Мені классик жазушы деп санасаңыз...

Академик Оразалы Сәбден бауырым: Софы аға! Сіздің Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға жазған хатыңыз да, ФБ-ға салған өтінішіңіз де президенттің қолына тимейді.
Немесе тигізбейді. Сізді Тоқаев ініңіздің қатты сыйлайтынының бір-екі куәсі де болғам. Әкесінің жақсы көретін әріптес қаламгерін президентіміз жалтақтатып қоюы мүлде мүмкін емес. Сәке, сіз оған хатыңызды газет арқылы жолдаңыз. Сонда ол кісінің хатты оқитыны сөзсіз деген соң хатымды «Дат», «Жас Алаш» газеттері арқылы жіберіп отырмын.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Мені Орталық клиникалық ауруханасы өзінің тіркеуінен сәуір айында шығарып тастапты. 1984 жылдан бері сол ауруханаға тіркелген менің жасым 81-де. Алты рет инфаркт, екі мәрте инсульт алып, рак (обыр) болған асқазанымды алғызған зейнеткермін. Үш айда бір жатып, ағара бастаған қанымды система, уколдар арқылы сәл-сәл қызартып шығушы едім. Енді осы соңғы ілгегімді де саусағымның ұшынан жұлып әкетті. Сылтаулары – ешқандай атағымның жоқтығы.
Енді атақтарымның маңайыма қалай жоламағанын айтайын.
Біріншіден, менің «Елім-ай!» трилогиям бастаған 11 (он бір) кітабым Жазушылар jдағының қорытынды жиналыстарының нәтижесінде 11 рет «Жылдың ең үздік кітабы» аталып, 11 (он бір) рет Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып, есепшіл әріптес «достарымның» арқасында 11 (он бір) мәрте құлады. «Жылдың ең үздік кітабы» Мемсыйлықты 99% шаппай алуға тиіс болса да, мен сол атақтың иегері емеспін.
Екіншіден, 1996 жылы елбасының тапсырмасымен мен «Қазақстанның халық жазушысы» атағына ұсынылғам. Ақмолаға көші-қон кезінде Мемлекеттік хатшы Ә.Кекілбаевтың айтуынша, менің (ғана) құжаттарым жоғалып кетіпті.
1997 жылы елбасының өкімімен Жазушылар одағы тағы да осы атаққа мені ұсынған еді. Алайда Ә.Кекілбаев менің аты-жөнімді «Халық жазушысы» деген графадан ауыстырып, Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткерлер тізіміне кіргізіп жіберіпті. Мен қайраткерліктен бас тартқам.
1999 жылы 15 қаңтарда «Анкара» қонақ үйінде елбасы елу шақты зиялыны қонақ еткен-ді. Сонда ол маған:
– «Сәке, сіздің өкпеңіз орынды. Халық жазушы атағын екі-үш айда аласыз», – деп уәде берген.
Сол уәдені қасымызда тұрып естіген Ә. Нұрпейісов бір ай өтер-өтпесте Ақмолаға ұшып барып, Әбіш Кекілбаевқа: «Елбасыға «Сіз «Халық артісі», «Халық жазушысы» атақтарының күшін жойғызбасаңыз, өкпешілер көбейеді» дейік. Соған келіскен екеуі елбасыны көндіреді.
Сонымен мен бұл атақтан біржолата қағылдым.
Үшіншіден, 2001 жылы жазда Алматы-Бішкек күре жолының бойына қойылған жонғар-қазақ шайқастарының қаһармандарына арналған ескерткіштің ашылуына қатысқанмын. Елу шақты қаламгердің арасынан мені полицейлер кордонынан өткізіп, Елбасы қасына шақырып алып:
– «Сәке, Сізді 60 жылыңызбен құттықтаймын. Сіз биыл «Халық қаһарманы» медалін төсіңізге тағасыз!» – деп уәдесіне мінгізіп жіберген-ді.
Жылдың аяғында мерекелік медаль де бұйырған жоқ.
2011 жылдың 19 қаңтарында Алматыға келген Нұрсұлтан Әбішұлы мені резиденциясына шақырып алып, «Халық қаһарманы» жазушыларға берілмейді екен. Сіз биылғы 70 жылдығыңызда Қазақстанның Еңбек Ері атанасыз, – деп уәдесін шылбыр ғып созған. Қалайы медальде төсіме ілінбеді.
2016 жылы 14 тамызда Астанадан Алматыға арнайы келген «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Елбасының сәлемімен Сіз Еңбек Ерін алуыңыз мүмкін», – деп тағы бір уәденің құлағын қылқитқан. Жылдың аяғына таман құр саусағымды жалап мен қалдым.
2021 жылдың 22 маусымында Ерлан Қошанов телефон соғып: «Сәке, мен сізге Қасым-Жомарт Кемелұлының сәлемін жеткізіп тұрмын. Сізге Отан орденін бермекші».
Мен: «Назарбаевтың үш рет уәде еткен Еңбек Ерін берсеңіздер, кеудемнен екеуіне де орын табылар» – дегем. Жылдың аяғында Сматаевтың өлі-тірісін де білдірмейтін үнсіздіктен ғана жауап алдым.
Төртіншіден, 1998 жылы қайраткерліктен бас тартқан мен Орталық ауруханадағы тіркеуден үш рет шығарылып, Н. Назарбаев, Қ.К. Тоқаев және И.Тасмағамбетовтың араласуымен 3 рет қайта теркелгем. Енді сол қайраткерлікті иеленейінші деген мақсатпен (әрине ауруханаға қажет бір атақ үшін) 2008-2020 жылдар арасында 13 (он үш) мәрте ұсынылсам да, кім көрінгенге берілетін сол атақ 13 жыл қатарынан маған бұйырған жоқ.
Ал енді осыдан кейін маған берілмейтін атақтарды менің тартып алуым керек пе еді.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, мені классик жазушы деп санасаңыз, Орталық ауруханаға қайта тіркелуіме қол ұшын созарсыз деп үміттенемін.
Ауруханаға тіркелу үшін керек атақтардың маған неге берілмегенін жоғарыда жазып кеттім. Бүгінде Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткерлік те ауруханаға тіркелуге жарамайды екен. Қазақ қаламгерлері арасынан тұңғыш болып 25 томдық Шығармалар жинағын шығарғанымды ескеріп, қадірменді Қасым-Жомарт Кемелұлы, жоғарыдағы екі атақтың біріне лайық көріп жатсаңыз, маған ауруханаға тіркелуге мүмкіндік туар еді-ау...
Үш айда бір жатып, Орталық аурухананың ем-домын алмасам, қандағы қызыл түйіршіктерді жасақтайтын 12В витаминінің деңгейі 150-ге дейін түсіп кетеді (Қандағы 12В витаминінің жоғарғы деңгейі 970-те, төменгісі – 280).
Ақшалы емдетуге қаламақысыз қалған қаламгердің зейнетақысы маңайласа да алмайды. Ауруханаға тіркеле қалсам, ілдәлдалап 4-5 жыл ғұмыр кешуім де мүмкін. Ал тіркелмеген жағдайда, Қасым-Жомарт бауыр, сізге өкпе-сыз білдірместен, 5-6 айдан соң ағарған қанымды су қылып ағызып, жұбайымның қасындағы қара жердің сызына жамбасымды біржолата тигізермін.