Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:06, 29 Наурыз 2024

Мусин болашаққа өгіз мініп барады

Мусин
Фото:

Енді елімізде Электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) биометриялық тәсілмен берілетін болады. Бұған қатысты цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі биометриялық сәйкестендіру бойынша электрондық цифрлық қолтаңба және бұлтты электрондық цифрлық қолтаңба кілттерін алу алгоритмін әзірледі.

 Жоба бір жыл бойы пилоттық режимде жүргізіледі. Одан кейін нақты қолданысқа енеді. Бұл ретте цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің бұйрығы да даяр.

Осыдан екі жыл бұрын министр елдегі қарапайым ЭЦҚ алу жайында «Шындығында, ЭЦҚ бәрімізді шаршатқанын мойындаймын. Оны бір жерге барып алу керек, арнайы қосымшаларды орнату керек, тағы басқасы. Бұл цифрлық даму министрі ретінде маған да ұнамайды» дегенді айтқан. Тіпті елдегі Электронды цифрлық қолтаңба алуға қатысты мәселе мәжілісте де көтеріліп, бұл бастаманың тиімсіз тұстары өте көп екенін, оны қолданыстан алып тастау керектігін депутаттар да қаузаған. Өз кезегінде Мусин де болашақта ЭЦҚ алудың да, ЭЦҚ кілтін пайдаланудың да жеңілдейтінін, халыққа барынша тиімді тәсілдер тәжірибеге енетінін алға тартқан. Содан бері екі жыл бойы «тиімді тәсіл» ойлап табуға бас қатырған цифрлық даму министрлігі ЭЦҚ-ны енді биометриялық сәйкестендіру жолымен алуды ұсынып отыр.

Ал биометриялық тәсіл дегеніміз не?! Бұған дейін қарапайым ЭЦҚ-ны алудың, оның кілтін пайдаланудың машақатын ұқпай келген ел мұндай жаңашылдықты ұға ма?!

Қолданысқа енгеніне бес жылдан асса да қарапайым халық әлі ЭЦҚ-ны өз бетінше алуды, электронды цифрлық қолтаңба кілті арқылы өзіне-өзі қызмет көрсетуді толық меңгере алған жоқ. Қазір халық арасында ЭЦҚ алуға көмектесіп, ақша табатындар пайда болған. Электронды цифрлық қолтаңба кілтін берсең болды, Egov.kz порталына кіріп, жұмысыңды бітіріп беретіндер де баршылық. Олар бұл қызметіне бағаны да өздері қояды – 500 теңгеден басталып, 5 мың теңгеге дейін барады. Әсіресе ірі мегаполистерде Egov.kz қызметін көрсетеміз деп ашық жарнамалап, арнайы кабинет ашып алғандарды жиі көреміз. Қандайда бір жұмыс бітіру үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, ұзын-сонар кезек күтіп, уақыт жоғалтқаннан гөрі, осындай бұрыш-бұрыштарда орналасқан құжынаған кісі болмайтын жекелеген кабинеттерге барып іс бітірген халыққа да тиімді.

ІТ-ағартушы, сарапшы Елдос Еркебай цифрлық даму министрлігі биометриялық тәсілмен ЭЦҚ беруден бұрын бірінші кезекте осындай Egov қызметін жекелеп көрсететіндерге заңмен тыйым салуы керектігін айтады. Маманның ойынша, олардың қызметіне тыйым салынбағандықтан ойларына келген бағаны қойып, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында көрсетілетін тегін қызмет үшін елден ақша алып отыр. ІТ маманы ЭЦҚ-ны алып беруге көмектесетін тұлғалардың қызметіне жүгінуден аулақ болуға кеңес береді. Өйткені мұның қауіптілігі басым.

«Негізінде, бізге биометриялық тәсілмен ЭЦҚ беруден бұрын қазіргі қолданыстағы электронды қолтаңба кілтін берудің қауіпсіздігін нығайту керек. Мысалы, сіздің цифрлық қолтаңбаңызды біреу білетін болса, қайда тіркелгеніңізді, атыңызда қандай көлік, үй, жер барын, зейнетақы қорына қанша қаражат түсіп отырғанын бәрін біле алады. Содан соң олар ақпаратты бөгде адамдарға сатуы немесе өзіңізді бопсалауы мүмкін. Қазір халық алаяқтарға көп алданып кетті. Бір ғана ЭЦҚ бөгде адамның қолына түссе бітті, «күршектесің» деген сөз. Біздің бұған қатысты цифрлық қауіпсіздігімізде кемшілік көп. Министрлік алдымен осы мәселені заңмен реттеу керек. Ірі қалаларда үйінде отырып алып халыққа Egov.kz қызметін көрсетіп ақша алатындар салық та төлемейді. Заң да оларға тыйым сала алмайды. Себебі бұл мәселеге тыйым салу заңда да қарастырылмаған. Енді цифрлық даму министрлігі биометриялық тәсілмен ЭЦҚ береміз деп отыр. Меніңше, қауіпсіздікті реттеу, дербес деректердің құпиялығын сақтау тұрғысынан келгенде биометриялық сәйкестендіру тәсілі бізді құтқармайды», – дейді Е.Еркебаев.

