Мергендер клубы. Зайнутдинов: бір қадам – теңдік, екі қадам – рекорд

Euro-2024 іріктеу кезеңі аясындағы Сан-Марино – Қазақстан (0:3) кездесуінде ерекше оқиға тіркелді: Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Бақтияр Зайнутдинов 90+5 минутта үшінші доп соғып, бұл көрсеткіш бойынша ұлттық құрама мергені Виктор Зубаревпен теңесті.
Енді марқұм мерген футболшы мен Бақтияр еншісінде Қазақстан құрамасы сапында соққан 12 доптан бар.
Қазақстан құрамасы 1992 жылдан бері 231 ресми матч өткізді. Сондағы соққан доп саны – 245. Яғни әр ойынға шамамен 1,06 доптан келеді. Былайша айтқанда, Қазақстан құрамасының осы нәтижесіне қарап-ақ біздің елде мерген футболшы өте тапшы екенін сезіне беруге болады. Шаммен іздеп таппайтындай жағдайдамыз.
Құраманың бас мергені – 1997-2009 жылдар арасында бас командамызда 73 матч өткізген Руслан Балтиев. Қазір ол – құрама бапкерлерінің бірі, яғни Зайнутдиновты тікелей майданға ширықтырып қосушының нақ өзі. Бақтияр бір аттаса, Балтиевпен теңеседі, екі аттаса – рекорд жасайды.
Әлем футболының тарихына үңілсек, ұлттық құрамалар мергені – Криштиану Роналду. Португалиялық сұрмерген 199 матчта 122 доп авторы атанды. КриРо әлі ойнап жүр, демек, бұл көрсеткіш жаңара береді деуге болады. Роналду 2021 жылдың 1 қыркүйегінде Ирландия құрамасының қақпасына қос доп соғып, бұған дейінгі рекордшы ирандық Әли Даеиді артқа тастады. Даеи 1993-2006 жылдар аралығында Иран құрамасы сапында 148 матч өткізіп, 109 гол соққан еді. Бұл рекорд 15 жыл бойы бұзылмай тұрды. Қазір парсы сұрмергенінің көрсеткішіне даңқты Лионель Месси жақындап қалды (103 доп). Алайда бұл санатта, құрама мергені деңгейінде Месси басты қарсыласы Криштиану Роналдуды қуып жете алмайтын сияқты.
Ал енді осы үштік (Криштиану Роналду, Әли Даеи және Лионель Месси) пен Қазақстан құрамасының мергендерін салыстырып көріңіз. Айырмашылық жер мен көктей. Сондықтан біз Зайнутдинов пен Абат Әйімбетовтің (7 доп) құрамада енгізген әрбір добын алақайлап күтіп отыратынымыз да содан.
Жалпы, әлемде өз ұлттық құрамалары сапында 50-ден асыра доп соққан 72 футболшы ғана бар. Футболдың бір ғасырдан астам тарихы үшін бұл да аса жоғары көрсеткіш емес. Жоғарыда аталған үштіктен бөлек, бұл тізімге 45 елдің өкілдері енген. Оның ішінде Азиядан – 29 футболшы, Еуропадан – 25, Оңтүстік Америкадан – 9, Африкадан – 7, Орталық және Солтүстік Америкадан – 6, Океаниядан 1 футболшы бар. Азиялықтардың көбірек болуына таңдай қағудың қажеті жоқ, өйткені Мұхтар Дахари (Малайзия, 89 гол), Сунил Чхетри (Үндістан, 87), Әли Мабхут (БАӘ, 81), т.б. мергендер есімі сіздің есіңізге ештеңе де түсірмейтіні сөзсіз. Ал еуропалық мергендер арасында Ференц Пушкаш (Венгрия/Испания, 84), Роберт Левандовски (Польша, 78), Ромелу Лукаку (Бельгия, 73), Мирослав Клозе (Германия, 71) сияқты нағыз сұрмергендер бар.
Бұлардың көрсеткішімен салыстырғанда да қазақстандық мергендер жетістігі тым жұпыны...
Көрші елдерге келейік. Жақында ғана Елдар Шамұрадов Түркменстан қақпасына «дубль» жасап, Өзбекстан құрамасы тарихындағы бас мерген атанды. Ол ұлттық құрама сапындағы 36-голын тоғытты.
Қырғызстан құрамасының көрсеткіші бізбен бірдей: Мирлан Мұрзаевтың 13 добы бар.
Украина құрамасының аңызы Андрей Шевченко 48 рет нәтижелі соққы жасаған, оған Андрей Ярмоленко (45) жақындап қалды.
Ресей құрамасында 30 доппен Александр Кержаков және Артем Дзюба көш бастап тұр.
Демек, біздің жігіттердің 2009 жылдан бері рекорд жаңарта алмауын құраманың әлсіздігімен тікелей байланыстыруымызға болады. Қазақстан құрамасы УЕФА қанаты астындағы алғашқы кездесуін 2003 жылы өткізді. Содан бергі 20 жыл ішінде біздің бас команда түрлі деңгейдегі 176 матчқа қатысып, қарсыластар қақпасына 168 доп соғыпты. Яғни бір ойынға бір доптан да келмейді деген сөз. Азия футбол конфедерациясына мүше кезімізде 55 ойында 77 гол соғылған еді… Демек, Еуропа құрамаларына соққан әрбір доп бізге үлкен еңбекпен келеді.
Сөйте тұрса да, қазіргі Зайнутдиновтың қарқыны көз қуантады. Бақтияр осы 12 добын 6 жыл ішінде енгізді. Яғни әр жылы құрама сапында кемі 2 доптан енгізіп отырды. Балтиев 13 добын 1997 жылы бастап, 2009 жылға дейін соқты. Арасында 1998, 2002, 2005, 2008 жылдары қанжығасы мүлде майланған жоқ.
Зубарев 12 голын 1997-2000 жылдар аралығында соқты. 1999 жылы Қазақстан құрамасы бірде-бір ойын өткізбегенін ескерсек, қос мергеннің дер шағында бос қалғанын да аңғарамыз.
Балтиев 13 добын 10 құрама қақпасына енгізді. Ол – БАӘ, Эстония қақпаларына «дубль» жасады, Непал қақпасын екі ойында тура көздеді. Руслан әлем чемпионаттарына іріктеу кезеңдерінде – 6, Еуропа чемпионатына іріктеуде – 2, жолдастық кездесулерде 5 доп авторы атанды.
Зубарев 12 добын 5 құрама қақпасына туралады. Виктордың ерекше нәтижесін айтпай кетуге болмайды: ол Пәкістан қақпасына 1 «хет-трик», 1 «дубль» жасады. Ол 1997 жылы Лахор қаласында алаңға екінші таймда шығып, үш гол тоғытты. Яғни В.Зубарев – Қазақстан құрамасы тарихында «хет-трик» жасаған алғашқы джокер. Сондай-ақ ол 1998 жылғы Азия ойындарында Лаос қақпасына «покер» жасады, яғни 4 доп енгізді. Бұл да – Қазақстан құрамасы тарихындағы әзірше алғашқы және соңғы покер. Зубарев әлем чемпионаттары іріктеуінде – 4, Азия ойындарында – 7, Азия чемпионатына іріктеуде 1 рет мергендік танытты. Осыдан келіп, Зубаревтің ерекше нәтижесі шығады: ол құрама сапындағы барлық доптарын ресми кездесулерде ғана соққан! Қандай керемет нәтиже!
Енді Зайнутдиновтің көрсеткіштеріне келейік. Ол: 10 құрама қақпасына доп соқты (Балтиевпен тең), әлі «дубль» де, «хет-трик» те жасаған жоқ. Доптарының мәртебесі: әлем чемпионаттарына іріктеу – 1, Еуропа чемпионатына іріктеу – 5, Ұлттар лигасы – 3, жолдастық кездесулер – 2.
Осы үш мергеннің ішіндегі мықты пенальтиші – Р.Балтиев. Ол 13 голдың жетеуін 11 метрліктен соққан! Зубаревте – 0, Зайнутдиновте – 1 (Дания қақпасына). Яғни ойын барысында гол соғу көрсеткіші бойынша Зубарев алда.
Гол мәртебесі қандай? Жеңіс голдары: Балтиев – 2, Зубарев – 3, Зайнутдинов – 3. Тең нәтиже: Балтиев – 3, Зубарев – 2, Зайнутдинов – 2. Есеп ұлғайту: Балтиев – 5, Зубарев – 7, Зайнутдинов – 5. Есеп айырмасын қысқарту: Балтиев – 4, Зубарев – 0, Зайнутдинов – 2.
Байқап отырғандарыңыздай, үш мергеннің көрсеткіштері өте қарайлас. Енді Б.Зайнутдинов мергендігінен жаңылмайтын болса, осы көрсеткіштердің барлығын жаңарта алады.
Ал Бақтиярдың ізін басып келе жатқан кім? А.Әйімбетов – 7, И.Қуат – 6, Б.Исламхан – 3, А.Тағыберген – 2… Яғни Зайнутдинов, Әйімбетов, Қуаттан басқа әл-әзірше құрама рекордын жаңартуға жақындап келе жатқандар жоқ.
Сондықтан да бізге құраманың әрбір голы – үлкен мереке.
Euro-2024 3 іріктеу кезеңіндегі кейінгі матчын Қазақстан құрамасы кеше түнде Солтүстік Ирландиямен өткізді. Ендігі екі ойын – қыркүйекте: өз алаңымызда Финляндиямен және Солтүстік Ирландиямен ойнаймыз.
Мергендерден ерлік күтеміз!