Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:50, 30 Мамыр 2024

Мемлекеттік рәміздерді насихаттау – 4 маусым жалау алып көшеге шығумен шектелмейді

рәміздер

Еркіндік пен теңдік, егемендік пен тәуелсіздік қай халық үшін де ежелден аса қадірлі ұғымдар. Еліміз тәуелсіздік алған күннен бастап, жақсылықтың хабаршысы боп келген ұлы құндылық – мемлекеттік рәміздеріміз еді.

 Мемлекеттік рәміздер — тәуелсіз жеке дербес ел болудың бір сипаты, біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің мызғымас негіздерінің бірі. Алайда біз осы мемлекеттік рәміздерді насихаттауда осы уақытқа дейін аса өнімді жұмыс атқара алмаған сияқтымыз. Себебі бұл тарапта ақсап жақтан тұстарымыз аз емес. Қарапайым ғана біз мысал – қазіргі кезде жастардың кейбірі мемлекеттік рәміздерімізді танымайды. Мұны түрлі әлеуметтік сауалнамалардың нәтижесі көрсетті. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде рәміздерге жасалған құрметсіздік пен сыңаржақ пікірлерге жиі ұшырасамыз. Демек, біздің насихатымыздың кемшіл тұсы бары анық. Енді мынадай сұрақ туындайды, неге біздің жастарымыздың кейбірі мемлекеттік рәміздерді танымайды немесе оған құрметсіздікпен қарайды, енді қалай істесек бұл олқылықтың орнын толтырамыз? Біз бұл сұрақтарды мәдениет және спорт министрлігі архив істері және құжаттаманы басқару комитетіне қарасты Геральдикалық зерттеулер орталығының бұрынғы басшысы, геральдист Асылбек Баяжұманнан сұрап көрдік.

«Жасыратыны жоқ, мемлекеттік рәміздерді насихаттау деп 30 жылдың ішінде түрлі семинар, симпозиум, конференциялар арқылы алаулатып-жалаулатып, 4 маусым күні ғана көшеге шығумен шектеліп келдік. Одан ешқандай нәтиже болған жоқ. Одан халықтың мемлекеттік рәміздерге деген керемет сезімі оянды деп айта алмаймыз. Қазір біз заманауи технологияны қолданып, осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Әсіресе жастардың арасында бұл жұмысты жүргізу маңызды», – дейді маман.

Геральдистің айтуынша, елімізде рәміздерді насихаттау мен ұлықтауға арнайы әдістемелік құралдың жоқ екенін, әлі дайындалмағанын алға тартты.

Жалпы геральдика ғылымы Еуропада кеңінен танымал. Ал маманның айтуынша, бүгінгі күні біздің елімізде бұл саланың дамуы кешеуілдеп тұр әрі статусы төмен.

«Өкінішке қарай, геральдикалық зерттеулер орталығының статусы төмен. Бір архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің қарамағындамыз. Тым құрғанда министрліктің жанындағы орталық болып жеке құрылса дейміз. Мәселен, бізге Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан сияқты түркі мемлекеттерінен қызығушылық өте көп. Жұмыс істегісі келеді. Өйткені оларда мұндай орталық жоқ», – дейді А.Баяжұман.

Сәруар БАҚБЕРГЕН

Тегтер: