Мешіт имамы сотталды

Осы жылы қыста ұсталған ауыл мешітінің имамына қатысты қылмыстық іске сот соңғы нүктесін қойды.
Қарағанды облысындағы ауылдың бірінде молла болып жүрген 40 жастағы ер адам ауылдағы танысының мал шаруашылығына көмектесіп жүріп, сол үйдің 2006 жылы туған қыз баласын 2020 жылы қаңтарда зорлаған.
Имам атын жамылған қаскөй үйде үлкендердің жоқтығын пайдаланып қысым көрсеткен. Сотталушы ақпан, наурыз, маусым айларында тағы үш рет қыз баланы зорлаған. Ересектерге қысым көргенін айта алмаған қыз бала жүкті болып қалған.
Осыдан кейін шу шығып имамның қылмысы әшкере болған еді. Күдіктінің кінәсі жәбірленушінің, куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен дәлелденді.
Сот үкімімен айыпталушы жас баланы, оның дәрменсіз күйін пайдаланып бірнеше рет зорлағаны үшін айыпты деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айрылды.
Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтейді. Сотталушыға педагогикалық және кәмелетке толмағандар мен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға өмір бойы тыйым салынды. Айыпталушы бала кезінен үшінші топтағы мүгедек болған. Бұрынғы ауыл имамы қылмысын сотта жартылай мойындаған. Бүгінде сот үкімі күшіне енген жоқ.