Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 17:30

Мырзахметов шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қайтарып алды

Мырзахмет
Фото: zhasalash.kz

"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы төрағасы, алаяқтық бабы бойынша сотталған Абылай Мырзахметов Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына берген шартты түрде мерзімінен бұрын босату (ШМББ) туралы өтінішін кері қайтарып алды.

Аталған өтініш 2 мамырда сотқа түскен, ал оны қарау 28 мамырға белгіленген еді. Алайда сот отырысы өтпей қалды.

"Іс қараусыз қайтарылды: сотталған тұлға өтініш жазып, өз өтінішін қайтарып алды", – деп хабарлады Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі.

Ведомствоның мәліметінше, ШМББ-ға құқығы бар сотталғандар мұндай өтінішті әр алты ай сайын бере алады.

"Бұл сотталған енді осындай өтінішпен тек алты айдан кейін ғана қайта жүгіне алады. Дегенмен, егер ол жаза түрін жеңіл жазаға ауыстыру туралы басқа өтініш бергісі келсе, мұны ертерек жасауына болады", – деп нақтылады сотта.

Қазіргі таңда Абылай Мырзахметов Павлодар облысындағы 46-мекемеде жазасын өтеп жатыр. Биыл көктемде бұл түзету мекемесінде биг-бэг қаптарын тігетін цех ашылған болатын. Іс-шараның бейнематериалдарын Бас прокуратураның Telegram-арнасы жариялаған.

Онда Мырзахметов өзі еңбек етіп жатқанын, өткен жылдың қыркүйегінен бастап бір топ сотталғанмен бірге өндіріс ұйымдастырып, инвестор тапқанын және жарты жыл ішінде 120 жұмыс орнын ашуға көмектескенін айтып береді. Сотталғандар спорттық киімдер тігіп, ағаш пен металдан бұйымдар жасайды. Қажетті жабдық пен жұмыс орындарын кәсіпкерлер қамтамасыз еткен. Прокуратураның мәліметінше, бірнеше тігін машинасын Мырзахметов жеке қаражатына сатып алған. Қазір ол басқа сотталғандармен бірге қап тігіп жұмыс істеп жүр.

Еске салсақ, Абылай Мырзахметов аса ірі көлемдегі алаяқтық бойынша кінәлі деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айырылған. 

2025 жылдың қаңтарында Мырзахметов жаза мерзімінің қалған бөлігін бостандықты шектеу жазасына ауыстыру туралы өтініш берген, алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмаған. Себебі, оның марапаттары жеткіліксіз болған – тек бір ғана ынталандыруы болған, ол да адал еңбек үшін берілген, ал бұл заң бойынша оның міндеті саналады.

Абылай Мырзахметов "Атамекен" ҰКП-ны 2013 жылдан бастап басқарды. Бұған дейін, 2007 жылдан бастап, ол "Атамекен" Қазақстан Ұлттық экономикалық палатасының басқарма төрағасы болған. 2022 жылдың ақпанында ол бұл қызметінен кетті.