетте «Дінтану», «Теология», «Исламтану» білім беру бағдарламалары ашылып, сала мамандарын даярлау ісі қарқын алып келеді. Бұл тенденция жоғарыда айтылған сапалы кадр мәселесін шешуге көмегі бар ма?  

– Дінтанушылар педагогикалық емес, гуманитарлық бағытта білім алатындықтан мектепте сабақ бере алмайды. Мектепте мұғалім бола алу үшін дінтанушылардың білім бағдарламасына өзгеріс енгізіп, педагогикалық сабақтарды қосу керек. Университеттерде тарихшы-дінтанушы деген кадрларды дайындап жатыр. Бір қызығы, оларға да сабақты дінтанушылар емес, тарих факультеті мен тарихшылар береді. Дипломдарында дінтанушы деп жазылып тұрғанымен, дінтанудан хабары болатынына күмән бар. Осындай күрделі мәселелерді талқылау үшін Дін істері комитетінің сараптамалық отырыстарына Оқу-ағарту министрлігінің өкілдерін жиі шақырамыз. Олар келмейді. Келсе де нақты ештеңе айтпайды. Діни ахуалды, діни адасушылықтың зардаптарын терең түсінбегеннен кейін, мәселені түпкілікті қопарып қарамаған соң оларға бес қой бір тиын. Өз тарапымыздан дінтануды факультативтен міндетті компонентке айналдыру керек деген ұсынысты қанша жылдан бері айтып келе жатырмыз. Міндетті пән бола ма деп жүргенде, мүлде алынып тасталды.

– Пән 36 сағаттан қысқартылып, «Жаһандық құзыреттілік» қосымша пәнінің құрамына 10 сабақ етіп енгізілді. 10 сабақ дінтану пәнінің негізгі мақсатын орындауға жетпейді ғой?

– Жеке пән болған кезде салмағын көрсете алмаған дінтану енді кімнің не оқытқаны белгісіз, жауапкершіліксіз бір жағдайға түсті. 36 сағаттың өзі тақырыптарды толық игеруге жетпейтін. 10 сағат тіптен жетпейтіні анық. Бұл тұста мұғалімнің біліктілігі маңызды. Тақырыпты, мәселені тұжырымдап, оқушыларға жеткізе алса 10 сабақта да біраз дүниені игертуге болады. Бірақ оқушылардың дінтануға қызығушылығы керемет емес. Онсыз да ауыр мектеп бағдарламасы оқушылардың жүйкесіне салмақ болып тұрғанда, әдемдік проблемалар мен діни талас-тартыстарды қып-қысқа уақытта түсіну, игеру оңайға соқпайды.

– Дінтану пәнін қайтару мәселесі айтылып жүр. Қайтару мүмкіншілігін (ықтималдылығын) қалай бағалайсыз?

– Егер жауаптылар мәселенің өзектілігін сезінсе, әлбетте, қайтаруға болады. Алайда діни ахуалды зерделейтін министрлік бөлек, Оқу-ағарту министрлігі бөлек. Екі министрліктің байланысы нашар. Мәселелер бір тараптан екінші тарапқа дұрыс жетпей жатады, дұрыс талқыланбайды.

– Әр тұста шетел тәжірибесіне сүйенетін әдетіміз бар. Діндер мен зайырлылыққа байланысты пәндерді мектеп қабырғасында оқыту әлем елдерінде жиі кездеседі. Поликонфессиялы мемлекет ретінде шетелдік тәжірибелерді сараптап, қандай да бір жүйелерді үлгі ете аламыз ба?

– Басқа елдердің зайырлылық прнинциптерінде өзгешеліктер бар. Сол себептен шетелдің тәжірибелерін қолдану қиын. Көрші Ресейде, Түркияда, Еуропаның біраз елдерінде діни сауаттылықты арттыруды мақсат ететін пәндер бар және олар мектеп бағдарламасында оқытылады. Әрине, оның әрбірі мемлекеттің діни саясатына байланысты түрлі ерекшеліктер мен ньюанстарға ие. Ал біздегі мектептерде дінтану пәнін ұлттық және рухани құндылықтарға негіздей отырып, зайырлы, толерантты, ғылыми бағытта оқытсақ діни сауаты бар қоғам қалыптастыруда оң әсер берері сөзсіз.

Баян Мұратбекқызы

Тегтер: