Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:20, 07 Ақпан 2023

Мұхит Құлмағанбетов, офтальмолог: Жанарым жарық болсын десеңіз...

None
None

Қазіргі таңда ғылымға қызығушылық танытатын қаракөз бауырларымыздың көбейіп келе жатқандығы қуантады.

Тіпті олардың арасында ерекше білімімен шетелдіктерді таңғалдырып, шақырту алдырып жатқандары да аз емес. Осындай еліміздегі ғылымды мақсат тұтқан білімді жандардың қатарында көз дәрігері Мұхит Құлмағанбетов те бар. Мұхит бүған дейін Ұлыбритания, Канада, Жапония, Сингапур, АҚШ, Гонконг елдерінен шақырту алып, бүгінде Канада мен Гонконг елдерінде ғылыми қызметін жалғастыруда. Осы орайда, Қазақстанның атын жақсы жағынан танытып жүрген көз дәрігері, хирург Мұхит Құлмағанбетовпен сұхбаттауды жөн көрдік. 

— Мұхит мырза, сіз қазір Қазақстанда емес, өзге елде, яғни Канадада жұмыс жасап жатырсыз. Елден кетуіңізге не себеп?

— Қазіргі таңда мен екі елде (Гонконг және Канада) ғылыми қызметтемін. Ұлыбританияда PhD докторантурамды оқып жүргенде, Уатерлоу университетіндегі (Канада) ғалымдар оқудан кейін өздерімен жұмыс жасауға шақыру жіберді. Ол ғалымдар квантты физика бойынша, оның ішінде фотон, нейтрон және нейтрино фермиондарына қатысты бірнеше әлемге атақты ғылыми мақалалар жазған. Жаңа жоба бастар алдында, өз тобына физика, инженерия және оптоэлектрониканы түсінетін, тәжірибесі бар көз маманын іздеді. Жасанды интеллектпен қатар жоғарыда аталған салаларда кішігірім түсінігім болған соң, маған хабарға шықты. Сонымен қатар жеке зертхананы ашуға қауқары мен білімі жететін маман керек болған соң, Гонконгтағы филиалына Зертхана менеджері керек болды. Аталған факторларға байланысты «Quantum Optics Lab» ғылыми тобының мүшесі болуға ұсыныс түсті.

Осындай профессионалды мамандарға толы ұжым өзіне шақырғанының өзі үлкен олжа десем де болады. Оның үстіне, адамзат тарихында бұрын соңды болмаған екі бағыттың (Офтальмология және Квантты физика) ортасында жасалатын жобаның мөлшері мен мақсаты қатты қызықтырды. Егер жоспарлаған жобамыз жүзеге асып жатса, көздің емделуге келмейтін соқырлануға алып келетін бірнеше ауруларды квантты технология арқылы тоқтатуға болады. Аталған технологияны қазір осы екі ел ортасында құрастырып жатырмыз.

— Негізі біздің елімізде мықты мамандар, әсіресе білікті дәрігерлер Қазақстаннан көп кетіп жатыр. Сонда елімізде медицинаға айтарлықтай жағдайлар жасалынбаған ба?

— Басқалар жайлы білімім жоқ, алайда, өзіме келетін болсақ – менің осы қызметтегі негізгі мақсатым көздің соқырлыққа алып келетін ауруларды жетекті ғылыми жұмыс жасау арқылы тоқтату. Сол себептен де клиникалық тәжірибемді уақытша тоқтатып, зерттеулерге көңіл бөлуге шештім. Ғылыми әлемде шекара жоқ; канадалық ғалымның ойлап тапқан инсулинін қазақстандық қант диабеті бар науқастар да қабылдайды. Сол сияқты, біздің де көздеген нысанымыз әлемдегі барлық макулярлы дегенерациясы, глаукомасы бар науқастарға көмек көрсету. Оның үстіне «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, осындай жобаларды бірнеше ел бірге қаражаттандырып, қолдау көрсетеді. Жоғарыда аталған топтың ішіне жеті елден келген жеті ғалым кіреді. Атап айтсақ: АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Қытай, Ресей, Сербия және Қазақстан елдері.

Жалпы еліміздің медицинасы уақыт өте келе ілгері жылжып келеді. 1978 жылы Алматыда қабылданған Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымының Денсаулық сақтау ісінің хартиясы «Алматы декларациясы» қазіргі күні медициналық мекемелердің негізгі саясатына айналды. Елімізде медициналық білім беретін жоғары оқу орындарының да сапасы көтеріліп келеді. Жас мамандар бүкіл әлемге қолжетімді білімге ие. Он жылдығына жақындап қалған Қазақстан медицина жастарының ұйымы «KazMSA» да еліміздің медицина саласында оқып жүрген студенттер мен жас мамандарға дамыған елдердің клиникаларына баруға мүмкіншілік ашып, білімі мен тәжірибесін жетілдіріп, отандық денсаулық сақтау жүйесіне интеграциялап жатыр.

Тағы бір айтарым, әрбір қазақ өз еліне оралып, үйренген тәсілдерін отандастарының пайдасына қолдануға асығады. Сондықтан да қазір кетіп жатқан білікті дәрігерлер бір күні оралып, Қазақстанды көркейтуге атсалысады деп ойлаймын және сенемін.

