Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
19:38, 22 Ақпан 2019

«Мұзбалақ» – халықаралық кинофестивальге қатысуда

Ресейде дәстүрлі өтіп тұратын «Дух огня» атты ХVІІ халықаралық фестивалі басталып жатыр.
Бұл кинофестивальдің ерекшелігі – жас режиссерлерге арналған, дебюттік кинокартиналар қатыстырылады. Фестивальге отандастарымыз Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуғазының толықметражды анимациялық «Мұзбалақ» атты картинасы қатысады.«Мұзбалақ» – толықметражды анимациялық фильм. Фильм «Дух огня» кинофестивалінің жасөспірімдер мен балаларға арналған фильмдер бақ сынайтын «Твое кино» конкурстық бағдарламасына қатысуда. Фестиваль наурыз айының 1-і мен 6-сы аралығында Ресейдің Ханты-Мансийск қаласында өтеді.Енді фильмнің өзіне келсек, мультипликациялық фильм бүркітті қолға үйретуді негізгі арқау етіп алған. Оқиға ерте заманды суреттейді. Сюжет бойынша, адам құсты қолға үйретеді, уақыт өте келе екеуі бір-біріне бауыр басып, сенімді серіктерге айналады. Осы кезде адамдардың кесірінен жер астынан айдаһарға айналатын әбжылан ұйқысынан оянып, адамзатқа зор қауіп төндіреді. Жер бетіне шыққан айдаһар жан-жағын жайпап, қазақтардың ауылына үлкен апат әкеліп, үрей туғызады. Аузынан жалын шашқан алып жылан жолындағының бәрін отқа орап, адам жеп дінігіп алған. Сондай бір сапарында ауылға жете берген жыланның жолына қыран бүркіт тосқауыл болады. Қыран балапанын қорғап, әбжыланмен қайтпай айқасады. Айдаһарға айнала қоймаған әбжылан ақыры қашуға мәжбүр болып, жер астына тығылады. Отқа оранған ұядағы балапанын аман-есен алып, қыран алысқа ұшып кетеді. Адам жеп дәніккен жылан өзінің айдаөарға айналар сәтін күтіп, күн тұтылар күнді асыға күтіп жатыр-мыс. Осы үшін адамға қыран бүркіттің достығы керек.Фильмнің негізгі сюжеті мен идеясы осыған негізделген. Сондай-ақ, фильмде қазақтың саятшылық дәстүрі кеңінен суреттеледі. Фильмнің қоюшы-режиссерлері Тілек Төлеуғазы және Тұрдыбек Майдан; Сценарий авторлары Ербол Бораншы, Тұрдыбек Майдан, Тілек Төлеуғазы, Адай Әбілда; қоюшы суретшілер Адай Әбілда, Тұрдыбек Майдан, Тілек Төлеуғазы және композиторы Әсет Даненов. Сонымен қатар, фильмді дыбыстауға Ержан Жарылқасынұлы, Жанат Тыныбаев, Самат Қордабай, Төлебаев Ерғали Дүйсенұлы, Алма Әділқызы есімді театр және кино актерлері қатысқан.  Фильмнің саундтрегін Ұшқын Жамалбек жазды.Фильмді жарыққа шығаруға екі жылға жуық уақыт кеткен. Кинематографияның осы жанрында еңбек етіп жүрген 40-қа жуық отандық мамандар жұмыс істеген. Ұзақтығы 65 минут құрайды. Мультфильм 2D және 3D форматында жасалған және әр секундтағы кадрға 24-25 сурет салынған.Фильм «Қазақфильм» киностудиясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген.  Авторлар қазақтың саятшылық, құс салу өнерін тек аң аулау ғана емес, адам мен құстың арасындағы достық, мейірімділік, табиғатты, қоршаған ортаны аялау туралы да ой тастауды көздейді. «Мұзбалақ» фестивальдің биылғы жаңалығы болайын деп тұр. Себебі бұған дейін халықаралық фестивальге анимациялық фильм қатыстырылмаған. Сол үшін де қатысушылар жүлдесіз қалмайтынына сенімді.– Бұл фестиваль көптен бері өткізіліп келеді. Алайда анимациялық фильм алғаш рет қатысып отыр. Ал бұл туынды біздің «Қазақфильм» киностудиясының мультфильмі екені екі есе қуантады. Фестивальдің атының өзі – «От рухы» – түркі әлеміне өте жақын таным. Сондықтан да біз «Мұзбалақ» мультфильмі жүлдесіз қалмайды деп сенеміз», – дейді картинаның сценарий авторларының бірі әрі қоюшы суретшісі Адай Әбілдинов.Фото: kazakhfilmstudios.kz
Тегтер: