Мейірхан Ақдәулет: «Қазақтың басы теріс қарап біткен шығар деп ойлаймын»

Қазір уақыттың өзгергенін, құндылықтар мен түсініктердің құбылғанын түсінбей отырған сияқтымыз. Осы күні беріліп жатқан атақ, сыйлықтарды көре-көре адамның көңілі де тозады. Шектен тыс көбейіп кеткендей.
Біз әдебиетті жек көрген жоқпыз. Жек көрсек, өмірімізді арнамас едік. Сыйлық тарату, атақ үлестіру әдебиетіміздің қамауда қалғанының кесірі. Біз кішкентай адамнан құдай жасағымыз келеді.
Қазір жоғарыдан төмен қарай жібере салған шананың үстінде келе жатырмыз. Атақ үлестіру тұрғысынан айтып отырмын. Шана өзі төмен қарай жүйтки беретіні сияқты инерциямен келе жатырмыз. Сонда онсыз өмір сүруге болмай ма? Атақсыз болашақ жоқ па? Бұның бәрі өткен, бұрынғы уақыттың түсінігі ғой.
Мысалы мен өлең жазамын. Не үшін? Өмір сүру үшін табыс табуым керек. Дұрыс үйде тұруым керек. Сол сияқты әрбір жазушы, ақын тіршілігін ойлайды. Сол ойымен ғұмыр кешіп, өмір сүрсе, дүние жалғаса береді.
Біз қартайған, тәжірибелі адамдармыз. «Пәтер сыйлайық, атақ берейік» дейді. Оның керегі жоқ. Оның бәрі әділ бөлініп жатса деңіз. Ертең ана ауылдың баласы бар, мына ауылдың баласы қалып қалды деп, баяғы ақымақтық басталады. Мейлі ғой, бере берсін. Одан бізге келіп-кетер не бар. Біз өз өмірімізді жалғастыра береміз. Сосын біртіндеп тағы ретсіздік, шу басталады. Сонда не болады?
Атақты көбейтуде қандай мән бар? Ертең бәленбай «Халық жазушысы» болады. Сосын «Халық жазушыларының ішіндегі жазушысы» деген болады тағы. Бұл абсурд қой.
Бұрын осы «Халық жазушысы» деген атақты тыныш қана алып тастаған.
Ешкімге бермейтін болған. Сол орынды, дұрыс шешім болған деп есептеймін. Әйтпесе, ендігі біраз адам «Халық жазушысы» болып жүрер еді. Қазақтар атаққа қызығады. Ала бергісі келеді. Алған соң шіреніп сөйлейді, неше түрліні ойлап табады. Сосын төрге барып, қонжиып отырады. Бар қызығы, ермегі сол.
Бұл атақ билікке керек болса, атаққұмарларға екі есе керек болып тұр. Адамдардың бәрі өздері үшін қызмет етеді. Бізге әуелі арзан ойлардан арылып, жерге түсіп, салмақты ойлануды үйрену керек. Жазылатын нәрсенің бәрі жазылып жатыр. Әдебиет қараң қалмайды. Өзімен-өзі жылжып кете береді. Сондықтан әдебиетті маразматикаға айналдырмау керек.
Мен кейде қазақтың басы теріс қарап біткен шығар деп ойлаймын. Ылғи артта қалған тенденцияларға бой алдырамыз. Жақсы, қызық шығар. Мүмкін жақсы емес те шығар. Бірақ сол атағыңыз неге керек? Одан әдебиетке не пайда? Осыдан кейін әрбір «Халық жазушысы» атанған қаламгер өзінің жазғанын мінсіз деп есептейтін болады. Бірақ ол мүмкін емес қой. Мысалы, мен жазғандарымның бәрі керемет, осы бір атаққа лайық деп ойламаймын.
Біз озған ұлттардан үйренуіміз керек. Заман өзгеріп жатыр. Қашанғы осылай жалғастыра береміз. Бұған мүмкіндік бермеу керек. Осыдан қазақшылық басталады. Ал ол ештеңеге пайда әкелмейді. Бәрін баяғыша жалғастырып келе жатырмыз дегенді ғана көрсетеді. Ал одан жақсы ештеңе өнбейді. Кері кетеді.
Адамдардың бәрі сауатты. Біз оқырманға дұрыс шығарма беруіміз керек. Оқитындай. Бар ойлайтынымыз сол ғана болса, қанеки.
Ол атақты қайтадан беру түкке керек емес. Атақты қайтарайық деп отырған билік те – ескіше ойлайтындар. Шектеулі көзқараспен қарайтындар, тіпті әдебиетті түсінбейді. Оның не екенінен де бейхабар.
Баяғыға оралып келе бергеннен не табамыз?