— Білуімізше, сіз Канадада ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысып жатқан көрінесіз. Олай болса, қандай тақырыпты зерттеп жатырсыз?

— Біздің жасап жатқан жобамыз, жоғарыда айтқандай, квантты технология құрастырып, көз ауруларын ерте диагностикалау. Осы ғасырдың басында квантты фотондар жайлы көптеген қызықты зерттеулер жасала бастады. Бұл фотондардың ерекшеліктері көп; әсіресе ол фотондар өз құрамын бұзылған кезде де қайта оралтып алатыны. Сол себептен, осы фотондар квантты метрология, квантты коммуникация және квантты ақпаратты талдау бағыттарында қарқынды дамып келеді. 2022 жылғы физика бойынша «Нобель» премиясын да осы тақырыпта ұтып алған. Біздің жоба да осындай квантты фотондарды офтальмология саласында пайдалану болып табылады. Сондықтан біз қазір жаңа жарық көзінің арқасында көздің торлы қабығын зерттейтін томограф жасап жатырмыз. Жақсы қорытындылар болып жатса, болашақта көзді емдейтін мамандардың пайдалануына береміз.

— Өзіңіз офтальмолог, яғни көз дәрігерісіз. Жалпы сіздің зерттеуіңіз бойынша қазіргі таңда қандай көз аурулары жиі кездеседі?

Көздің жиі кездесетін аурулары қатарына рефракциялық ауытқулар (көбінесе миопия), катаракта, макулярлы дегенерация және глаукома кіреді. Алғашқы екеуінің толық емдеу немесе коррекция тәсілдері болса, торлы қабықтың жиі кездесетін ауруларының радикалды емі жоқ. Сондықтан әлемдегі ғалымдардың назары осылардың мәселесін шешу үшін емдеу және ерте диагностикалау әдістерін ойлап табуға бағытталған.

— Көздің ең бір үлкен жауы – смартфон деп айтып жатады. Бірақ қазір үлкендер түгілі кішкентай бүлдіршіндердің өзі смартфонға тәуелді. Шындығында, смартфон көзге қаншалықты зиянды, әрі бүлдіршіндердің көзін сақтау үшін қанша уақыт пайдаланғаны жөн деп есептейсіз?

— Көздің толыққанды қалыптасуы жасөспірімдік кезде қалыптасады. Егер бүлдіршіндер мен балалар монитор алдында ұзақ уақыт тоқтамай отыра берсе көру гигиенасы бұзылады. Кейін көздің мөлшері өсіп, аккомодациялық механизмдері дұрыс дамымайды. Сол себептен, миопия (алыстан көрмеушілік) жиі таралып келеді. Смартфон алдында көп отыратын ересектерде көздің құрғау синдромы қалыптасуы мүмкін. Ол кейін көздің қасаң қабығының эррозиясына, жаралануымен аяқталуы мүмкін (бірақ бұл өте сирек кездеседі). Бұл екі жас топтарына көру гигиенасын сақтауға кеңес берер едім. Әрбір 45-60 минут сайын үзіліс жасап, сыртқа шығып, алыста орналасқан заттарға қарағаны дұрыс. Көз жаттығулары да көздің шаршағанын басады.

— Ал көздің саулығын сақтау үшін көзге қандай күтім жасау керек деп кеңес бересіз?

— Оны ең алдымен әркім өз дәрігерімен ақылдасып шешкені дұрыс. Дәрігерге сырқат болмаса да жылына бір рет көрініп тұрғаны жақсы болады. Дәрігерлерге қаралғанда, олар дәрумендер мен жаттығуларды көрсетіп, кешенді күтім әдістерін үйретеді.

— Сіз медицина саласында тек офтальмолог қана емес, хирургияда да оқыған екенсіз. Оның үстіне сізді бір емес алты ел жұмысқа шақырған екен. Қай елдің медицинасы сізге ұнады?

— Офтальмология резидентурасына түсу үшін жалпы хирургия бойынша интернатура оқығаным рас. Ота жасау тәсілдерін жетілдіруге, операцияға дейінгі және одан кейінгі стратегияларды үйренуге көмектесті.

Докторантурамның соңы жақындағанда бірнеше елдерден жұмысқа шақыру алғаным да жалған емес. Әлем үлкен болғанымен, академиялық әлемде бір-бірін тану жақсы дамыған. Адал еңбек етіп, жақсы көрсеткіштерге жетіп жатқан ғалымдарды әрдайым бақылап отырады, іздемесең де өздері шақырады. Маған ұнаған медицина жүйелеріне Канада, Германия, Корея, Жаңа Зеландия және Жапония кіреді. Осы елдерде кеше ғана ойлап табылған жаңа әдістерді бүгіннен бастап пайдалана бастайтыны мені қуантады.

-  Алдағы уақытта елге оралып, қызмет ету жоспарыңызда бар ма?

— Әрине, жоспарымда бар, әрі сол күнді асыға күтемін.

— Әңгімелескеніңізге рақмет!

Тегтер: