Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:15, 08 Желтоқсан 2024

«Моана-2». Сапалы дубляжға кинотеатрлардан орын жоқ

Моана-2
Фото: Моана-2

Бүгінгі жаһанданған дәуірде мәдениет пен өнердің көш басында аудиториясы мол кино-телеэкран тұрғаны мәлім.

 Жер жаһанды қарумен қорқытып, жаныштайтын дәуір өтіп, ендігі кезекте әлем күш пен қуаттың жаңа тәсіліне аяқ басты. Бұны мәдени-идеологиялық майдан дер едік. Сол майданда сан өнерді бойына тоғыстырған кино өнерінің қуаты күшті, сұранысы қашан да жоғары. Көгілдір экранға шыққан фильмдерді үлкен-кіші демей, жалпы халық көреді. Жаңа дәуір әкелген бұл жанр аса пәрменді бүкіләлемдік эстетикалық, этикалық тәрбие мектебіне айналып үлгерді десек те болады. 

Қазақ кинематографиясынан бөлек үлкен экрандарға жылына сан алуан шет ел фильмдері прокатқа шығады. Осы тұста бір мәселенің басы қатарласып шыға келетінін байқаймыз. Бұл – сол шет ел ұсынған фильмдерді аудару және дубляж мәселесі.

Қазақ дубляж өнерінің әлем бойынша кенже дамып келе жатқаны жасырын емес. Егер Disney студиясының классикалық мультфильмдерін аудару және дубляж жасау мәселесі Ресейде осыдан 25-30 жыл бұрын басталса, бізге АҚШ студиясының сапалы әрі толыққанды қазақ тілді дубляжы енді-енді ғана келіп жатыр. Сан өнерді бойына жиған кірпияз сала аударманың сапасы, тілдің тазалығы, актердің шеберлігінен ғана тұрмаса керек, оны тұтас идеология деп те айтсақ та болады. Тоқсаныншы жылдары дубляж өнері ептеп қағажу көргенімен, қазір қайта жаңаша өріс алып отыр. Кейінгі жылдары бірқатар шетелдік фильм мен анимациялық туынды дубляждалып, жұртшылыққа жол тартты. Қазақша дубляжды бұрын жылына бір-екі рет қана жеке студиялар қаржыландырса, биыл әлемдік ірі компаниялардың демеуші болып фильм-мультфильмдердің прокатқа қазақ тілінде шығып жатқаны шын қуаныш. Мысалы, күні кеше прокатқа шыққан «Моана 2» анимациялық фильмін Disney компаниясы өз қаражатына ұсынып отыр. Жалпы, фильмдерді түрлі елге бейімдеп, дубляждау – Disney компаниясында бұрыннан қалыптасқан үрдіс. Студия жыл сайын әр фильмнің түрлі тілдердегі 30-ға жуық нұсқасын дайындайды. Бұл биылдыққа аталмыш студияның өзі демеуші боп қазақ тіліне аударған екінші фильмі. Бұған дейін Disney мен Pixar студиясы «Ойжұмбақ 2» фильмін қазақ тіліне аударып, кәсіби дубляж жасады. Аталған туынды 125 000 000 теңгеден астам қаражат жинап, бұған дейін дубляждалған туындылар арасында рекорд жаңартқан еді. Бірақ бұл көрсеткіш орысша дубляж жинаған ақшаның 10%-ын да құрамайды.

Моана-2
Моана-2

Осыдан аз ғана уақыт бұрын мәдениет және ақпарат министрлігі Голливуд туындыларын қазақ тіліне аударуға бюджеттен 446 миллион теңге бөлінгенін, бірақ 2023 және 2024 жылдары аталған қаражат игерілмей, толығымен бюджетке қайтарылғанын хабарлады. Анығында, мемлекет қолдауымен соңғы екі жылда бірде-бір шетелдік фильм қазақ тіліне аударылмағанын байқасақ болады.

Осы орайда күні кеше прокатқа шыққан «Моана 2» анимациялық фильмінің қазақ және орыс тіліндегі көрсетілім уақыттарына назар аударсақ та, қазақ тіліндегі көрсетілім санының әлдеқайда аз екенін әрі ыңғайсыз уақыттарға қойылғанын байқауға болады. Мысалы, бір күнге 140-150 сеанс болса, 15-16 сеанс қана қазақ тілінде көрсетіледі. Балаларын орыс тіліндегі нұсқасын көрсетуге әкелген ата-аналардан сұрағанымызда, уақыттың тапшылығы мен ыңғайсыз уақытқа сеанстарды алға тартты. Енді бірі қазақ тіліндегі дубляж бен аудармаға сенбейтіні туралы да атап өтті. Десек те, бұл уәжге келісе алмас едік. «Моана 2» анимациялық фильмінің аударма сапасы әлдеқайда жоғары. Кейіпкерлердің тілі жатық, калька сөздерден ада. Аударма мәселесі аз да болсын шешімін тауып жатқанда, қазақ тіліндегі сеанстардың санының аздығы көңілге кірбің ұялатады. Осы тақырып төңірегінде біз бүгін дубляж әртісі Құралай Өтепова, кинотанушы Гүлім Көпбайқызы және Qazaq Bubble жобасының авторы Бибарыс Сейтақтың пікірін сұрадық.

Құралай Өтепова
Құралай Өтепова

Құралай Өтепова: Маонаны қазақша сөйлету оңай болған жоқ

Бұл менің дубляж саласындағы кезекті тәжірибем «Моана-2» мультфильмі. Ежелгі маорилер тайпасының мәдениеті мен әлемінен сыр шертетін Диснейдің кезекті сиқырлы туындысында бас кейіпкер Моананың өзін дыбыстадым. Моана жас қыз болғанымен, өте жүректі, елгезек әрі батыл. Кішкентай Отанын сақтау үшін, түрлі өткелдерден өтіп, жұртшылықтың басын біріктіреді. Әрине, Моана менің осыдан бұрын дыбыстаған «Ойжұмбақ 2» анимациялық фильміндегі Қызғаныштың рөлінен әлдеқайда бөлек. Фильм кейіпкерлерін қазақ тілінде сөйлету үшін аудармашылар шамамен 2 апта, дубляж командасы 15 күндей жұмыс істеді. Шынына келсек, дубляж өте қызық сала. Кейіпкердің болмысына кіріп, ішкі үніңді экрандағы бейнемен ауызба-ауыз шығару, бар іс әрекеттермен бір орында тұрып бірлесу, міне, дубляж саласының бар қызығы мен шыжығы осында. Ал әлемдік туындылардың қазақ тілде сөйлеуі – бүгінде қазақ тілінің жаңаруы, жаңғыруы деп білемін.

Қазақ тілінде әлемдік туындылардың сөйлеуі – біз үшін үлкен нәтижелерге алып келер инвестицияның алғашқы сатысы деп ойлаймын. Жаңа туындылар әзірге қазақ тілді аудиторияның үлкен сұранысына ие боп жатса, бұл бастаманы көпұлтты еліміздегі барша халықтарға үндеу ретінде де қабылдауға болады. Яғни прогресс болуы тиіс. Сондықтан қазақ тілінің мәртебесі шын дәлел талап етіп тұрған тұста мемлекеттен қолдау болып, назарға алынса, нұр үстіне нұр болады деген үміттемін.

