16:35, 22 Наурыз 2019
Мұражай

Бұл қалада, бәрінен де, мұражай көп екен. Жолбасшымыз: «Бүгін Пәленше Пәштуанов музейіне барамыз» деді.
Екі қабатты мұражай ішін аралап келеміз. П. Пәштуанов – кезінде өте белгілі адам болыпты. Жақсы кісі болыпты. Үлкен орындарда істепті… Ортаңғы залдың төр қабырғасын тұтас алған ұлан-ғайыр портреттен бұғағы ауыр салбыраған, қарынды, қабақты, шықшытты (сірә, шүйделі де), екі иығына екі кісі мінгендей бір зор сұлба көрнекті кісілердің әдетімен бізге қалың қастарын түкситіп, жазғыра қарайды. Осындай тұлғаны осы уақытқа дейін білмей келген қаперсіздігімізден ұялып, біз назарымызды еріксіз тайқытып әкеттік… Мына бір әйнек астында – мағыналы ғұмырының әр кезеңінде киген костюмдері, жейде, галстук, шалбарлары… Мына қатарда әр жылдары алған орден-медальдары, құрметті атақтарының куәлік қағаздары, омырау белгілері, қисапсыз көп әр дәрежедегі марапат-мақтау қағаздары… Елу, алпыс, жетпіс жылдық мерейтойларында жолданған сансыз құттықтау телеграммалары, папкалары… Әулиелердің ыстық лебіздері… Қарамағында істеген қызметтес дос-жаран, туған-туыстары шала шегілген темекісінің ұзынды-қысқалы тұқылдарына дейін қалдырмай теріп, мұражайға тапсырыпты. Мұражай іші өте қызғылықты заттық деректер мен айғақтарға толы. Мәселен, мына бір әлем-жәлем безендірілген қалың кітаптар… Бұл – Пәкеңнің дербес зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі шабытты шығармашылық қажырының жемістері көрінеді. Өлең жинақтары… Суперқағазбен қапталған бес томдық естеліктері жеке сөреге қойылған. «Неткен қайрат, неткен күш! Қалай шаршамайды?!» дестік… Пәкең киген әр түсті, әр пошымды туфли, кебіс, етіктерден жеке көрме жасақталыпты. Сыйға тартылған шапандар… шапандар… шапандар… Жүз елу шапан!!! Мына қаламды қай жылдан қай жылға дейін ұстаған… Мына қойын дәптерлерді қай жылдар аралығында жүргізген… Ана қызметте қай жылдары істеген, мына жұмыстарға қашан тағайындалған… Өзі делегат болып сайланған съездерден көрініс, конференция-жиындардан көрініс… Әр қилы фотосуреттер, фотосуреттер… тағы да фотосуреттер: міне ол республика басшыларымен бірге Қызыл алаңда… міне, солармен бірге аңшылықта… еңбек озаттарымен бірге… жұмыс кабинетінде, үйіндегі жазу үстелінің басында… Ал енді мынау – Пәкең атқарған үлкен шаруалардың негізгі дем берушісі – әйелі… Мынау – ұлдары, мынау – қыздары, мынау – немерелері, жиендері… Бәрі де қазір үлкен шаруалар атқарып жүрсе керек...Марқұмда арман жоқ екен дестік...Бірақ ең ғажап экспонат мұражайдың үстіңгі қабатында болып шықты… Үстіңгі қабат – тұтасымен мұражай директорының жұмыс кабинеті екен. Кіріп келгенімізде, кіші-гірім ресторан залына ұқсайтын алағай да бұлағай кең кабинеттің сона-а-ау терең түпкірінен ақ шашты, калың қабақты, қарынды, шықшытты еңгезердей қарт орнынан тұрып, қарсы жүрді… Жалтыр еденнің үстімен тайғанақтай басып, қарт кісілердің кібіртік жорғасымен байқастай аяңдап келеді… Жүзі таныс сияқты. Осы кісіні қашан, қай жерде көріп едік дегенше болған жоқ:– Пәленше Пәштуанов… – деді өзі қолын ұсынып. – Мұражай директоры… Хош келіпсіздер...Фото: ruh.kz1999 ж.РЕДАКЦИЯНЫҢ РҰҚСАТЫНСЫЗ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.