Министрлік N12 орталық ауруханасында дәрігерлерден коронавирус табылды деген ақпаратты тексеріп жатыр
11 сәуірде денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Диас Ахметшәріп Алматы қаласындағы N12 орталық ауруханасында бірнеше дәрігерге коронавирус жұқты деген ақпаратты тексеріп жатқанын хабарлады.
Бұған дейін әлеуметтік желіде "орталық ауруханадағы бірнеше дәрігерден коронавирус табылды, бірақ аурухана вирус ошағы ретінде карантинге жабылмай отыр" деген ақпарат шыққан еді.
— Қазір тексеріп жатырмыз. Тексеріп анық-қанығын білейік. Кім ауырды? Шынымен ауырды ма? Ауырса оны қайдан жұқтырған? Анық-қанығын білген соң брифинг жасаймыз немесе ресми ақпарат таратамыз, — деді Диас Ахметшәріп Азаттық тілшісіне.
31 арна тілшісі Ирина Советжанқызы Facebook желісінде аурухана қызметкерлерінің хатына сүйене отырып, бір медбике, бір санитар, бір травмотолог және бір хирургтан вирус табылғанын жазды.
"Медбике мен санитар кісінің ауырғанына үш күн болған, тест нәтижесін бүгін алыпты. Бірақ Алматының денсаулық сақтау басқармасы Нұр-Сұлтанға хабарлауға асықпай отыр деп айтады. Егер хабарланса, аурухана covid ошағы ретінде карантинге жабылуы керек. Сонда ол ауруханада жатқан онсыз да денсаулығы дімкәс қаншама науқас пен бір ғана қабылдау бөлімінде жұмыс істейтін 500-дей қызметкердің өмірі ойыншық па? Қазір төртеуі де 12-де жатыр, оқшауланған. Бірақ олармен контактіде болғандар қаншама адаммен байланысқа түсіп жатыр емес пе?..." деп жазды тілші.
11 сәуірде таңертең Азаттық тілшісі орталық ауруханаға хабарласқан кезде қызметкерлері "жиналып өтіп жатыр, кейінірек хабарласыңыз" деп тұтқаны қоя салды. Ал кейбір қызметкерлерлер "ештеңе айта алмаймыз" деді.
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі бар ақпаратты министрліктен алу қажеттігін айтты.
(Жаңалық толықтырылады).