ІТ маманның пайымдауынша, Қазақстанның өзінің биометриялық технологиясы жетілмеген, бұлтты технологиясы жоқ. Бұл ретте қарапайым халық түгілі мемлекеттік органдар мықты серверлердің қызметін қолдана алмайды. Сондықтан биометриялық әдісті, бұлтты технологияны енгізерде тағы да сол Ресейдің немесе Қытайдың және басқа шетелдік технологияға жүгінуге мәжбүр боламыз. Халықтың дербес деректерін басқа елдің компаниясына сеніп тапсыруға тура келеді. Бұл қосымша қомақты шығынды талап етеді.

Басы дауға қалудан сақтана ма, әзірге биометриялық сәйкестендіруге және бұлтты технологияларға жүгінудің құны қанша тұратынын министр Мусин ашып айтпайды. Бірақ бұл реформаның да құны қомақты болары даусыз. Еске салсақ, бұған дейін Бағдат Мусин Ресеймен бірлесіп цифрлық үкімет платформасын құрайық деп те бастама көтерген. 2021 жылы министрлік ресейлік «Сбердің» IT-платформасын 500 млн долларға бағалап, осы қаражатты сырттан қарызға алмақшы да болды. Артынша, қоғамда «Ресейге тәуелді болып, цифрлық тәуелсіздігімізден айырылып қалмаймыз ба» деген даулы сұрақ туындап, қызу пікірталас «қайнаған» соң министрлік бұл реформасын кейінге шегере қойған.

Жалпы, соңғы кезде Бағдат Мусиннің ұсынған жобалары жиі сынға ұшырап жүр. Соған қарамастан, министрліктің БҰҰ-мен бірлесіп өткізетін халықаралық шараларына, елді цифрландыруға қатысты жобаларына да қомақты қаражаттар бөлініп жатыр. Мәселен, 2019-2023 жылдар аралығында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру үшін ғана республикалық бюджеттен – 88 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 29,8 млрд теңге бөлінген. Бюджеттен тыс қаражат 97,5 млрд теңге болған. Цифрлық даму министрлігі отандық IT саласын дамыту үшін де 2021 жылдан 2023 жылға дейін 7,5 млрд теңге бөлген. Атап айтсақ, 2021 жылы саланы дамытуға 1,9 млрд теңге, 2022 жылы – 2,7 млрд теңге, 2023 жылы – 2,9 млрд теңге бөлген. Алайда миллиондар емес, миллиардтар бөлініп жатса да, «Цифрлық Қазақстанның» ІТ жетістіктері көзге көрінер емес. Қазақстан әлі күнге дейін толыққанды кең жолақты интернетке жете алмай отыр. Тіпті елде 266,4 мың тұрғыны бар 1 673 ауылдық елді мекенде мобильді интернет деген атымен жоқ. Ал қазіргі Мусин ұсынып отырған биометриялық тәсіл бойынша ЭЦҚ алу үшін әр адамның қолында сапалы смартфон, камералы компьютер болуы керек. Ең негізгісі – «жүз ойланып, мың толғанбайтын» жүйткіген жылдам қызмет көрсететін интернет керек. Жоғарыда айтқанымыздай, 300 мыңға жуық адам ғаламтор желісі тұрмақ, мобильді байланысқа шыға алмайды. Сонда мұндай сын көтермейтін цифрлық жүйемен биометриялық тәсілді, бұлтты технологияны қалай қолданысқа енгізгелі жүрміз?! Бұл арада тағы сол Мусиннің «бос мақтан, құр айғайы» халықты әбігерге салып жүрмей ме?!

Халыққа қызмет көрсету орталығының маманы Айнұр Ысқақованың айтуынша, әлемдік тұрғыда биометриялық тәсілдің қолданылатын түрі көп. Бізде оның тек бір-екі тәсілін ғана банктер қолданып жүр.

«Банкке несие алуға барсаңыз, сізді камераға түсіреді. Артынша, банк қосымшасында сіз екеніңізді анықтау үшін бет-бейнеңізді оңға, солға бұру, күлімсіреу, камераға тура қарау әдістері қолданылады. Сол тәрізді саусақ іздерімен деректерді анықтау тәсілін құқық қорғау органдары қолданысқа енгізіп жатыр. Бір қарағанда, қарапайым ғана тәсіл болып көрінгенімен, оның артында қаншама мәліметтер, дербес деректер сақталған. Әттеген-айы, осы деректердің қауіпсіздігіне ешкім кепілдік бере алмайды. Өйткені әлем бойынша цифрлық қауіпсіздіктен 100 пайыз қорғанып отырған мемлекет жоқ», – дейді ол.

Маманның сөзінен түйгеніміз, цифрлық даму министрлігі ұсынып отырған биометриялық тәсілдің, электронды бұлтты технологияның Қазақстан үшін де қауіпсіз боларына еш кепілдік жоқ. Себебі біздің халық «кибергигиена» деген түсініктен мүлдем хабарсыз. Бұл ретте жеке тұлғалардың электронды цифрлық қолтаңба дегенге мән бермейтіні соншалық, олар оның кілтін жұмыс орнындағы компьютеріне жүктей салады. Мессенджерлер арқылы біреулерге жіберіп, құпиясөзін айта береді. Мысалы, қандайда бір адам «Отбасы» банктің мемлекеттік бағдарламалары арқылы үй алуға конкурсқа қатыспақшы болды делік. Қазір баспана берудің бүкіл жолдары ЭЦҚ-мен шешіледі. Ал оны түсіне алмаған адам барады да қолтаңбасын электронды пошта немесе уатсап арқылы жұмыс істеуді білетін делдалға жібере салады. Осыдан барып жеке деректер әлгі делдалдардың қолында қала береді.

«Бұл мәселеден бөлек, жекелеген компаниялар да, елдегі банктер де қол астындағылардың немесе қызметін тұтынатын тұтынушылардың дербес деректерін қорғау қауіпсіздігіне мән бере бермейді. Қауіпсіздік технологиясы қуатты болмаған соң, хаккерлерге де оларды бұзып алу жеңіл болады. Қазір екінің бірінен сұрасаңыз да, алаяқтар күнара телефон шалатынын, тіпті қайсыбірі солардың арбауына түсіп, атына несие рәсімделіп кеткенін айтады. Мұның барлығы құпия сақталуы тиіс дербес деректер қауіпсіздігінің әлсіздігінен орын алып отыр», – дейді ІТ маманы Елдос Еркебай.

Рас, маман сөзінің жаны бар. Соңғы кездері дербес деректердің сыртқа таралып кетуі жайында ақпараттарды жиі естиміз. Мысалы, өткенде қазақстандықтардың жеке деректерінің Қытайға беріліп кеткені жайында ақпараттар тарады. Артынша, бұл ақпаратты тиісті ведомстволар жоққа шығарып әлек болды. Бірер жыл бұрын басқа емес,цифрлық даму министрлігінің өзі Ортсайлауком, «Қазпошта», ЯндексЕда, ChocoFamily қызметіне жүгінгендердің де­рекқорлары да сыртқа шығып кеткенін хабарлаған. Бұдан бөлек, жуырда ғана «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ zaimer.kz микроқаржы ұйымының клиенттері саналатын 2 млн қазақстандықтың дербес деректері желіге тарап кеткенін растады.

Қазір әлем дербес деректердің өте құнды ресурс екенін мойындап отырған тұс. Жуырда БҰҰ Бас ассамблеясының орга­ны – UNCTAD та бұған қатысты өз есебінде тәптіштеп түсіндірді. Аталмыш ұйымның болжамынша, 2025 жылға қарай дербес деректерді сақтау саласының дамуы, тіпті дрондарды және блокчейн мен на­нотехнологияларды да артта қалдырады. Әлем қазір «Дербес деректер екінші мұнай» деген түсінікпен дамып жатыр. Ал біз болсақ, әлі сол сапалы интернетке, қызметі жоғары мобильді қызметке зар болып отырып, «Цифрлық Қазақстан» жайлы ертегіге сенеміз. Мұндайда «өгізбен ор қоянға жетіп алдым» деп әндететін Тазша баланың қырық өтірігі еріксіз еске түседі...

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