Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:03, 13 Қыркүйек 2022

«Мені де бірге қамаңдар!»

None
None

Уақыт шіркін жалынын ұстатпайтын шу асаудай, ерік бермей, зулап барады. Кеше ғана балағынан құм бораған бозбала едік, бүгін жігіт ағасына айналдық.

Алды-артымызға салмақпен қарап, әр қадамымызды абайлап басамыз.

Бұдан 36 жыл бұрын албырт көңіліміз алып ұшып, Алатаудың асқақ биігін аймалап, желпініп жүрген көктем көңіл студенттік дәуреннің әйгілі Желтоқсан оқиғасына қатысты бір сәті үнемі жадымда жаңғырады да тұрады. Себебі, ол жүрегімізге өшпес сызын қалдырған. Сол бір сынаққа түскен кездерде кімнің кім екенін білдік, адамгершілік өлшемін бағамдадық десем, артық айтқандық емес.

Досбол шешен: «Арғымақтың белгісі – арығанын білдірмес,

Азаматтың белгісі – қайғырса да бүгілмес, – деген ғой. Сол айтқандай, қайсар мінезді, айтқанынан қайтпайтын өжет жігіттердің бірі – марқұм, Ормаш Мырзағалиев еді. Жолдастарының алдында беделді, өзіндік азамат болатын қөзқарасы бар, өзі әнші, қолынан гитарасы түспейтін, Арқаның сал-серілері сияқты, тағы бір қасиеті – шешендігі, тілінен май тамады. Дайын асаба. Пышақтың қырындай сылым еті жоқ. Бір кездері қияқтай мұрт та қойды. Қайран өмір-ай, адам болған соң бастан не бір жағдай өтеді екен. Кім екеніңді досыңа қарап танитын қазақы қағиданың шығу тарихына осындай оқиғалар себеп болған шығар, кім білсін?     

Тағдырдың жазуы шығар, жоғары оқу орнына түсіп, жағамыз жайлау болып, масайрап жүрген кезде, әлі студенттік өмірдің дәмін татып үлгермей жатып, ел тарихындағы қаралы кезең – Желтоқсан көтерілісінің ызғарын сезіндік. Мектептен жаңа шыққан өңкей сарыауыз балапандар үлкен саясаттың шынайы бейнесін қайдан білсін? Бәріміз де кеудемізде жалын лапылдап, «қәне, қайда шабайық», – деп тұрған кезіміз. «Алаңға шығамыз», – деген жалғыз ауыз сөзді естісімен бәріміз дайын тұрдық. Ересек 101-группаның жігіттері бастап, біздер қосшы 30-40 қыз-жігіт орталық алаңға бардық. 16-17 желтоқсан күндері әйгілі оқиғаның бел ортасында жүрдік. Ұрандадық, қиқуладық, әскермен бетпе-бет келдік… Қанды қырғынды көрдік…

Біз үшін бәрі кейін басталды. Алматыда 1986 жылғы желтоқсандағы оқиғаға кінәлі «маскүнем, жүгенсіз, бұзақы» жастарды жаппай тауып, жазалау басталды. Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті іске кірісті. Қаңтардың қаралы күндерінің бірінде жоғарғы 101-топтың старостасы мен комсоргі кім не істеді, алаңға қалай барды, бәрін айтып берген екен. Сөйтіп, 102-топтың басшылары ретінде Ормаш, мен, Гүлмира үшеуміз ұсталып кете бардық. 1987 жылдың 11 ақпан күні үшеумізді қалалық сотқа алып келді. Бұзақылығымыз үшін Ормаш екеумізді 10 тәулікке жабатын болды. Комсорг Гүлмираға 5 тәулік кесті. Соттан шығысымен үшеумізді түрмеге жазамызды өтеуге алып жөнелді. Гүлмираны «Целинный» кинотеатрының жанындағы әйелдерге арналған уақытша қамау орнына қалдырып, бізді Ташкент даңғылы бойындағы сондай бір жабық мекемеге алып келді.

Менің он сегізге жаңа толған кезім. Ормаш әлі он жетіде. Сол себепті де түрме қызметкерлері: «Біздің басымыз екеу емес, сен әлі кәмелеттік жасқа толған жоқсың, қамай алмаймыз», – деп Ормашты қабылдаудан бас тартты.

 – Жоқ, мен отырып шығуым керек, – деп Ормаш қоймайды. Бойында қорқу, үрку деген жоқ, жұлқынып тұр.

 – Ормаш, сен қайта берсеңші. Біздің мұнда отырғанымызды ешкім білмейді. Қайта сен жігіттерге хабар беріп, ертең керек нәрселер, тамақ бірдеңе әкелесіңдер, – деймін.

 – Жоқ, менің атам да репрессияның құрбаны болған. Мен де отырып шығуым керек! – дейді ол.

Қайсарлығын қойсаңшы. Менен қалғысы келмей, темір торға бірге барғысы келіп тұр. Қойшы әйтеуір, түрме адамдары оны шығарып жіберді. Мен қалдым. Қамайтын жер бар-жоғы 7-8 кісіге ғана арналған орын екен. Сондай тар қапасқа 40-45 адамды топырлатып қамап қойған. Жаным құлазып, жалғызсырап, темір есіктің ар жағына аттасам, көп адамның ішінен таныс бейнелер жарқ ете қалды. Бірінші топты бастап барған Нұрымжан Мауытов пен Сейсен Ұлықбеков те сонда отыр. Тарих факультетінде окитын Нұрлан Тайманов (Ұзакбайдың сыныптасы) осында куанып кеттім. Тап бір туған ағамды, әкемді көргендей болып, көңілім жадырап сала берді. Сөйтіп, 10 күн жатып шықтым. Ол кезде тәртіп қатал, милицияда бір тәулік жатып шыққандарды оқудан шығаратын. Бағымызға қарай, қысқы демалыс басталып кетіп, аман қалдық. Бірақ жайымызға қалдырмады. Демалыстан кейін бізді тағы шақыра бастады. Ол уақытта комсомол дүрілдеп тұрған кез. Солардың белсенділері комсомол комитетінің бюросына шақырып, тәртібімізді қарамақшы болды. Комсомолдан шығарамыз десті. Бәріне де көнетін едік. Бірақ жазаланбай, комсомол қатарынан шықпай қалуымызға қазіргі оппозиционер деп жүрген азамат Әміржан Қосанов себепші болды.

Ол – Қазақстан ЛКСМ съезінің делегаты, беделі бар жігіт еді. Нұрымжан да, Сейсен де, мен де, Гүлмира да сол кісінің арқасында аман қалдық. Әлі есімнен кетпейді. Комсомол комитетінің бюросына кіргізіп жатқан кезде, Гүлмираның жүрегі қысылып қалды. Оны көрген соң, мені бюроға қолымнан жетектеп алып кірді. Ормаштың орысшасы бізге қарағанда, жақсы еді. Жақын достарын жауға тастасын ба? Сөз алып, ағыл-тегіл сөйледі-ай келіп: «Бұл жерде Гүлмираның еш кінәсі жоқ. Сіздер Ғазиз екеумізді комсомолдан шығарыңыздар. Гүлмираны біз қоярда-қоймай, қолынан жетектеп алып бардық» деп, барын салып қорғаштап жатыр. Сол жиналыста Ормаш Гүлмираны да, мені де қорғап қалды. Оның осындай бір ерлігі бар еді. Дос үшін басын бәйгеге де тігуге даяр тұратын. «Өзім сотқа түсемін-ау», – деп сескенбейтін жігіт болатын.

Бірде оған: «Адам атаның кемесі қалған Қазығұрт – менің атақонысым. Елге барып, ата-анам, бауырларыммен танысып, Қазығұрттың қымызын ішіп, етін жеп қайтайық», – дедім. Ол ұсынысты қуана қабылдады.

Сөйтіп, ауылға тарттық. Жолға жарамды жігітім желпініп, көңіл сарайы ашылып, мейірлене қарап, табиғатқа тамсанып, оңтүстіктің ортасына қалай барып қалғанын байқамай қалды. Ауыл адамы деген ақ жарқын, дархан пейілді емес пе, дастархан молынан жайылып, арқа-жарқа болысып, кең тыныстап, мауқын басқан баладай болды. Тауға шықты, қымыз ішіліп, ет желініп, елге деген сағынышты басып, Ормаш тарланбоз көңілін бір көтерді. Көпке дейін аузынан тастамай, ондағы достардың, бауырларымның пейіліне тойып, марқайған ниетін ұмыта алмай жүрді. Міне, сондай сардар досымды ажал айырып кетеді деп кім ойлаған? Ормаш қай қызметте болсын, артында жақсы пікір, жылы сөз қалдырды.

Иә, оның орны бөлек. Әсіресе, қар үстіне қан жұққан жаралы желтоқсан оқиғасы оның ерлігін жасыра алмайды. Дос үшін басын бәйгеге де тігуге даяр тұратын ділмәр азамат туралы тағылымды естелік көп. Оған «Желтоқсан ардагері» медалі берілмек. Арда азамат оқыған орта мектепке осы жылдың 16 қыркүйегінде тас тақтайша қойылып, ас беріледі.

Әттең, тірі болып, өз көзімен көретін бақыт бұйырмады. Сол өкініш кеудемді өртейді.

Шынында, бүгін тірі болса, Орекең жайраң қағып, ортамызда жүрер еді. Амал қанша, тағдыр оған аз ғана ғұмыр сыйлады. Ортамыздан ерте кеткен досымыздың осындай бір жүректі, ер көңілді бейнесі ойымнан, «Мен отырып шығуым керек!», – деген сөзі құлағымнан кетпейді. Тірінің бір-ақ міндеті бар, оның рухына Құран бағыштап, үнемі еске аламын. Біздің достығымызды қасиетті Құран аяттары ғана жылытып, арамызды жақындатып жүргендей...

                              

Тегтер: