Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:00, 22 Мамыр 2024

Мешіттегі төбелес. Саяси контекстен діни уағызға дейін

1
Фото: ашық дереккөз

2024 жылдың 12 мамырында кешкі ақшам намазы уақытында Шымкент қаласындағы мешіттердің бірінде төбелес болды.

 ҚМБД-ның баспасөз қызметінің мәліметінше, өзге өңірден Шымкент қаласына келген бір топ азамат мешіт имамының ескертуіне қарамастан бірнеше рет жамағат намазын бұзған. Өзге мәзһабта намаз оқыған олар жамағат пен имамның өтінішіне құлақ аспаған. Намаз кезінде «әмин» дұғасын қатты дауыспен айтқан жандардың әрекетіне төзбеген мешітке тұрақты келуші бір азамат олардың біріне қол жұмсаған. Нәтижесінде, имам жамағат намазын тоқтатуға мәжбүр болған. Қазір полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.

Мұндай оқиға елімізде бірінші рет болып отырған жоқ. Бір кездері БҚО-да салафилік ағым өкілдері мен деобандтар арасында қақтығыстар болған. «Жас Алаш» тілшісі аталған оқиғаның орын алуының негізгі себебі неде, мұндай оқиғалардың қоғам үшін қаупі қандай деген сұрақтарды сарапшы мамандардан сұрап көрді.

Серік Бейсембаев
Фото: ашық дереккөз

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев мәдени, әлеуметтік және идеологиялық алуандық артып, бұл процесс жалғаса береді деп пікір білдірді.

«Бұл жанжалдың туындауына алып келген – мемлекет қалыптастырған «дәстүрлі» және «дәстүрлі емес» ислам дискурсы мен соның негізінде жасалған саяси қадамдар. Бұл дискурсты біз зерттеушілер басынан бастап сынап келе жатырмыз, оның діни алауыздыққа алып келетінін және өшпенділік тудыратынын ескерттік. Енді, міне, біз айтқан қауіп расталған секілді. Неліктен бұл жанжал мешіт ішінде орын алды? Себебі мешіттерде 2016 жылдан бері намаз кезінде «әминді» дауыстап айтуға тыйым салынған, мұндай шектеу ішкі жарғы ретінде ғана бекітіліп қана қоймай, әкімшілік кодекске арнайы норма ретінде енгізілді. Яғни «әмин» үшін адамдарға штраф салынды. Бұл елдегі «діни экстремизммен» күрес науқаны аясында енгізілген көп шектеудің бірі болатын. Яғни атқарушы билік өз қолымен осындай жанжалдың туындауына жағдай жасады. Сондықтан мәселе тек қол көтерген адамда емес, оның осы әрекетке баруына алып келген саяси контексте. Сәйкесінше, мұндай алауыздықтың өршіп кетуіне жол бермеу үшін елдегі діни саясатты өзгерту маңызды. Бұл саясатты экстремизм мен қауіпсіздік тақырыбынан ажыратып, адамдардың діни бостандығы мен әлеуметтік келісім тұрғысынан қайта қарау керек, – дейді әлеуметтанушы.

Бір-бірімен бір дастарқанда отырмайтын жамағаттар да бар

Белгілі исламтанушы, теолог Асқар Сабдин мұндай шиеленіс бұрындары имамдар мен деструктивті діни ағым өкілдері арасында болса, бүгінде имамдардан жамағатқа қарай өтіп кетті дейді.

Асқар Сабдин
Асқар Сабдин. Фото: ашық дереккөз

«Жамағат арасында осындай анық және көптеген шиеленіс сызықтары бар. Сол үшін оларды реттеу керек, аталған мәселелер бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек деп ойлаймын. Әсіресе жамағаттармен «адресті» жұмыстар жүргізілуі тиіс. Мұндай қайшылық бір немесе екі жамағат емес, көптеген жамағаттар арасында бар деп айтуға болады. Кейбірінің арасындағы қол жұмсау, дауыс көтеру, ұрсу қақтығыстарын мешіттерден көріп жатырмыз. Мұндай жағдайларда тараптарға кейде айыппұл салынады, әкімшілік жауапкершілікке тартылады, кейде бұл шиеленіс қоғамға көрінбей жатады. Мәзһаб ішінде де олар біртұтас жамағат емес. Мәселен, ханафи мәзһабының ішінде бірнеше жамағат бар, салафилердің өзі бірнеше фракцияға бөлініп алған. Бір-бірімен тіпті амандаспайтын, бір дастарқанда отырмайтын жамағаттар да бар. Салафиттік жолды ұстанамыз деген жамағаттың өзі қазірдің өзінде үш төрт топқа бөлінген. Біреулері – мадхалит, екіншілері саяси мүдделері бар салафиттер, одан кейін Ат-такфир уаль-һижра деген жамағат бар. Бұлар өзара араласпайды, бірі екіншісін «адастырушы» деп жатады», – деп пікір білдірді сарапшы.

А.Сабдин аталған мәселенің туындауы діни саясатта – басымдылықтардың дұрыс қойылмауы мен уағыз айтушы имамдардың сауатcыздығынан деп отыр.

«Исламда «Басымдылық фикһы» (фиқһ әуләуият) деген арнайы пән бар. Бізде осы басымдылықтар дұрыс қойылмағандықтан жамағат осындай ұсақ мәселеде өзара қақтығысып, ұрсысып жатады. Екіншіден, бұрыннан бері ислам әлемінде «Дінге шақыру» (дағуат) деген арнайы факультеттер болған. Бізде осы дін уағызын реттейтін пән жоқ. Сол үшін осы уағыз айтудың тәсіліне имамдарды арнайы үйрету қажет. Әлеуметтік инженерия түсінігі бар, уағызшы имам ол да бір жамағатты қалыптастырып жатқан инженер. Ол сол жамағатты бір-біріне қарсы қоймай, қақтығыстырмай, жанжалсыз тұтас ұстай алуы тиіс. Мұнда әлеуметтік діни инженерия, жамағатты игеру деген тақырыптар өте маңызды. Ондай нәрсені көп жағдайда байқап жүрген жоқпыз. Уағызшылар көп жағдайда эмоция сатады, эмоцияға берілген адамды қоздыру өте жеңіл. Уағыз айтудың тәсілі, керек болса пәні, факультеті сынды имамдарды қайтадан даярлайтын орын керек. Үшіншіден, имамдар жалпы әлеуметтану, психология секілді қоғаммен жұмыс істейтін пәндерді де игеруі керек секілді. Себебі қоғамның жасына, жынысына, ұлты мен өңіріне байланысты әртүрлі топтары бар. Міне, осы алуан түрліліктен бірізділікті қалай қалыптастырамыз деген әлеуметтік инженерияны – имамдар жасай білуі керек. Жоғарыда атап өткенімдей, қай мәселеге басымдылық береміз – соны анықтап алған абзал. Болмайтын осындай ұсақ нәрселер үшін төбелес орын алып жатқан болса, ертең мешіттер нағыз қақтығыс алаңына айналып кетеді. Тарихқа көз жүгіртсек, һижра бойынша IV ғасырда қазіргі Ирактың астанасы Бағдат қаласында Ашғари мәзһабы мен Ханбали мәзһабы арасында үлкен қақтығыс болып, соңы кісі өліміне дейін апарған. Тарихтағы қателіктерді қайталамас үшін осы дүниелерге назар аударған жөн. Жамағат арасындағы түсіндіру жұмыстарымен Дін істері дасқармасы айналысуы керек. Себебі Қазақстандағы бүкіл мешіт ҚМБД-ға бағынады. Мемлекетіміз зайырлы болғандықтан, уағыз-насихат ісіне араласпайды, аталған жұмыстар толықтай ҚМБД-ның құзыретінде», – деді Асқар Сабдин.

Салафизмге заңды түрде тыйым салынуы мүмкін

Сондай-ақ аталған мәселеге қатысты бірнеше жыл дін істері саласында қызмет атқарған саясаттанушы Жанбота Қарашолақовтан пікір сұраған едік. Ол салафилік ағым өкілдері жамағат арасында діни алауыздық тудыра беретін болса, мемлекет заңдық тұрғыдан оларға тыйым салуы керек деген ұстанымын ашық айтты.

Жанбота Қарашолақов
Жанбота Қарашолақов. Фото: ашық дереккөз

«Шетелде діни ағымдармен болған жағдайға талдау жасасақ, салафизм ішіндегі матхалидтер мешіт ішінде дау тудырып, өздері топ боп бөлініп, соңы үлкен саяси-қарулы қақтығысқа әкелген мысалдар көп. Ол діни күштер кезінде Саудияда бір ұстаным, Мысырда екінші бір саяси ұстаным ұстанды, Сирияда үшінші ұстанымда болса, қазір Ливияда мүлдем басқа ұстанымда жүр. Осыны талдап қарасақ, біздегі салафиттердің ұстанымы діни ракурстағы біржақты көзқарас. Тарихи, саяси ракурстан қараған болса, олар жалған сенім соңында жүргендерін түсінер еді. Өкінішке қарай, діни перде олардың көздерін басып, критикалық ойлаудан шектеп тастаған. Мұндай азаматтар біздің елде ғана емес, көршілес Қырғызстанда, Америкада да бар. Біз 70% ханафи мәзһабын ұстанатын елміз, діни ағымдар саяси күшке айналса осындай үлкен-үлкен проблемалар туындауы мүмкін. Конституцияда біз өзімізді зайырлы мемлекет, оның ішінде діни бостандығы бар мемлекет деп жариялағаннан кейін либералды көзқарас ұстанып отырмыз. Егер елге, мемлекетке қауіп төніп отырса, либералды ұстанымды жою керек деп есептеймін. Себебі тәртіпті күшейтпесе, соңы үлкен проблемаларға апаруы мүмкін. Салафизм ағымының идеологиясын, догмасы мен ритуалдық жүйесін көзқарасымызға қайшы деп заңды шешім шығаруымыз мүмкін. Өйткені қазір бірқатар діни ғалымдар, оның ішінде діни қайраткерлер де, қарапайым азаматтар да «салафизмге болашақта заңды түрде тыйым салу керек» деп отыр. Мен бұл тезиспен келісемін, себебі либералдылықты түсінбей, жамағаттарда дүрбелең туғызып жатқандары қауіпті тенденция. Мемлекет шетелдік тәжірибені, елдегі жағдайды толықтай зерттеп, зерделеп, осындай шешім шығарса халық қолдайды деп ойлаймын», – дейді ол.

Сарапшының сөзінше, көршілес Өзбекстан, Ресей Федерациясы, Иордания мен Оман мемлекеттері ваххабизмге тыйым салған. Еуропа мемлекеттері адам құқығы, толеранттылық көзқарасын ұстанып отырғандықтан, Германия, Францияда аталған ағым өкілдері көбейген.

«Еуропа болашақта салафизмге тыйым салуы мүмкін. Бір айта кететіні, олар мұндай шешімге келгенде БАҚ билікті жалпы мұсылмандарға қысым көрсетіп жатқандай көрсетеді. Шын мәнінде, олар бір ғана ағыммен күресіп жатулары мүмкін. 2010-2015 жылдары Еуропаның ақпараттық кеңістігінде салафизм, такфиризмге қатысты рейдтер мен Сириядан келгендерді соттағанда осындай тенденциялар байқалды. Кез келген мемлекет жат ағыммен күрескен кезде ақпараттық соғыс үлкен рөл атқаратын болады. Ертең олар теракт, әкімшілік құқық бұзушылық әрекеттерін жасап, мемлекет қандай да бір шара қолданса «біздің көзқарасымыз үшін құқымызды шектеп жатыр» деп шығады. Либералды сарапшылар оларды ақтап шығулары әбден мүмкін», – дейді Ж.Қарашолақов.

Билік діни саясаттың қай жерінде қателесті?

Сарапшылар Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан-ақ діни саясатты уысынан шығарып алды, шиеленістердің бәрі соның бір көріністері деп отыр. Кеңес өкіметі кезінде атеист болып, қала берді намазды тығылып оқыған қазақтар билік – шекара мәселесі, экономиканы дамытумен айналысып жүргенде діни білім қуып Египет, Түркия асып жатты. Олардың қай ағым өкілдерінен білім алып жатқанын қадағалаған ұйым болмады. Кейін елге келген жастар «намаз оқымасаң кәпірсің» деп әке-шешесінен бас тартып, кейбірі «жиһад» үшін Сирия асып жатты.

«Қоғам деген тірі организм. Біз тәуелсіздік алған 90-жылдары дін саласында идеологиялық вакуум болды. Кеңес уақытында ханафи мәзһабының өзіне тыйым салынды. Тәуелсіздіктен соң діни бостандықты жариялағанымызбен қоғам дінді жаңадан ашып жатты. Сол кезеңде біраз азаматтар шетелдің уағыздарын тыңдап, оқуға кете бастады. Ол кез мемлекет діни ахуалды қадағалайтындай жағдайда болмады. Сол арада көптеген азаматтар Мысыр, Ауғанстан, Қырғызстанға барып діни білімдерін жетілдірді, солардың арасында түсініксіз мекемелерде оқып келгендер 2000 жылдардан бастап жат ағымдарды әкеліп таратты. Оларға Қайрат Сатыбалды сынды ықпалды адамдар да ұйып қалды. Пайыздық жағынан қарағанда жат ағым өкілдері бізде үлкен күшке ие емес. Кез келген мемлекеттің ең басты қағидасы – мемлекет қауіпсіздігі, тұрғындардың бейбіт өмірі мен халық арасында діни алауыздықты болдырмау. Және осы бейбітшілікті сақтау үшін мемлекет өзінің – заңдық, құрылымдық, ақпараттық инструменттерін қоса алады. Салафилік көзқарасты ұстанған бауырларымызбен сөйлескенде «Әлемде және Қазақстандағы мұсылмандар арасында салафилік көзқарасты ұстанғандар қанша пайыз боласыңдар» деп сұраймын, көбі ойланып қалады. Қазақстанда 13-15 миллион мұсылман бар, салафилік көзқарасты ұстанғандардың саны 20-30 мың. Қазақстанның екі пайызына да жетпейді. Он пайыздың өзі 1 млн 300 адам, бір пайыз 130 мың адам. Көптеген мемлекетте салафилік көзқарасты ұстанушылардың үлесі бір пайызға да жетпейді. Бірақ қаншама проблема шығарып, дүрбелең туғызып отыр», – дейді Жанбота Қарашолақов.

Ақпарат үшін айта кетейік, Қазақстанға «Жусан» операциясы арқылы Сириядан барлығы 607 азамат әкелінді. Олардың – 37-сі ер, 157-сі әйел адам және 413-і балалар, соның ішінде 34-і жетім еді. Қазіргі таңда Қазақстан аумағында тыйым салынған террористік құрылымдардың ұлттық тізіміне 22 ұйым енгізілген.

Айжан Қалиева

Астана қаласы

Тегтер: