Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:31

Михаил Шайдоров әлем чемпионатына қатыспайды: себебі белгілі болды

Михаил Шайдоров
Фото: Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті

Халықаралық конькишілер одағы (ISU) мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатына қатысушылардың алдын ала тізімін жариялады.

Тізімде кейінгі Олимпиада чемпионы, қазақстандық Михаил Шайдоровтың есімі жоқ.

ISU баспасөз қызметінің мәліметінше, Шайдоров Италиядағы триумфтан кейінгі алғашқы жарысына қатыспайды.

Tengri Sport тілшісі ұлттық құраманың бас бапкері Асем Касановаға хабарласып, мұндай шешімнің себебін анықтаған.

«Оған демалыс қажет»

"Михаил әлем чемпионатына бармайды, себебі оған демалу керек. Өткен маусым, әсіресе оның екінші жартысы өте қарқынды өтті: қаңтарда – Универсиада, ақпанда – Қысқы Азия ойындары, одан кейін бірден Төрт құрлық чемпионаты, үш аптадан соң – әлем чемпионаты. Өтпелі кезеңде олимпиадалық маусымға бағдарламалар қою, оқу-жаттығу жиындары және қайтадан жарыстар: Denis Ten Memorial, Гран-при кезеңдері, финал, ЧҚЧ және Олимпиада ойындары. Бір жылда 10 ірі старт. Көпшілігінде ол тамаша нәтиже көрсетті, ал финалы мүлде керемет болды", - деді Асем Касанова.

Бапкердің айтуынша, мұндай ірі жарыстар физикалық, психологиялық және эмоционалдық тұрғыда ауыр.

"Чемпионымызды сақтауымыз керек. Оған қанша қажет болса, сонша демалып, толық қалпына келуіне мүмкіндік беруіміз қажет", - деді Касанова.

Сонымен бірге, Шайдоров бұған дейін мансабын жалғастыратынын айтқан. Оның жарыстарға қашан оралатыны әзірге белгісіз.