Гүлім Көпбайқызы
Гүлім Көпбайқызы

Гүлім Көпбайқызы: Қазақ тілінде фильм көрсетуді кинотеатрларға міндеттеу қажет

Қазақ тіліне жасалған дубляж мәселесі – еліміздегі кино саласындағы ең өзекті тақырыптардың бірі. «Сұраныс жоқ» деген жауап жиі айтылғанымен, оның себептерін тереңірек талқылау қажет. Біріншіден, сұраныс пен ұсыныс бір-бірімен тығыз байланысты. Егер сапалы, тартымды контент ұсынылса, сұраныс та біртіндеп қалыптасады. Соңғы жылдары қазақ тіліне дубляж жасалатын фильмдердің саны артқанымен, сапасы әр қалай деңгейде. Кейбір жобалар халықаралық стандарттарға сай жасалып, көрерменнің оң бағасын алып жүр. Мысалы, Disney студиясының қолдауымен дубляждалған осы «Моана» мультфильмі кәсіби деңгейде дубляждалған. Мұндай сапалы дубляждар қазақ тіліндегі контенттің дамуына оң ықпал ететіні хақ. Алайда кей жағдайларда дубляждың сапасы төмен, оған мына факторлар әсер етеді. Техникалық сапа: кейбір дубляждарда дыбыс үйлесімі нашар, кейіпкердің эмоциясына сәйкес келмейтін интонациялар байқалады. Сондай-ақ тілдік ерекшеліктер: аударманың дәлдігі мен кейіпкердің мінезіне сай сөйлету маңызды. Бірақ кейде аударма жасанды, тіпті түсініксіз болып жатады. Көрермендердің басым көпшілігі қазақ тіліндегі дубляжға сенімсіз көзқарас танытады. Бұған бұрын дубляж сапасы төмен фильмдерді көргеннен қалған теріс әсер я болмаса орыс тілінде немесе түпнұсқада көруге үйренген көрермендер қазақша нұсқаны таңдауға құлықсыз деген қоғамда қалыптасқан теріс түсінік сынды себептер болуы мүмкін. Мәселенің шешімі қандай деген заңды сұрақ туындайды. Менің кинотанушы ретіндегі ұсынысым, біріншіден, сапаны арттыру, яғни дубляждың халықаралық талаптарға сай жасалуына ерекше көңіл бөлу қажет. Мұнда тек аударманың емес, дыбыстық дизайн мен монтаждың да сапасы жоғары болуы шарт. Екіншіден, қазақ тілінде дубляж жасауға бейім актерлер мен мамандарды даярлаудың кәсіби бағдарламаларын кеңейту.Үшіншіден, көрерменді тарту үшін дубляждалған фильмдерге қызықты жарнама науқандарын жүргізу қажет. Бүгінгі таңда қазақ тіліндегі дубляж сапасы айтарлықтай дамып келеді, бірақ мәселе толық шешілген жоқ. Көрермендердің сенімін арттыру үшін сапалы өнім ұсынып, насихат жұмыстарын күшейту маңызды. Бұл өз кезегінде қазақ тіліндегі кино мен дубляждың беделін көтеріп, сұранысты арттырады. Әлемдік ірі компаниялардың қолдауымен қазақ тілінде дубляждалған фильмдер мен мультфильмдердің саны артуы – отандық мәдениет пен кино саласы үшін үлкен жетістік. Бұл үрдіс қазақ тілінің халықаралық деңгейде танылуына жол ашып, дубляж сапасын көтереді. Алайда осы қарқынды сақтап, ары қарай дамыту үшін жүйелі жұмыс қажет. Мемлекет тарапынан дубляж өндірісіне арналған арнайы гранттар мен субсидиялар қарастыру арқылы қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, дубляждың тұрақты өндірісін қолдауға болады. Әлемдік деңгейдегі дубляжға сай болу үшін кәсіби мамандарды тартып, заманауи жабдықтарды қолдану қажет. Театр, кино актерлерін дубляжға арнайы оқыту бағдарламаларын ұйымдастыра отырып, шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу арқылы кәсіби деңгейін көтеру маңызды. Сондай-ақ қазақша дубляждалған фильмдерді ыңғайлы уақытқа қою және онлайн-кинотеатрларда қазақша нұсқаларды орналастырып, олардың қолжетімділігін арттыру арқылы көрермен қызығушылығын еселей аламыз деп ойлаймын.

Тағы бір мәселе – кинотеатрларда қазақ тіліндегі көрсетілімдер санының аз болуы мен ыңғайсыз уақыттарға қойылуы бірнеше себептерге байланысты болуы мүмкін. Біріншіден, көрермен сұранысы дер едім. Кинотеатрлар көбіне коммерциялық мүдделерді ескереді. Егер қазақ тіліндегі көрсетілімдерге көрермен аз жиналса, олар уақыт пен залды тиімді пайдалану үшін танымал форматтарға басымдық беруі мүмкін. Екіншіден, маркетинг пен насихаттың әлсіздігі. Қазақ тіліндегі фильмдерді насихаттау деңгейі төмен болса, көрермендер арасында оларға деген қызығушылық аз болуы ықтимал. Жалпы, кинотеатрларда қазақ тіліндегі фильмдерді көбірек көрсетуге міндеттеу – заңнамалық деңгейде шешілетін мәселе. Қазақстанда «Кинематография туралы» заңға немесе басқа да құқықтық актілерге өзгеріс енгізу арқылы кинотеатрларда қазақ тіліндегі көрсетілімдерді белгілі бір көлемде қамтамасыз етуге міндеттеуге болады деп ойлаймын. Фильмдердің жалпы көрсетілім уақытындағы қазақ тіліндегі сеанстардың үлесін нақты белгілеу әрі қазақ тіліне дубляждалған фильмдерді ыңғайлы уақытта көрсетуге басымдық беру арқылы ойластыруға болады. Бұл тұста киноөндіріс пен дубляж компанияларының көрерменге бәсекеге қабілетті, сапалы қазақша контентті жиі ұсынуы маңызды. Десе де, бұл мәселенің шешімін тек мемлекетке ғана артпай, қоғам мен көрермендерге тікелей байланысты екенін ұғуымыз шарт.

Бибарыс Сейтақ
Бибарыс Сейтақ

Бибарыс Сейтақ: Кинотеатр басшылары мен тіл жанашырлары арасында диалог жоқ

Өзім бұл мәселеге қатты алаңдайтындардың бірімін, QazaqBubble парақшамызда бұны жиі көтереміз, сондай-ақ достарым QazaqGrammar, QazaqshaJaz жобалары да бұны үнемі айтып отырады. Бұған қатысты талай адаммен ақылдастық. Соның бәрінен бір түйгенім, ең бірінші кезекте біздің бәрімізге диалог керек. Ол бір абстрактілі мәндегі метафора емес, тура мәнінде кинотеатр басшылары мен тіл белсенділері бір үстел басына отырып, осы тақырыпты талқылауы керек. Олар кассаны, сатылымды сылтау етеді, бірақ ол сонда қашанға дейін жалғаса береді? Бұл жерде бір «шырғалаң шеңбер» бар: аз ғана сеансты ыңғайсыз уақытқа қойылады → адам ол жайлы естімейді, аз барады → қазақша дубляждың асып түспесе кем түспейтінін көпшілік көрмейді → сәйкесінше, аз ғана сеансты ыңғайсыз уақытқа қояды. Бұл шеңберді қалай үзуге болады сонда? Қашанғы қазақ тілін сорлатып қойып, қол қусырып қарап отырамыз? Кинотеатрлардың басшылығы «мәңгілік солай бола берсін» деп санамаса, өзара талқылап, қалай қазақ халқының арасында қазақша дубляжға бара бастау дағдысын қалыптастыруға болатындығын, ол жерде бизнестер ескеруі керек нендей тәуекелдер бар екенін бірге зерттеуге тиіспіз. Әйтпесе дәл осылай қырықпышақ болып бір-бірімізге ренжіп жүре береміз. Билік бұл диалогта делдал функциясын атқара алады, яғни осы диалогты үйлестіріп бере алады.

Қазақстанда басқасы – басқа, дубляж саласы – өте жақсы дамыған бірден-бір сала. Көбіне қатеден гөрі қазақ тіліндегі ең табиғи конструкциялар мен айтылуы түпнұсқадағы сөздің қолданылуына, сондағы ауыз қимылына барынша ұқсайтын нұсқаның арасындағы компромистерді байқаймын. Олар кез келген дубляжда болуы керек құбылыс.

Бірінші кезекте сұраныс барын көрсетуіміз керек. Айтқанға күлкілі естілсе де, қазақтарға қазақ тілі керек екенін дәлелдеуіміз шарт. Негізі бұл әркімге бір бұйыра бермейтін шын мәнінде жақсы мүмкіндік. Сөйлеуші саны жағынан бізден бірнеше есе асып түсетін талай тілде, біріншіден, дубляж сапасы дәл осы деңгейде емес, екіншіден, фильмдерді өз тіліндегі дубляжбен көру дағдысы тіптен жоқ. Бізге осы тұста басқа түркітілдес мемлекеттер қызыға қарайды. Сондықтан осы қалыптасып жатқан дағдыны әрі қарай дамыта беруіміз керек. Қырғызстан мен Өзбекстан халқы қазақ киносы мен музыкасын едәуір көп тұтынады, сондай-ақ қазірдің өзінде, қателеспесем, олар көретін шетелдік фильмдердің орысша дубляжы Қазақстанда жасалады, яғни ішінара біздің өнім. Егер келешекте қазақ дубляжы дағдыға әбден еніп, басымдық соған беріле бастаса, қазақша дубляждың ауқымы тілімізді түсінетін жақын шетелдерге де кеңейетін болады.

Дайындаған Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ

Тегтер: