Молдалар уағыз-насихатты қалай айтып жүр?

Бүгінгі мынау аумалы-төкпелі заманда дәстүрімізге мейлінше дендеп еніп, тұрмысымызда қалыптасып, қолданылып жүрген салттарымыздың қайсысы халқымыздың өз болмысына, уақыт өлшеміне сай?..
Қайсысы сырттан еніп, болмаса жолдан қосылған?.. Олардың ішінде тәрбиелігін, мәнділігін айтпағанда, зияндылығы тайға таңба басылғандай бадырайып тұрған, тозығы жеткендері қаншама?.. Бір сәт соған назар аударсақ.
Мен қаза жөнелтуге байланысты кейбір көңілге сыйымсыз жоралғы жөнінде ой қозғамақпын. Себебі пәниден өтіп, бақилық болған адамға көрсетілетін соңғы құрметте өтелетін діни парызбен қатысы шамалы нәрселерде аз емес-ау. Жөн білетін үлкендердің айтуынша, байырғы салтта қазалы отбасы мәйіт жерленгенше 2-3 күнге дейін ошақ бықсытпайды екен. Осы дәстүрдің жалғасы болғандай, кей жерлерде қаралы отбасына көрші-қолаң, құда-жекжат, сыныптастар, қызметтес коллектив, т.б. кезекпен ас пісіріп, қамқорлық жасайды.
Ал бізге сіңіскен дәстүр бойынша ауылдық жерлерде қаралы үйдің алғашқы қадамдары құшақ-құшақ отындар жарылып, ошақтар дайындалып, кафелері жоқ жерде үстелдер, орындықтар тасылып, палаткалар тұрғызылады. Ал кафелері бар жерлерде де түрлі-түрлі тағамдар пісіріліп, мал союдан басталады. Ал қалалық жерлерде мәйіт әлі жерленбестен бос асханалар, кафелер, қатымханалар тауып, қыруар қаржыға үстел мәзірін дайындауға тура келеді. Ал мәйітті жерлеуге жер сатып алу, қабір қаздыру, көліктер жалдау, діни рәсімдерге байланысты мәйітке кебін сатып алу сынды жұмыстар өз алдына. Оның бер жағында кей облыстарда, әсіресе қалалық жерлерде қалыптасқан дәстүр бойынша өлік әлі жерленбестен кафелерге кешкілікте қыруар адам шақырылып «қонақ асын беру» деген қалыптасқан қонақ күту әдеті тағы бар. Бүгінгі таңда бұқараның, жалпы халықтың әл-ауқаты төмен, әлсіз кезеңде жоғарыдағы басы артық жұмыстарды атқарып, қыруар қаржы табу, кредит алу, шығындану – үлкен салмақ. Онсыз да жақсысынан, жалғызынан, асыраушысынан айырылып, қаралы күй кешіп отырған адамдарға, отбасына жығылғанның үстіне жұдырық емей немене?..
Жыл басында Астанадағы Орталық діни басқармасы өлікті жөнелту кезіндегі қаралы отбасына түсетін аса ауыр экономикалық салмақты ықшамдап, реттеуге, жеңілдетуге, әрі артық ысырапшылдыққа жол бермеу мақсатында мәнді тәртіп, жоралғы ұсынғандай еді.
Ал бүгінгі руханияттың орталығы Алматы қаласында және айналасындағы мекендерде, облыс көлемінде жоғарыдағы Астанадағы діни орталықтың ұсынған игі ісі әлі қолға алынбағандай.... Өйткені жыл басынан бері халық мол жиналған қаралы жерлерде, түрлі астарда бір молданың халық алдында жоғарыдан, Астанадағы діни орталықтың ұсынған жобасын түсіндіріп, уағызын көрмедім және естімедім. Бірнеше молдалардан Астананың ұсынысы жөнінде сұрағанымда олар: «Ақы иесі өзі білгені жөн ғой» дегеннен басқа ештеңе айта алмады.
Бұған бірінші бел шешіп молдалар кірісу керек. Әсіресе халық мол жиналған орындарда, дастарқан басында, түрлі астарда, тіпті қаралы жиындарда да халыққа түсіндіріп айту керек. Бұндай тосын істердің жұртшылық арасына тез таралатын заңдылығы бар. Бүкіл жұртшылық хабардар болған соң ел де бейімделе бастайды екен.
Рамазан Нүсіпов
Алматы қаласы