Мердігер компания: Бір медициналық пунктті салуға 20-25 күн кетеді
«Дені сау ұлтты» қалыптастырамын деген мемлекет үшін ең алдымен елді толықтай сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету маңызды. Бірақ осы тұрғыда көбінесе ауылдық жердегі елді мекендердің денсаулық сақтау нысандарының кенде қалып жататыны да жалған емес.
Қазіргі таңда осы олқылықтың орнын басу үшін өңірдегі тозығы жеткен ауылдық медициналық нысандарды жаңартып, материалдық техникалық базаны нығайтуға көп көңіл бөлініп келеді. Мәселен, өткен жылы осындай 12 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілген болса, биылғы жыл басынан бері 27 медициналық пункт бой көтеріп, іске қосылған. Тек Көксу ауданының өзінде жақын арада 2 мың тұрғынға қызмет көрсететін қажетті құралдармен жабдықталған 4 заманауи блок-модульді пункттер ашылып, алғашқы жәрдемнен бастап барлық тиісті медициналық көмектерді көрсете бастады.
—2022-2025 жылдар аралығында «ауылдың медицина саласын жаңғырту» атты ұлттық жоба бойынша ауданның барлық медицина нысандарын жаңалау жоспарланып отыр. Бүгінгі күні Көксу ауданының 50 пайыздан астам медициналық нысандары типті ғимараттарда орналасқан. «Дені сау ұлт» ұлттық жобасының биылғы бағытына сәйкес Ақтекше, Мәулімбай, 10 жылдық Қазақстан, Мұқаншы ауылдарында блокты модульды медициналық пунктер салынды, ал Ақшатоған, Еңбекшіқазақ ауылдарында жаңадан фельдшерлік акушерлік пункттер (ФАП) бой көтерді. Алдағы уақытта Бесқайнар, Қаратал, Қызылтоған, Жетіжал сияқты 4 ауылда ФАП салу жоспарланып, дайындық жұмыстары жүрілуде – дейді Көксу аудандық ауруханасының бас дәрігері Жаннұр Сырымов.
Елімізде мұндай модульдік конструкцияны құрастыру тәсілімен медициналық тіректерді салу 2018 жылдан бері қолға алынып келеді. Бұл өз кезегінде уақыт пен бюджетті үнемдейді. Себебі осы типтегі нысандар жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеуді қажет етпейді. Бір ауысымда 20 адамға дейін қабылдай алатын аталмыш медициналық пункттердің әрқайсысын салуға 50 млн теңге жұмсалған.
Аудандағы нысандардың құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер Qaz Damu Construction ЖШС компаниясының директоры Әсет Боранғазиновтың айтуынша құрастырмалы-қаңқалы модульдік конструкция арқылы бір медициналық нысанды салуға бар-жоғы 20-25 күн кететін көрінеді. Ал құрылыс жұмысын бастан-аяқ 12 адамнан тұратын топ іске асырады. Мұндай блок-модульді кешендер жылдам әрі қарапайым орнатылып ғана қоймай, қолайсыз ауа райына да жақсы төтеп береді.
Жалпы, блок-модульді кешендер өңірлердегі медициналық нысандардың жетіспеушілігін толықтыруға таптырмас шешім. Мамандардың айтуынша, мұндай құрылыстың қызмет ету мерзімі 30 жыл деп межеленеді.
Қосқанат Бауыржан