Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:38, 22 Желтоқсан 2023

Мұтанов vs Түймебаев

Кім жазықты?
Фото: из открытых источников

Кім жазықты?

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ертерек қамданып, 2020 студенттер үйін салуға білек сыбана кірісіпті. Жатақхана 1 250 адамға лайықтап жоспарланған-ды. Ол үшін «СК Самұрық-Құрылыс» ЖШС-мен келісімшарт та жасалған, алайда құрылыс жұмысы басталмай жатып аяқсыз қалған.

Кейбір ақпарат көздерінде бұл жөнінде «құрылысты салуы тиіс компаниямен жасалған келісімшартта шикілік болды, істі сот қарап жатыр» деген ақпар айтылды. Біз салынуы тиіс жатақхананың жайын нақтылап білу үшін ҚазҰУ-ге арнайы бардық. Алдымен «жатақхана салынады» деген жерді іздеп таптық. ҚазҰУ қалашығының шығыс жағында орналасыпты. Қазір сырты қаңылтыр темірмен қоршаулы тұр. Алдымен көзіміз нысан құрылысының паспортына түсті. Қаңылтырға жапсырылған баннер әбден тозған, шеті жырым-жырым, бажайлап қарамасаңыз, ондағы ақпараттарды оқу да қиын. Баннердің орта тұсына болашақ нысанның доға пішінді суреті салынған, астына құрылыстың нобайы, айнала төңіректің сызбасы берілген. Сондай-ақ мұнда жатақхана 1 250 адамға арналатыны, ал нысанның жалпы аумағы 22 500 шаршы метрді қамтитыны жазылыпты. Құрылыс 2020 жылы 1 шілдеде басталып, 2021 жылы 1 шілдеде аяқталуы тиіс! Тапсырыс беруші Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, инвестор QAZDORM ЖШС, мердігер «СК Самұрық-Құрылыс» ЖШС.

Төңірек тым-тырыс. Ешқандай тіршілік белгісі байқалмайды. Қоршаудың ашық жерінен ішке кірдік. Жер қазылған, төбе-төбе болып әр-әр жерге топырақ үйілген, осында кіріп шыққан ауыр техникалардың, көліктердің ескі ізі сайрап жатыр. Бұл маңға көптен бері ешкім келмеген сыңайлы. Маңайдың бәрі қоқыс. Бұрыш-бұрышта әртүрлі заттардың қалдығы шашылып жатыр.

Бұдан соң ҚазҰУ-дың баспасөз орталығына бармақшы болып ректоратқа келдік. Кіреберістегі күзетші біздің журналист екенімізді білген соң ішке хабарласты, тұтқаны қойған соң: «күте тұрыңыздар» деді. Арада біраз уақыт өтті, күзетшіге қайта хабарласуды өтіндік, бірақ арғы жақтан ешкім тұтқаны көтермеді. Содан соң күзетші өткен-кеткендерден «сәлем айтып», баспасөз орталығына тілдесудің жолын қарастырды, ақыры баспасөз орталығының қызметкерімен тілдестік. Сондағы айтқаны: «ресми сұрау жіберіңіздер, жауап береміз» болды. Сөйтіп, ертесі ресми сұрау салып хат жібердік, оны бір аптадай күттік, соның өзінде қайта-қайта сұрау салып жүріп әрең жауап алдық.

Университет баспасөз орталығы «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ РМК мен «Самұрық-Құрылыс» ҚК» ЖШС және QAZDORM ЖШС арасындағы 1 250 орындық жатақхананың құрылысы бойынша» 2020 жылы 21 мамырда келісімшарт жасасқанын растады. Хатта: «Келісім бойынша университетке сегіз жыл ішінде инвесторға жалпы сомасы 13 млрд 756 млн 940 мың теңге төлеу міндеттелген, оның 4,43 млрд теңгесін университетке ҚР БжҒМ «Қаржы орталығы» АҚ өтеп беріп, ал 9,32 млрд теңгені университет инвесторға өз қаржысы есебінен төлеу керектігі көрсетілген» делінген.

Шикілік дәл осы жерден шығыпты. Әсілі «ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің «Типтік жобалық-сметалық құжаттамасына» сәйкес, 1200 орынға арналған студенттік жатақхана құрылысының сметалық құны 3 млрд 120 миллион теңгеден аспауы тиіс» деген нақты заң бар екен. Әу баста тапсырыс беруші де, оны орындаушы да бұл заңды «білмеген» көрінеді. Білсе қалай 3 млрд 120 миллион теңгеге салуға болатын құрылыс нысанын 13 млрд 756 млн 940 мың теңгеге бағалап отыр?! Мұны жауап беруші тарап ашалап түсіндірмеді.

Қош, сонымен ҚазҰУ-дың айтқанына сенсек, әлгі шалағай, тіпті заңсыз жасалған келісімнің кесірінен мемлекеттің қаржысы орынсыз пайдалануға сәл-ақ қалыпты. Тіпті бұл келісімшарт университетті «10 млрд 636 млн 940 мың теңгені негізсіз, ешқандай ақылға қонымсыз жағдайда артық төлеуге мәжбүрлейді» екен. Ресми жауапта мердігер компания «Самұрық-Құрылыс» ҚК» ЖШС шағын кәсіпкерлік субъектісі екендігі, 11 жыл ішінде 22 млн теңге салық төлегені айтылады. Демек, аталған компанияның дәл мынадай үлкен нысанды салуға әлеуеті жетпейді. Сондықтан конкурстық іріктеуден өту талаптарына мүлде сәйкес келмейді. Тіпті «Келісімшарттың университеттегі тиісті қызметтермен келісілмегенін де айта кету керек, тиісті проректорлармен мақұлданбаған, университеттегі заң, қаржы, өндірістік және басқа жауапты департаменттер мен басқармалардың сараптамасынан өтпеген» екен. Бұған ҚР білім және ғылым министрлігі де келісімін бермеген. Бірақ келісімшарт жасалған. Жатақхана салынатын аумақ қоршалып, бастапқы жұмыстары аздап істелген. Ең қызығы ҚазҰУ-дың ресми жауабына назар аударсаңыз, аталған келісімшартпен жоғары оқу орынның ешқандай қатысы жоқ сияқты сезіледі. Себебі бұған «ешкім қол қоймаған, хабарсыз». Сонда «заңсыз» делінген келісімшарт қалай жасалды, осындай өрескел заң бұзушылыққа кім жол берді, мұны да ешкім білмейді.

Қорыта айтқанда, ҚазҰУ 2021 «Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына «СК Самұрық-Құрылыс» ЖШС-іне 21.05.2020 жылғы «Консорциум құру туралы» шартты жарамсыз деп тану және оны мемлекеттік тіркеудің күшін жою туралы талап-арыз беріпті. Сот шешіміне сәйкес, тараптар арасында жасалған шарт жарамсыз деп танылды. Сот актісі заңды күшіне енді». Осымен әзірге іс тәмам.

«Самұрық-Құрылыс» ҚК» ЖШС жөніндегі ашық деректерді біз де іздеп көрдік. Ашық дереккөздерінде компания 2007 жылы 14 ақпанда құрылғаны туралы мәлімет бар. Компания басшысы ретінде Ерсұлтан Парменов деген азамат көрсетілген. Заңды мекенжайы Алматы қаласы, Әуезов ауданы, Ақсай 1а, 27а деп жазылған. Жұмысшылар саны 5 адамға дейін екені айтылыпты. 2014-2017 жылдары жалпы сомасы 13 миллион 688 мың 650 теңге салық төлеген (ҚазҰУ-дың ақпаратында бұл дерек 22 миллион деп айтылған). 2014 жылға дейін және 2018 жылдан кейін мемлекетке ешқандай салық төлемеген. Ал 2023 жылдың 14 қарашасына дейін 34 миллион 548 мың 958 теңге мемлекетке қарыз екені көрсетілген. Сондай-ақ үш іс бойынша сот ісі бар, бірақ оның қандай іс екені нақты айтылмаған. Бұдан өзге ешқандай дерек жоқ. Ресми сайтында көрсетілген телефонға бірнеше рет қоңырау шалдық, ешкім жауап берген жоқ. Содан соң компанияны тіркелген заңды мекенжайына іздеп барғанымызбен таппадық. Онда тұратын тұрғындардан сұрап едік, білмейтіндерін айтты.

Не дегенмен де Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен «Самұрық-Құрылыс» ҚК ЖШС арасында қомақты сомаға келісім жасалғаны рас, университет мұны «біз білмейміз, көрмедік, қол қоймадық» дейді. Сонда оған кім қол қоюы мүмкін? Негізгі болжам – жоғары оқу орнының сол кездегі ректоры Ғалымқайыр Мұтановқа қатысты. Себебі Ғ.Мұтанов 2010-2021 жылдары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тізгінін ұстады. Осы уақыт аралығында ректорға қатысты сын-пікірлер аз айтылған жоқ. Әсіресе университетке тиесілі жер телімдерінің бір бөлігі жекеменшікке өтіп кеткені жөнінде жиі айтылды. Кейіннен Ғ.Мұтанов жұмысынан кетіп, оның орнына бұрынғы білім министрі Жансейіт Түймебаев тағайындалды. «Жатақхана ісінің» бұрынғы ректормен қатысы болуы мүмкін екенінің тағы бір дәлелі – сот ісі Ғ.Мұтанов жұмыстан кеткеннен кейін қозғалған.

Біз бұрынғы ректор Ғалымқайыр Мұтановқа хабарласып, Түймебаев түсінбей жүрген құрылыстың анық-қанығын сұрадық. Ол:

«Бұл университетке жаңадан келген басшылық құрылысқа өз компанияларын әкелу үшін, біз әкелген «Самұрық-Құрылыстан» құтылу үшін айтқан аргументтері. Дәл қазіргі уақытта келісімшартта көрсетілген қаржыға дәл анадай құрылысты ешкім сала алмайды. Біз үкіметтен бір тиын да алғамыз жоқ. «Самұрық-Құрылыс» жатақхананы жыл аяғына дейін бітіріп береміз деген. Біз заңды түрде әкімшіліктің, министрліктің адамдарын шақыртып, шұңқыр қазып, капсула салдық, мұның бәрі келісіммен жасалған дүние. Бірақ кейін компанияны қуып жіберді. Ал, қазір университеттің кіммен, қалай соттасып жатқанын білмеймін», – деді.

Жатақхананы салатын инвестор – Baikadam ЖШС компаниясы. «Самұрық-Құрылыс» ҚК ЖШС соның қарамағындағы компания. Біз енді Baikadam ЖШС-ның бас директоры Арман Байқадамға хабарластық. Компания басшысы: «ҚазҰУ-дың айтып отырғанының бәрі жалған. Себебі мұндай қызметті оларға бізден басқа ешқандай компания ұсынған жоқ. Құрылыстың дайындық жұмыстары біткен кезде олар әртүрлі сылтаумен келісімшартты бұзды. ҚазҰУ енді жерін кепілге алмайтын, өз ашқасына жатақхана салып беретін мен сияқты инвестор таппайды. Мұны Түймебаевтың өзіне де айтқанмын. Содан бері қанша уақыт өтті, әлі инвестор табылған жоқ. Ал Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімін заңсыз деп есептеймін. Сондықтан мұны аяқсыз қалдырмаймын, жоғарғы сотқа, халықаралық сотқа дейін жеткіземін», – деді.

Мұтановтың, Байқадамның айтып отырғаны рас болса, Түймебаев бұл әрекетке қасақана барып отыр. Түймебаев басқарып отырған университеттің ресми жауабы әлгіндей, «біз қол қойған жоқпыз, білмейміз» дегенге саяды. Олардың сөзіне қарасаң, барлық құжатты Мұтанов өзімен алып кетіп, бұлар соны таппай қалғандай әсер қалдырады. Экс-ректор мен қазіргі ректор бір-біріне сілтеп, енді қанша уақыт жүреді? Жатақхана жетіспеушілігі туралы президенттің берген тапсырмасы ұмыт болатындай уақыт өткен жоқ, ал жатақхана құрылысының қашан жалғасатыны әлі белгісіз.

   Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