«Мемлекеттік аппаратта үлкен былық болып жатыр»
«Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент болып жүргеніне ендігі екі жарым жыл болып қалды.
Бірақ оның тапсырмалары орындалмай жатыр», – деген дабыл қағады саясаттанушы Санжар Боқаев.
Ол президенттің сол күйі орындалмай қалған ең маңызды деген бес тапсырмасын тізіп шықты. Олар мынау дейді:
1. Мемлекеттік аппаратты қысқарту керек. Тоқаев осы үрдісті жеделдетуді тапсырған еді. Жыл соңына дейін квазимемлекеттік сектордағы қызметкерлер штаты 10 пайызға қысқаруы тиіс. Келесі жылы тағы 15 пайызға қысқаруы керек деген. Іс жүзінде мемлекеттік аппаратты қысқартыңдар деген президент тапсырмасы жайына қалды. Мен тіпті бір жаман шындықты айтайын, соңғы бес жылда мемлекеттік құрылымдардағы қызметкерлер саны азаюдың орнына 3 пайызға көбейген.
2. «Сулпак» дүкенінің алдындағы ағаштардың аяусыз кесілгені есіңізде ғой. Кесілген ағаш туралы жаңалыққа Тоқаев пікір білдіріп, кінәлілерді жазалауды тапсырған еді. Сонда кім жазаланды дейсіз бе, күлмеңіз бірақ – мердігер ұйымға қатысы бар қайдағы бір дизайнерді айыппұлмен жазалап қойды бұл қулар. Бұл тіпті президент араласатын мәселе емес еді. Бұл жерде қала әкімі Сағынтаев кімнің кінәлі екенін нақты тауып, болашақта мұндай жағдайға жол бермеуге тырысуы керек еді. Тоқаевтың араласқанының өзі жергілікті атқарушы органдардың жұмыс істей алмайтынын аңғартады. Билік вертикалі тиімсіз екенін көрсетеді.
3. Екі жарым жыл бұрын Тоқаев ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындардың басшыларына шығындар үшін жауапкершілік жүктеуді тапсырған. Бірақ әлі күнге дейін барша квазисекторда мемлекеттік компаниялар басшыларының шығындар үшін жауапкершілігі енгізілген жоқ. Бұл қалай?
4. Екі жыл бұрын Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне LRT-ға қатысты Нұр-Сұлтан қаласының бұрынғы басшыларын тексеріңдер деген тапсырма берген. Кімді тексерді? Ешкімді де тексерген жоқ олар!
5. Тоқаев үкіметке Қазақстанға Pfizer вакцинасы жеткізілмей қалғаны үшін жауапты шенеуніктерді жазалауды тапсырған. Қазақстандықтар үшін америкалық вакцина тез арада қолжетімді болсын деген.
– Жалпы, ел президентінің 25-тен астам тапсырмасы мүлдем орындалмады немесе шала-пұла орындалды. Мұны қалай түсінеміз? Мемлекет басшысы тапсырма берсе – ол орындалуы тиіс. Болды! Меніңше, мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалуын президент әкімшілігінің басшылығы, президент маңайындағы қаптаған көмекшілер мен кеңесшілер қадағалауы керек. Елде ешқандай тәртіп жоқ, мемлекеттік аппаратта «полный бардак» болып жатыр, – дейді ол.