Министр Аймағамбетов қол қойған заңға, депутат Аймағамбетов қарсы

Экс-министр, қазіргі депутат Асхат Аймағамбетов депутаттық сауал жолдап, магистратура мен докторантураға түсу тәртібін өзгерту туралы мәселе қозғады. Қазіргі талап бойынша, магистратура мен докторантураға түсу үшін талапкерлер ағылшын тілінен емтихан тапсыруға міндетті.
Сол сынақты өзгерту қажет дейді мәжілістегі әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы.
«Ашығын айтқанда, бұл талапты министр болғанда қолдаған да, бекіткен де өзім едім. Алайда қазір жағдай өзгерді. Біз бес жыл ішінде жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық. Технологиялық революция орын алды. Қазір ChatGPT, Gemini сияқты құралдардың көмегімен кез келген ағылшын мәтінін санаулы секундта, сапалы түрде қазақ немесе орыс тіліне аударуға болады. Иә, ағылшын тілі ғылым үшін әлі де қажет. Бірақ қазіргі технологиялардың арқасында бұл талап магистратураға түсуге кедергі болмауы тиіс. Оның үстіне, бұл талап студенттердің тілдік деңгейін айтарлықтай көтере алған жоқ», – дейді Аймағамбетов.
Депутат бұл ойын әлеуметтік желідегі ресми парақшасында да жариялады. Онда көптеген адам пікір жазып, ағылшын тілін «шешудің» түрлі жолдары бар екенін, университеттердің базарға айналып кеткенін айтып жатыр. Иә, депутаттың өзі де, ел-жұрт та айтып отырғандай, талап басқа, орындалуы басқа. Академиялық өмірге қадам басқандардың біразы әлі күнге дипломдық жұмысы мен диссертациясын, тіпті мақалаларын «ақшаға жаздырып», қолына «оқуын бітірді» деген қағаз алғанына мәз.
Магистратура – бакалавриаттан кейінгі академиялық деңгей. Ол тереңірек, күрделірек, ғылымға баса назар аударады. 1-2 жыл оқисың. Ал оған түсу үшін талапкер кешенді тестілеуден өтеді. Яғни мамандығына қатысты екі пән, ағылшын тілі және сауаттылық біліктілігі бойынша іріктеледі. Докторантура – жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру деңгейі. Қазақстанда докторантура бағдарламасы бойынша оқуды аяқтаған адамға PhD, яғни философия докторы дәрежесі беріледі. 3 жыл оқисың. Мұнда оқу корпусында өтетін сағаттардан гөрі, зерттеу жұмысына басымдық беріледі. Бұл санатта оқу үшін де ағылшын қажет. Өйткені Scopus немесе Web of Science базаларында мақалалар жариялау міндетті. Осы себептен оқуға қабылдарда IELTS, TOEFL және басқа да балама тестілеулердің шекті нәтижесі сұралады.
Магистранттар мен докторанттардан ағылшын тілін талап ету – әлемдік ғылым стандарттарына сай болу мақсатында қолданылатын әдіс. Бәрімізге белгілі, ғылыми әдебиеттердің басым бөлігі ағылшын тілінде. Қазір заманауи ғылыми мақалалар, журналдар, зерттеулердің 90 пайызға жуығы осы тілде шығады. Беделді халықаралық ғылыми басылымдар материалды тек ағылшын тілінде қабылдайды. Халықаралық конференциялар мен академиялық алмасу, шет елде тағылымдамадан өту, халықаралық ғылыми байланыс орнату үшін ағылшын ортақ тіл. Әрі университеттердің рейтингі де ағылшын тілінде өтетін бағдарламаларға тәуелді деуге болады.
Алайда осының бәріне қарамастан, дарынды зерттеушілер түгелдей ағылшын тілін білуі керек деген де қисынсыз деп санайтындар бар. Бір жағынан Қазақстанның қазіргі жағдайы әлемдік ғылым мен деңгей туралы айтуға келе ме, жоқ па, ол да өз алдына күрмеуі көп сұрақ. Біз осы туралы магистратураны енді оқығалы жатқан, оқып жүрген және аяқтап, докторантурада білім алып жатқан мамандармен тілдестік.
Дамир Кәрімов, докторант:
«Осыған дейін жауапкершілік талапкерде болған. Яғни ағылшыннан қанша балл аласың, соған байланысты еді. Сондықтан талапкерлер түрлі курстарға барып, ақылы қызметтерге жүгініп, өзі жеке ізденісті арттырып, білімін жетілдіретін. Енді ол функцияны ЖОО-ларға берсек, ағылшынды меңгеру деңгейі күрт төмендеп кете ме деген күдік бар. Себебі мектепте, университеттерде тіл үйрету деңгейі нәтижелі емес екені бәріне мәлім. Нарық пен тұтынушы бұл мәселені баяғыда реттеп алған. Жеке сектор тіл үйретуден қаншама саты алдыда, дамып кеткен. Жалпы нарық қашан да мемлекеттен тиімдірек жұмыс істейді.
Керісінше, ағылшынға талапты күшейтіп, тестілеуді күрделі ете түскен дұрыс болар ма еді? Өйткені IELTS-тан басқа тестілеудің сертификатын сатып алып жүргендер жоқ емес. Сол үшін докторанттарға, тіпті магистранттарға тек IELTS-ты жарамды етсе... Сондай жоғары деңгеймен оқуға келген білімгерді оқыта алмайтын, ағылшын деңгейі сабақ беруге жетпейтін оқытушылар кетсе, ғылыми ортаның деңгейі өсер еді. Ол жалпы нәтиженің де сапасын арттырады ғой. Себеп пен салдарды шатастырмау қажет.
Ағылшынша білмейтін адамда тек екі таңдау болады. Не шикі аударылған қазақша материал, не ескіріп қалған орысша еңбектер. Ал ғылымда минималды сауатты болу үшін ағылшын тілі керек. Ал оған шамасы келмей жатыр, қиналып жатыр дей берсек, еліміздегі ғылым ешқашан дамымайды. Біздің мәселеміз қолжетімділіктің төмендігінде емес. Шын керек еткен адам, мықты маман, магистратураға немесе докторантураға түскісі келсе, бір-ақ жылда дайындалып үлгереді. Ондай кейстер өте көп. Бірақ біз бар нәрсенің толық орындалуын бақылай алмай отырғандаймыз. Талаптарды айналып өтудің, орындамай кетудің жолдарын іздейді көпшілік. Бұл тесік шелекке су құйғандай нәрсе».
Ақниет Қажымұрат, магистрант:
«Ағылшын тіліне қатысты талапты алып тастау қаншалықты орынды болар екен? Бакалавр базалық деңгей болса, магистрлік зерттеу деңгейі. Бір жағынан, бізде көпшілік бұл академиялық сатыға ғылым іздеп келмейтін сияқты. Әдетте әлеуметтік лифт ретінде қарайтындар бар. Бірақ магистратура дегеніміз – терең зерттеу. Ал терең зерттеу үшін бір елдің локальды деңгейі аздық етеді деп ойлаймын. Сол үшін әлемдік ресурстар қажет.
Қазіргі магистратура тестінің деңгейі тым күрделі де емес. Оны да алып тастасақ, кім көрінген, әскерден қашқан, тағы басқасы келіп түсе беретін шығар. Әрине, зерттеуінде ағылшын тілін мүлде қолданбайтын, қажет жерлерде жасанды интеллектінің көмегіне жүгініп отыруға болатын мамандықтар бар. Оларға қатысты өзгерістер қабылдау да ақылға қонымды. Десек те, көп мамандықтарға ағылшын қажет. Бір жағынан халықаралық журналдарға мақала жариялау да бар. Ондай талап барда ағылшын тестін алып тастау қиындау».
Гүлзат Байқонысова, магистрант:
«Депутат айтып отырған ұсыныстың құптарлық жерлері бар. Менің мамандығымды алсақ, қазақ филологиясында тек бір сабақ ағылшынша өтті. Ол зерттеу жұмысының методологиясы мен технологиясына қатысты пән. Оның өзін ағылшынша өтетін оқытушылар жоқ. Жалпы, қазақша өтсе де болатын сабақ. Себебі зерттеу қазақша жазылады. Ал жарияланымдарға келсек, дәл магистратура деңгейіне расымен де қазіргі дамыған жаңа технологиялар көмектесе алады.
Әрине, өсу үшін, өзің үшін ағылшын тілі қажет. Бірақ кейбір мамандықтарға қатысты нақты талап қоюдың қажеті шамалы. Мысалы, өнер мен мәдениет, тіл, әдебиет зерттеулерін ағылшынсыз-ақ керемет жүргізетін мамандар баршылық. Алайда олар осы ағылшынның әсерінен 2-3 жыл қатар магистратураға түсе алмай қалып жатады. Оған бірнеше рет куә болдым да.
Бүгінде ЖИ өте сапалы, өнімді жұмыс істейді. Ақылы нұсқалары тіптен таңғалдырады. Оны бәрі қолданады. Тиімді болып тұрса, ғылымда да орнымен жұмсау артық етпейді. Үйде кір мәшинесі бар адам қолмен киім жумайды ғой... Ол ағылшын тіліне де, басқа тілдерге қатысты да барьерді оңай әрі тез шешіп бере алады. Бірақ академиялық деңгейлерге қатысты айтылып жатқан идеяны да асықпай, жан-жақты талқылап, ең оптималды нұсқаны іздестірген жөн».
Бұл туралы сауалымызды мәжіліс кулуарында идея авторы Асхат Аймағамбетовке де қойған едік.
«Сауалды жолдадық. Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми жауабын күтеміз. Әрине, бұл тіл маңызды, керек. Десек те, оны мектеп бағдарламасында оқыту жағын жандандыруымыз керек. Әрі оқыту тілі қазақ немесе орыс тілінде жүргізілетін бағыттарда ағылшын тілінен емтиханды түсу кезінде емес, оқу аяқталған соң тапсыруды қарастырған жөн. Ал сол кезеңге дейін ағылшын тілін бакалавриат, магистратура мен докторантураның оқу бағдарламасына кіргізіп, тереңдетіп оқытқан дұрыс. Сонда нақты нәтиже болады. Ағылшын тілінде оқытатын немесе қосдипломды бағдарламалар мен филиалдар үшін бұл талапты керісінше күшейткен жөн. Яғни әр бағытқа қарай саралау қажет. Тағы Scopus пен Web of Science базаларында мақала жариялау талабын да мамандықтың ерекшелігіне қарай қарастырған жөн. Мысалы, қазақ филологиясы, музыка сияқты салаларда балама жолдар ұсынылуы тиіс. Бұл университеттің өз құзырында шешілетін мәселе болуы керек. Бастысы, диссертацияның сапасы мен ғылыми ортаға қосқан нақты үлесі маңызды. Сонда жастардың ағылшын тілін меңгеруі тиімдірек бола түседі», – дейді депутат.
Баян МҰРАТБЕКҚЫЗЫ